ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмоновпен кездесу өткізді.
Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара іс-қимыл Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz
2023 жылы АӨК өнімі бойынша тауар айналымы 1,7 млрд АҚШ долларын құрады, 2023 жылы Өзбекстанға 1,51 млрд АҚШ долларына өнім экспортталды. 2024 жылғы қаңтар-маусымда тауар айналымы 758 млн.АҚШ долларын, экспорт - 635,7 млн. АҚШ долларын құрады.
"Өзбекстан-біздің негізгі сауда серіктесіміз және сіздермен өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында ынтымақтастықты нығайтуға, өнім экспортын кеңейтуге мүдделіміз.
Ағымдағы жылы біз 23 млн гектардан астам алқап егіп, дәнді дақылдардың жақсы өнімін күтеміз. Бұдан басқа, азық-түлік корпорациясының ресурстарында 1 млн.тоннадан астам астық бар және жеткізуге дайын.
Ет өнімдерін жеткізуді ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінде экспорттаушы кәсіпорындардың тізілімінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін 80 қазақстандық кәсіпорын бар, олардың 14-і ағымдағы жылы енгізілген, 130-дан астам кәсіпорын енгізуді күтуде", - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Жол картасы шеңберінде инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Атап айтқанда, халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағында астықты терең өңдеу және өсімдік майын тазарту бойынша екі жобаны іске асыру жоспарлануда. Түркістан облысында қуаттылығы тәулігіне 1500 тонна болатын 10 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу кешені салынуда.
Пысықтау сатысында - Түркістан облысының Жібек шаруашылығы саласын дамыту, ҚР аумағында дәнді және жемшөп дақылдарын бірлесіп өсіру жөніндегі жобалар.
Қазақстандық тарап үшін Өзбекстанның былғары шикізатын өңдеу тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.
"Қазақстанда теріні бастапқы өңдеу бойынша 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қуаттылығы 3,3 млн. данаға дейін ірі қара терісін және 4 млн. данадан астам ұсақ мал терісін өңдеуге мүмкіндік береді. Алайда, өндірістер тек 20-30% жүктелген. Теріні қайта өңдеу жобаларын құруды қолдауға дайынбыз?
Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, мақта өсіру бағыты бойынша ынтымақтастық біз үшін перспективалы болып табылады", - деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, елімізде мақта шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы шитті мақтаның сапасын жақсарту мақсатында Өзбекстаннан 1500 тоннаға жуық жоғары репродукциялы тұқым импортталды.
Тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту үшін Өзбек инвесторларымен бірлесіп Мақтаарал ауданында құны 21 млрд.теңге болатын мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб құру жоспарлануда. Жобаның қуаттылығы 160 мың тоннаны құрайды. Жоба 2026 жылдан 2027 жылға дейін толық циклде іске қосылады.
"Біз ынтымақтастықты нығайту және ауыл шаруашылығын бірлесіп дамыту бойынша барлық ұсыныстарды қолдаймыз. Бұл үшін көптеген мүмкіндіктер бар, үлкен әлеует бар және оны барынша пайдалану қажет. Жол картасының барлық тармақтары Сіздің қолдауыңыздың арқасында орындалды, бірнеше бағыт бойынша жақсы нәтижелер бар. Күнбағыс пен теріні өңдеу мәселелеріндегі ынтымақтастықты қарастыруға дайынбыз", - деді Иброхим Абдурахмонов.
Кездесу соңында министрлер Қазақстанда дәнді және майлы дақылдарды өсіру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.