ffin.kz

Қаралау науқанының қасіреті

Қаралау науқанының қасіреті

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні


 


Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты Жаухар Сапақызы неге қуғындалды?





  • Биылғы жылдың 24 сәуірінде ғасырмен құрдас апамыз, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Жаухар Сапақызы дүниеден озды. Оның есімі Алматы қаласынан сайланған 15 депутаттың арасында Иосиф Сталин, Жұмабай Шаяхметов (1946–1954 жылдары Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы), Нұртас Оңдасынов (19381951 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы), Күләш Бәйсейітова, Балжан Бөлтірікова (мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат-әйел) сияқты атақты тұлғалармен қатар аталған еді...


 


Ғылымға құштар жас маман


Біздің кейіпкеріміздің өмір жолының кейбір сәттеріне тоқталсақ, Жаухар Сапақызы Куленова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы болып ұзақ жыл еңбек еткен. Жеке іс қағаздарына үңілсек, қазақ, орыс тілдерімен қатар неміс, ағылшын тілдерін де жақсы меңгергенін, диплом қосымшасында бір ғана пәннен «жақсы», қалған пәндердің бәрі «өте жақсы» деп көрсетілгенін бағамдаймыз. Ғылымға құштар жас маман 1949 жылдың күзінде ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасына қабылданады. Кандидаттық диссертациясы «Қазақстандағы Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісі» атты тақырыпқа арналады, жетекшісі ретінде институттың «Революцияға дейінгі Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, сол кезеңде тарих ғылымының кандидаты Бек Сүлейменов бекітіледі. Бірақ жас ғалымның аспирантурадағы оқу мерзімі 1952 жылы аяқталғанымен, диссертация қорғалмады. Неге?


 


Қыспақ және депутаттық мандат


Соғыстан кейінгі кезеңнің алғашқы жылдары КСРО-да 1937–1939 жылдарда жүргізілген саяси қуғын-сүргін басқаша формада болса да қайта жалғасын тауып, алдыңғы қатардағы зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшырайды. Оның басты себебі – КСРО-ның саяси жетекші  күші КОКП соғыстан кейін пролетарлық интернационализм идеясының орнына біржақты ұлыдержавалық-шовинистік көзқарастарға негізделген саясат жүргізе бастады. Ұлттық республикаларда патриотизм бағытындағы гуманитарлық ғылымдар бойынша зерттеулер жүргізген авторлар, ұлт зиялылары, ұлттық әдебиет пен тарихты шынайы зерттеген мамандар қуғындалды. Сол жылдардағы көрнекті ұлт зиялылары – Қ.И.Сәтбаев, М.О.Әуезов жұмыстарынан шығарылып, қуғындауға ұшыраса, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.С.Сүлейменов, Е.Бекмахановтар сотталып, лагерьлерге айдалды. Ал 1952 жылдың 17 шілдесінде Жаухар апайдың ғылыми жетекшісі Бек Сүлейменов тұтқындалды. Бір жарым айдан кейін, 5 қыркүйек күні Е.Бекмахановтың өзі де тұтқындалып, тергеу жұмыстары басталып кетеді.  Ғылыми жетекшіге қарсы бағытталған қаралау науқаны осылай тұтқындаумен, оның арты сотталып, Иркутск облысындағы лагерьлердің біріне айдалумен аяқталады. Қаралау науқанының қасіреті, оның  салқыны аспирантына да тиіп, кандидаттық диссертациясын қорғамақ түгілі, өзінің аман қалуының өзі бас қайғыға айналады. Біздің ойымызша, Жаухар апайдың кандидаттық диссертациясын уақытылы қорғамауы және 1952–1958 жылдары жұмыс орнын жиі ауыстыруы осы саяси қуғын-сүргіннің тікелей салқыны деп білеміз. Жаухар Сапақызы өзінің диссертациялық жұмысына қайта оралуға тек 1958 жылы ғана мүмкіндік алды. Оған дейін Алматыда әртүрлі қызметтер атқарды.


Студенттік жылдарда сабақты үздік оқыған Жаухар Сапақызы институттың қоғамдық өміріне де белсене араласты. Ғылым академиясында жұмыста жүргенде, жоғары биліктегілер әрі жас, әрі белсенді, әрі жоғары білімді, қазақ, орыс тілдерін жетік меңгерген тарихшы-аспирантқа сенім артып, тіпті оны Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттығына да ұсынды. Сөйтіп, Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының аспирантурасында оқып жүргенінде-ақ, 1951 жылы 18 ақпандағы сайлау қорытындысы бойынша Жаухар Куленова Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. Оның есімі Алматы қаласынан сайланған 15 депутаттың арасында Иосиф Сталин, Жұмабай Шаяхметов (1946–1954 жылдары Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы), Нұртас Оңдасынов (1938–1951 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы), Күләш Бәйсейітова, Балжан Бөлтірікова (мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат-әйел) сияқты атақты тұлғалармен қатар аталды. Сол кезеңде депутаттық мандатқа ие болу үшін қандай талаптар қойылатыны белгілі. Әлі отызға да толмаған жас маман үшін республикалық деңгейде депутат мандатын иелену – зор жауапкершілік әрі жоғары биліктің оған деген зор сенімі еді. Апайымыздың қоғамдық-саяси өмірдегі жолы осылайша жарқ етіп сәтті басталғанымен, өкінішке орай, нәубет жылдардағы кеңестік саясаттың кесірінен ғылымдағы жолына балта шабылды...


 


Жылымық жылдар жаңғырығы


1958-1959 жылдар аралығында Академияның «Сирек кітаптар және қолжазбалар қоры» секторында жұмыс істеген аз ғана уақыт Жаухар апайдың ғылым жолындағы ерекше айтылар кезең. Осы жұмыста жүріп апайымыз Қазақстан мұсылмандарының орталығы – Қазиятпен байланыста болады. Бұл кезде Қазиятта діни қайраткер Сәдуақас Ғылмани  (1890–1972 жылдары өмір сүрген, 1952–1972 жылдары қазият басқарған) басшы болып, өзінің атақты 5 томдық арабша-қазақша сөздігін жазды. Араб тіліндегі көптеген еңбектердің қазақшаға аударылған кезі де осы уақыт аралығы. ҚазКСР Ғылым академиясының арнайы тапсырысымен Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармалары қазақ тіліне аударылды. Академия мен Қазият арасындағы бұл ғылыми-шығармашылық байланыс осы «Сирек кітаптар және қолжазбалар қоры» секторы мамандарына жүктелген еді. Жаухар апайдың туған сіңлісі, сексеннің үстіндегі София Сапақызының айтуынша, Қазиятпен байланысы үшін арнайы қызмет ұйымының қызметкерлері Жаухар Куленованың соңынан түсіп, оны қатаң бақылауға алды. Бірнеше рет олардың шақыруымен мекеме кабинеттерінде де болып, түсініктеме де жазды. Тек Сталиннің өлімінен кейін ғана тоталитарлық жүйенің қысымы біршама жұмсарды. Бірақ содан кейін де әлі де болса, жүйенің қоғам мен оның азаматтарын қатаң бақылауда ұстап отыруы жалғасып жатты. Бақылау кейде ашық, кейде жасырын түрде үзбей жүргізілді. Мұндай психологиялық қысым мен өзара сенімсіздік жағдайлардан кейін Жаухар апай академиядағы жұмыстарын тағы да тастауға мәжбүр болды. Тек Сталиннің өлімінен кейін жылымық жылдар басталғанда айдаудан оралып, еліміздегі жалғыз университеттің Тарих факультетіндегі Қазақ КСР тарихы кафедрасында меңгеруші болып жұмыс істеп жатқан Ермұхан Бекмаханов Жаухар Куленованы кафедраға жұмысқа алуына қарағанда, профессордың адам тани білетіндігі мен оның адамгершілік қасиеттерін сыйлағандығы және апайымыздың ғылыми жетекшісіне деген құрметтің болуынан деп түсінеміз. Сөйтіп, 1959 жылдан бастап, 1984 жылы зейнетке шыққанға дейін – 25 жыл бойы Жаухар Сапақызының өмірі университетте, Қазақстан тарихы кафедрасында өтті.


Зиялы қауым арасында ғасырды бағындырып, одан әрі бір ай және бір күн өмір сүрген ғалым-ұстаз Жаухар Сапақызы Куленованың өмір жолы осындай.


 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05