Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданындағы бірқатар өндірістік және логистикалық нысанды аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен, жаңа жұмыс орындарының құрылуымен және өндіріс үдерісіне заманауи технологиялардың енгізілуімен танысты.
Алғашқы нысан – заманауи «Damiani» уақытша сақтау қоймасы. Кәсіпорын жалпы құны 7 млрд теңгеден астам «А» санатындағы қойма кешенінің бірінші кезеңін іске асырды. Оның аясында 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қойма кешені халықаралық стандарттарға сай және экологиялық тиімділік бойынша BREEAM сертификатына ие (бағалау деңгейі – GOOD).
Кешен аумағында әлемдік жетекші брендтер – Komatsu, Toyota Motors және Спортмастер орналасқан. Сондай-ақ, Toyota компаниясының 1 мың шаршы метр аумақты қамтитын оқу орталығы ашылды. Мұнда Қазақстан мен Қырғызстан автосалондарының қызметкерлері оқытылады. Қазіргі уақытта жобаның екінші және үшінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр, оның аясында жалпы ауданы 37 мың шаршы метр болатын қойма ғимараттары салынады. Жалпы инвестиция көлемі 15 млрд теңгеден асады.
Келесі нысан – логистикалық және қойма қызметтерін көрсететін «ILP Group» ЖШС. Компания жалпы ауданы 100 мың шаршы метрден асатын заманауи логистикалық парктер желісін басқарады.
Кәсіпорында 178 адам еңбек етеді, ал 2024 жылы салық төлемдері 450 млн теңге болды. Компанияның тұтынушылары қатарында Sulpak, Air Astana, DHL, Мечта Маркет және OSG Records Management бар. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 32 мың шаршы метр болатын жаңа қойма құрылысы қолға алынған. Инвестиция көлемі 13 млрд теңге, жоба 2026 жылдың II тоқсанында аяқталады.
Содан кейін қала әкімі «Интер Мульти Сервис» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұл қағаз және картон қаптамасының жетекші өндірушісі. Кәсіпорын 1995 жылдан бері жұмыс істейді және қайта өңделген шикізаттан өнім шығарып, Қазақстан мен ТМД елдерінің нарығын қамтамасыз етеді, осылайша экологиялық тұрақтылыққа үлес қосып отыр.
Мұнда 250 қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 36 мың тоннаға дейін қағаз және картон және 37 млн м² гофроөнім шығарады. Компанияның серіктестері қатарында Coca-Cola Kazakhstan, Каз Снек Сауда, Kulikov, Сұңқар, Nauryz Agro KZ және Алматылық ашытқы зауыты бар.
Жұмыс сапарының соңғы нысаны – «СВС-Модуль» ЖШС зауыты. Ол блокты-модульдік ғимараттар мен металл құрылымдар өндіруге маманданған. Кәсіпорын 2006 жылдан бастап жұмыс істейді және жыл сайын 5 мың тоннаға дейін металл құрылымдарын, сондай-ақ 50 мың шаршы метр модульдік ғимараттарды шығарады.
Зауыт ҚазЦинк, ERG, Казақмыс, KazMinerals сияқты Қазақстанның ірі өнеркәсіп компанияларымен серіктестік орнатқан. Өндіріс алаңы заманауи жабдықтармен және жеке теміржол инфрақұрылымымен қамтылған, бұл өнімді дайындаудан бастап жөнелтуге дейінгі толық циклды қамтамасыз етеді.
Дархан Сатыбалды атап өткендей, отандық өндірушілерді қолдау және логистикалық инфрақұрылымды дамыту – Алматының инвестициялық тартымдылығын арттыру мен өнеркәсіптік әлеуетін күшейтудің негізгі бағыттарының бірі.
Әкім экологиялық технология енгізу, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу қаланың экономикасын орнықты дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті.