Алматыда Әбдіжәміл Нұрпейісовке арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, публицист, аудармашы және қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған халықаралық жазушылар конференциясы өтті.
Конференцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара Әбдіжәміл Кәрімұлының қоғамдық қызметінің маңызды кезеңдерін аша отырып, оның рухани мұрасын жас ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.
Іс-шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар, ақын-жазушылар, тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Конференция қатысушылары Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы туралы баяндамалар жасап, оның қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесін талқылады.
Конференция аясында белгілі кинорежиссер және сценарист, халықаралық сыйлықтың лауреаты Сергей Әзімовтің "Соңғы жол" атты болашақ фильміне арналған үзінді көрсетілімі де өтті.
Керек дерек
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған.
1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тіліне аударылған.
«Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды. «Соңғы парыз» роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.
А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.
Алматы қаласының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері.
Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы
Андре СТИЛЬ, француз жазушысы
«Осы бір ұлы романдағы сан қырлы, алуан бояулы дала мен оны мекен ететін халық өзінің бейтаныс әрі таңсықтығымен ежелгі бір далалық ауызекі тілде айтылған эпопея секілді бізді еліктіріп алып кетеді».
Луи АРАГОН, француз жазушысы
«...Нұрпейісов пен Әуезовті салыстырғанда тым қарапайым болудың қажеті жоқ, өйткені «Ымырт» қазақ романының прогресіндегі жаңа баспалдақ. «Абай жолы» романын белгілі бір деңгейде Гетенің «Вильгельм Мейстерімен» қатар қоюға болады. Бұл екі роман да адам мінез-құлқының қалыптасуын көрсетудің әлі ешкім асып өте алмаған жарқын үлгілері. Ал Нұрпейісовтің романы болса, осы кітаптар тақылеттес.
«Ымырт» романы суы ащы шөлдегі шыңырау құдық секілді (автор өз кітабында адам рухының өжеттігін көрсететін көпмәнді эпиграфты тектек-тек қолданып отырған жоқ қой). Нұрпейісовтің «Ымырт» романы секілді терең әрі тартымды кітаптар кейінде жазылған жоқ. «Ымыртты» қазіргі америкалық, француздық, не болмаса басқа да заманауи әдебиеттегі үлкен шығармалармен қатар қоюға әбден болады».
Аугуст ВИДАЛ, испаниялық әдебиет сыншысы
«Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті «қазақ әдебиетінің Шолоховы» деуге болады».
Герольд БЕЛЬГЕР, аудармашы, сыншы
«Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды».
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
«Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн болған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған «зая ғұмыр әдебиеті» деп ат қойсақ жарасатындай. Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді».