Қателесуге болмайтын таңдау

Қателесуге болмайтын таңдау Сурет: Жадыра Тойбай

Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Мектеп бітіруші түлектер үшін үлкен өмірге — яғни мамандық таңдап, жоғары оқу орнына түсетін кезеңге қадам басар сәт те таяп келеді. Ала жаздай мемлекеттік гранттың нәтижесін тағатсыздана күтіп, студент атануға үміт артатын шақ бұл. Дегенмен елімізде мамандық таңдауда жүрек қалауына емес, тек ҰБТ ұпайына немесе ата-ананың шешіміне сүйенетіндер әлі де көп.

Жуырда Алматыда еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтар, кәсіби бағдар берушілер, психологтар мен білім саласының мамандары ІІ Республикалық кәсіби бағдар форумы аясында бас қосты. 

Форум аясында Қазақстан бойынша келген жылдың үздік профориентологтары марапатталып, осы сала бойынша біліктілігін арттырған мамандарға арнайы сертификаттар табысталды.

Енді әңгімеміздің ауанын профориентологтарға, яғни кәсіби бағдар беруші мамандар жайында кеңірек айтуға қарай бұрсақ. 

Мемлекет жыл сайын мыңдаған білім грантын бөледі. Бұл — қомақты қаржы. Бірақ, өкінішке қарай, сол грант иегерлерінің бірқатары таңдаған мамандығына қызығушылық танытпай, екінші курстан кейін оқудан шығып кетеді немесе диплом алғанымен, сол салада жұмыс істемейді. Нәтижесінде, маман тапшылығы артып, мемлекет бөлген қаражат тиімсіз жұмсалады.
Осы олқылықты болдырмау үшін кәсіби бағдар беру саласының маңызын арттыру қажет. Жоғары оқу орнына дейін оқушыларды дұрыс бағыттау – еліміздің де, әр азаматтың да болашағы үшін аса маңызды қадам.

Жақсы жаңалық – биылдан бастап еліміздің әр мектебінде ресми түрде педагог-профориентологтар жұмыс істей бастайды.

Бұл туралы «Профориентологтар ассоциациясының» басқарма төрайымы, PhD Жадыра Тойбай былай дейді:

«Биылдан бастап еліміздің әр мектебінде педагог-профориентолог деген қызмет түрі ашылып, осы мамандар ресми түрде жұмыс істей бастайды. Қазіргі кезде осы саланың мемлекеттік деңгейде қолдау тауып жатқаны бізді қатты қуантады. Республикалық форум да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Демек, мақсатымыз — Қазақстанда жұмыс істеп жатқан барлық кәсіби бағдар берушілердің басын қосып, байланыс орнату, ортақ мәселелерді талқылау және нақты шешімдер ұсыну».

Жадыра Тойбай бұл саламен он жылдан бері айналысып келеді. Ол еліміздегі кәсіби бағдар беру саласының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы бізге кеңінен әңгімелеп берді.

– Біздің қоғамда профориентолог кеңесіне жүгініп, мамандық таңдау қаншалықты кең таралған?
– Қазіргі таңда мамандығын дұрыс таңдауға ниетті оқушылар көп. Бірақ сол таңдауға көмектесетін маманға баратын ата-аналар аз. Көпшілігі профориентолог кеңесінің маңыздылығын әлі де жете түсіне бермейді. Сондықтан бұл мәдениет елімізде әлі төмен деңгейде. Болашақта ата-аналар баласын маманға апарып, бағыт-бағдар алуға көбірек көңіл бөледі деп сенемін.
– Сізге жыл сайын қанша адам кеңес алуға жүгінеді?
– Көбіне қалалық мектептерден ата-аналар мен оқушылар келеді. Ауылдық жерлерде бұл бағыт әлі де елеусіз қалып отыр. Күніне 3-4 адам хабарласады, бірақ соның ішінде 1-2-сі ғана нақты жеке кеңеске жазылады. Жыл ішінде бар болғаны 300-дей адам ғана кәсіби бағдар алу үшін кеңеске тіркеледі. Бұл – елімізде жыл сайын 150-170 мың оқушы мектеп бітіреді дегенді ескерсек, өте төмен көрсеткіш.
– Балаға мамандықты қандай жастан бастап таңдатқан дұрыс?
– 7-сыныптан бастап баланы мамандыққа бағыттау маңызды. Бізде, өкінішке қарай, көбісі ҰБТ тапсырып болған соң ғана қай оқу орнына түсе алатынын зерттей бастайды. Ал 8-9-сыныптарда-ақ баланың қабілеті, қызығушылығы, қандай салаға бейім екені анықталуы тиіс. Сонда ғана ол болашағын дұрыс жоспарлай алады.
– Бір баланы бағыттау үшін қанша уақыт қажет?
– Кемі үш консультация қажет. Алғашқы кездесуде танысып, түрлі тесттер өткіземіз. Бұл тесттерге 3-5 сағат уақыт кетеді. Екінші кездесуде нәтижелерді саралап, баланың бейімі мен болашақ мамандығына байланысты бағыт ұсынамыз. Үшінші кездесу кезінде сол мамандыққа қай ЖОО-ға түсуге болатыны, қанша ұпай қажет екені, болашақта қай салада жұмыс істейтініне дейін толық ақпарат береміз.
– Профориентологтарды ЖОО-да оқыту керек пе, әлде курстар жеткілікті ме?
– Міндетті түрде ЖОО-да арнайы білім беру бағдарламасы болуы керек. Себебі бұл — баланың тағдырына әсер ететін сала. Сол себепті кәсіби бағдар беруші толыққанды білім алуы тиіс. Қазір курстар арқылы оқытылып жатқандар бар, бірақ болашақта 4 жылдық арнайы бағдарлама енгізіледі деген үміттеміз.

Айта кетейік, биылғы наурыз айында әр мектепке кәсіби бағдар беруші үшін жеке штат бөлу туралы бұйрық қабылданды. Бұл — мемлекеттің осы салаға бет бұрып, мамандар жұмысына мән бере бастағанының нақты белгісі.

Қазіргі таңда еліміз мектептерінде 1 159 педагог-профориентолог қызмет етуде. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
28
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:04

17:57

17:28

17:13

16:14

16:12

16:09

16:06

16:05

15:59

15:56

15:40

15:20

15:10

14:48

14:37

14:31

14:23

14:08

12:52

12:47

12:28

12:17

12:14

12:12