ffin.kz

Қазақстанда атом электр станциясын қолдайтын азаматтардың саны артып келеді

Қазақстанда атом электр станциясын қолдайтын азаматтардың саны артып келеді kipd.kz

2024 жылғы 25 қыркүйекте Ақтау қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «SARAP» эксперттік клубының «Энергетикалық саясат және азаматтық жауапкершіліктің қоғамдық санадағы көрінісі» тақырыбында өңірлік отырысы өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz

Шара барысында Мемлекет Басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары қарастырылды. Сонымен қатар, күн тәртібіне сәйкес атом электр станциясының құрылысы бойынша алдағы референдум, энергетикалық саясат және Маңғыстау облысындағы энергетика саласының ағымдағы жағдайы талқыланды.

Кездесуге Маңғыстау облысы және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық кеңестер, партия өкілдері, ғалымдар, атом энергетикасы саласындағы мамандар, азаматтық белсенділер қатысты.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі тақырыбында Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев сөз сөйлеп, маңызды аспектілерді атап өтті:

«Президент биылғы Жолдауда Үкіметке Жаңаөзен, Қашаған және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырды. Сондай-ақ, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Бұл, әрине, адал еңбек, маңдай терімен қызмет етіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеруге жасалған қадам. Қазақстанда АЭС салу жалғыз өзі экономикалық және әлеуметтік мәселелердің жалғыз шешімі ретінде қабылданбауы керек. Алайда ол ғылым, технология, инфрақұрылым салаларын дамытудың қуатты катализаторы бола алады», – деді Олжас Бейсенбаев.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев референдумның маңыздылығын баса айтты:

«Жалпы референдум өткізу Мемлекет басшысы бастаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының практикалық тұрғыда орындалуының бір көрінісі. Ауыл әкімдерін сайлау, келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау процесінің іске қосылатыны, елді толғандырған маңызды сұрақтарға қатысты референдум өткізу елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін оң өзгерістер. Алдағы референдум өркениетті демократиялық процестердің орнығуына, азаматтық жауапкершіліктің артуына септігін тигізеді деп есептеймін», – деді ол.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС БН-350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұлов өз баяндамасында Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың маңыздылығына тоқталды:

«Атом энергетикасы энергиямен жабдықтауды дамытуға және экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Ол сенімді, экологиялық таза және жоғары тиімді электр энергиясын өндіруді қамтамасыз еткендіктен, қазір әлемде таптырмас энергия көзі болып отыр. Сонымен қатар, Қазақстанда АЭС салу компанияларды дамыту, біліктілігін арттыру және жұмыс орындарын құру арқылы жергілікті өнеркәсіпке пайда әкеледі. Жергілікті компаниялар жұмыстың едәуір бөлігін орындайды, бұл олардың әлеуетін арттырып, өндірістің өсуіне ықпал етеді. Жоғары технологиялық жобаларға қатысу жергілікті мамандарға тәжірибе жинақтауға және кәсіби өсуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының директоры Киікбай Жаулин болашақта энергия тапшылығының алдын алу үшін атом электр станциясын салудың маңыздылығына назар аударды.

Отырыс қорытындысы бойынша басқа да сарапшылар энергетикалық саясаттың маңызды мәселелерін атап өтіп, бірқатар ұсыныстар жасады. «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыруда азаматтық қоғамның рөлін атап өтті. Сонымен бірге, «Amanat» Маңғыстау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Анар Шамшадинова саяси шешімдер қабылдаудағы жастардың белсенділігі туралы ой қозғады. Пікірталас қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар ұсынысты ортаға салды.

Отырыс барысында «SARAP» эксперттер клубы Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған телефон арқылы сауалнама нәтижелерін жариялады.

Сауалнама нәтижелері бойынша референдумға электоралды қатысу деңгейі келесі сандармен сипатталды:

  • Сауалнамаға қатысушылардың 64%-ы қандай да бір дәрежеде референдумға баруға дайын екенін білдірген.
  • 45,4%-ы АЭС салу жөніндегі референдумға нақты қатысатынын айтқан.
  • 18,6%-ы референдумға қатысуға тырысатынын хабарлаған.
  • 16,6%-ы референдумға қатыспайтынын білдірген.
  • 10,5%-ы қатысу туралы әлі шешім қабылдамаған.
  • 8%-ы референдум туралы алғаш рет естігенін мәлімдеген.
  • 0,9%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.

Референдумға қатысуға дайын азаматтардың ішіндегі 67,4%-ы АЭС құрылысын қолдайтынын, 22,8%-ы қарсы дауыс беруді жоспарлап отырғанын айтқан. Ал, респонденттердің 9,8%-ы өз ұстанымын әлі анықтамаған.

Жалпы, Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген телефон сауалнамасының нәтижелері референдумға келуге дайын азаматтар санының өскенін және Қазақстанда АЭС салу идеясын қолдайтындардың көбеюін көрсетеді. Осылайша, референдум нәтижесінде көпшілік АЭС салу шешімін қолдайды деп болжауға болады.

Анықтама:

«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша 2024 жылғы 17-24 қыркүйек аралығында қазақстандықтардың АЭС салуға және референдумға қатысты көзқарасын зерттеу мақсатында телефон сауалнамасын жүргізді. Сауалнама Қазақстандағы 18 жастан асқан азаматтардың жынысы, жасы, қоныстану түрі және тұрғылықты жері бойынша қамтитын жалпыұлттық іріктемеге сәйкес өтті. Іріктеме көлемі 1200 респондентті құрады. Сауалнама Қазақстанның 17 облысы және Астана, Алматы, Шымкент қалаларын қамтыды. Сауалнама ҚР ОСК 2024 жылдың 17 қыркүйегіндегі ресми хабарламасына сәйкес өткізілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40