ffin.kz

Орта Азиядағы су түйткілі: Тіршілік нәрі ЕАДБ ұсынған 10 нақты қадам  

Орта Азиядағы су түйткілі:  Тіршілік нәрі ЕАДБ ұсынған 10 нақты қадам    Сурет: ашық дереккөз

Су мәселесі – Орта Азиядағы ең күрделі мәселелердің бірі. Әсіресе, еліміз үшін бұл түйткілді шешуде көршілес елдермен тығыз ынтымақ орнату айрықша маңызды. Аймақ елдері жұмыла іске кірісіп, мәселені ертерек қолға алудың қажет екені жыл өткен сайын айқындалып келеді. Себебі, Еуразия кіндігіндегі осы бір өңірдің болашақ картинасында су ресурсы қазіргіден де маңызды бола түспек. Тіпті, аймақтың болашағы туралы түрлі болжамдардың арасында су үшін қақтығыстардың орын алу ықтималдығы да қарастырылып жатады. Ұдайы айтылып жататын бейбітшілік пен тұрақтылық тұрғысынан да алдағы күнде су ресурстары басты фактордың бірі ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан да бұл тақырып қазір аймақ елдері ғана емес, сырт тараптың да, халықаралық ұйымдар мен ірі инвесторлардың да назарын өзіне аударып отыр.



  • Алматыда «Орталық Азияның тұрақты дамуына жәрдемдесу» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өтті. Жиын аясында Еуразиялық Даму Банкі аймақтағы суды пайдалану мен суармалы алқаптардың тиімділігін арттыруға қатысты нақты ұсыныстарын жария етті. Бұл ұсыныстар аталған халықаралық қаржы ұйымының білікті мамандары жағынан жүргізілген ғылыми зерттеуді негіз еткенін атай кетейік.


Шын мәнінде, аймақтың болашақтағы тұрақты дамуы мен гүлденуінде сөз етілген тақырыптардың қай-қайсы да өз алдына маңызды. Дейтұрғанмен, біз ел азаматтары әлі де толық ескермей жатқан аймақтағы су мәселесінің маңыздылығын бөле-жара сөз еткіміз келеді.


      Сонымен, аталған отырыста ортаға салынған ғылыми деректерді, бағалаулар мен болжамдарды, соған сай ұсынылған нақты ұсыныстарды зерделеп көрелік.


 Аймақ мәселелерін талқылаған алаң


Еуразиялық Даму банкі ұсынған алаңда отандық және алыс шетелдерден келген сала мамандары аймақтағы су ресурстары мәселесін талқылады. Қазірге дейінгі қалыптасқан жағдайға баға беріп, су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын қарастырды. Тақырыптың аясында климат өзгерісінің аймаққа тигізетін әсерлері де сөз етілді. Жасалған ғылыми баяндамалар арасында ЕАДБ мамандары ұсынған «Орталық Азиядағы тиімді суару және суды үнемдеу» деп аталатын ауқымды есеп көпшілік назарын аударды. Бұл баяндама арқылы аймақтағы су тапшылығының ең көрнекті себебі тиімсіз ирригация жүйесінде екенін анық білуге болады.


Халықаралық жиын тек аймақтағы су ресурстары мәселесін ғана қарастырған жоқ. Орта Азияның тұрақты дамуына қатысты ауқымды тақырыптар сөз етілді. Қатарында инвестиция ағымын қалыптастыру, инвестициялық ұйымдардың аймаққа болған қызығушылығын арттыру, аймақ елдерінің ішкі интеграциясының жай-күйі де жеке-жеке сессияларда сөз болды.


Су тапшылығы: ең негізгі бес себеп



  • Елімізді қамтыған Орта Азия аймағы әлемдегі суармалы егін шаруашылығы ең ерте дамыған аймақтың бірі. Әлемдегі суармалы алқаптар көлемінің 2,9 пайызын иеленеді. Әрі аймақтың экономикалық табысы үшін де аса маңызды. Тиімсіз суармалы жүйесіне қарамастан аймақ тұрғындары 66% табысын осы саладан алады. Біз төменде ирригацияны қамтыған Орта Азиядағы су мәселесін ең негізгі проблемаларын тақырыпшаларға бөліп айтып өтелік (келтірілген деректерді ЕАДМ ұсынған).


Тиімсіз суармалы (ирригация) жүйе: ЕАДБ мамандары ұсынған ғылыми деректерге сай, аймақтағы су тапшылығының ең негізгі себептерінің бірі – тиімсіз ирригация жүйесі. 2020 жылғы есепке сай ОА-дағы бес елде суармалы егіс алқаптарының жалпы көлемі 10,1 миллион гектар. Осының жартысына жуығы, яғни шамамен 4,3 млн/га суармалы алқап Өзбекстанға тиесілі. Суармалы егін шаруашылығына негізделген экономиканың бұл секторы барлық тұтынатын су қорының 80 пайызын иеленеді (2020 жылы жалпы 127,3 км³ су пайдаланылған болса, осының 100,4 км³ көлемі суармалы алқаптарға кеткен). Әрі аймақтағы ирригация жүйесі ұзақ уақыттан бері суды тиімсіз пайдаланатын сала ретінде айтылып келе жатыр. Себебі, суарылатын алқаптардың 50 пайызында топырақ қабаты сор тартқан. Ирригациялық жүйе инфрақұрылымдарының қолданыста болуы 50 жылдан асып кеткендіктен, түгелге жуық жаңартуды қажет етеді. Бұндай ескірген суару жүйесінің себебінен егіс алқаптарына бағытталған судың 40%-ы тоған-арықтарға сіңіп кетеді. Міне, мұндай тиімсіз жүйе, аймақтағы су қорының өте көп бөлігін ысырап етуде. Сондықтан да отандық және шетелдік ғалымдар осы саланы ертерек ретке келтіруге көбірек кеңес беруде.


Су қорының табиғи тапшылығы: Бұл – аймақтың айқын географиялық ерекшеліктерінің бірі. Су қоры тапшылығы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын басты шектеуші фактор деуге де болады. Әрі ол жылдан-жылға ауырлай түсетін салмақты мәселе болуы мүмкін. Әлемдегі басқа өңірлермен салыстырғанда, ОА-да температура тез көтеріледі. Маусымаралық температуралық парық өте зор. Бұл табиғи өзен-көлдегі су қорының булану процесін тездететін табиғи фактор.


Климат өзгерісінің әсерлері: ОА әлемде климат өзгерістері ең айқын көрініп жатқан аймақтар қатарына жатады. Ғалымдардың пікіріне сай, Орта Азия аймағы климат өзгерістеріне көбірек зардап шегетін аймақ болуы мүмкін. Өңірде құрғақшылық пен су тапшылығы кезеңдері жиілеп, мерзімі де барған сайын ұзара түсуде. Оған қоса өзен-көлдердің гидрологиялық режимдері өзгеріп жатыр. Бұл жерасты су қорларына да қатысты екенін айта кеткен жөн. Ал аймақтағы мұздықтар қарқынды еріп жатқаны көптен айтылып келеді. Айталық, соңғы 30 жылда ОА тауларындағы мұздықтардың 30 пайызы еріп жоғалған.


Тұтыну қажеттілігі жыл сайын өсуде: Аймағымызда халық саны тым тығыз болмағанымен, демографиялық өсімі қарқынды аймақ ретінде қарастырылады. Халық санының өсімі және біртіндеп ұлғая түскен өнеркәсіптің, ауылшаруашылығы мен тұрмыстық қажетсінудің көлемі де су қорына өз әсерін тигізуде. Бұл салаларда да суды тиімсіз пайдалануға қатысты мәселелер көп.


Ауғанстан факторы: Бұл мәселе қазір айрықша аталып жатқан жоқ. Әйтсе де, аймақтағы су мәселесінде өзіндік орны бар. Ауғанстандағы ұзақ жыл жалғасқан соғыс ондағы ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптің суды пайдалану мөлшерін тежеп келді. Қазір салыстырмалы түрде тұрақтылыққа бет алған ауған жұрты енді өз территориясындағы су қорларын пайдаланудың жаңа деңгейіне өтетінін аңғартуда. Айталық, тәліптердің жаңа канал құрылысын бастауы ОА елдерін белгілі деңгейде алаңдата бастады. Болашақта Ауғанстанның өз территориясынан өтіп біздің аймаққа кіретін су қорларын игеруі арта түссе, бұл ОА-дағы су мәселесін тағы бір есе қиындата түсуі мүмкін.


ЕАДБ ұсынған 10 нақты қадам



  • Аталған халықаралық банк мамандары аймақтағы су пайдалану мен суармалы алқаптардың тиімділігін арттырудың 10 нақты қадамын ұсынған болатын. Бұл қадамдар 2028 жылға болуы мүмкін су тапшылығының ең ауыр жағдайларының алдын алуға бағытталған ұсыныстар саналады.



  1. Орта-азиялық су-энергетикасының халықаралық консерцумын құру (ОА ХСЭК): бұл құрылым энергетикалық жобалармен қатар ирригациялық жобаны қолға алып, үйлесімділігін қамтамасыз етеді;

  2. Ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын консорцумдар құру: бұл ирригация сынды маңызды жүйеге ірі инвестиция тарту мәселесін шеше алады;

  3. Заманауи ирригациялық жабдықтардың аймақтық өндірістік-қызметін құру: ОА әлемде бесінші, яғни 140–320 млн доллар көлеміндегі ирригация жабдықтарын қажет ететін ірі нарық;

  4. ОА Ауғанстанмен байланыс бойынша консолидация құру: аймақтың су мәселесіндегі Ауғанстан факторын реттеуде маңызды рөл атқарады;

  5. Аймақтағы ирригация жүйесін жаңартуға инвестиция тарту: бұл аймақтың ирригациясын тиімді етудегі алғышарт.

  6. Аймақта өндірістерара су пайдалану қауымдастықтарын құру: яғни бір салада пайдаланған суды екінші сала қайта пайдаланатын жүйе құру;

  7. Тарифтерге инвестициялық төлемдерді біртіндеп қосу: бұл ирригациялық жүйелер мен су құрылысының жаңартылуына ықпал етеді;

  8. Тамшылатып суару мен бүркіп суару жүйелерін дамыту: бұл топырақ қабатының сортаңдануын баяулататын, әрі су қорын екі еседен көбірек үнемдейтін әдіс;

  9. Су шаруашылықтарын толық цифрлық жүйеге ауыстыру: суды рационалды пайдалануға мүмкіндік береді;

  10. Суарудың замануи технологияларын жетілдіру: суарылатын алқап көлемін нақты белгілейтін лазерлік жүйелерді енгізу сынды жолдарды қамтиды.


 ТҮЙІН:



  • Егер аймақтың су мәселесін терең қарастырсақ, бұл айтылған 10 нақты ұсыныстың қисынды негізі бар екенін білуге болады. Әйтсе де, еліміз бен аймақтағы су мәселесін шешудің ең бастапқы жолы бұл емес. Ең бірінші қадам ел азаматтарының, тұтас аймақ тұрғындарының назарын олардың өз болашағына қатысты осы мәселеге аударту болуы тиіс. Онсыз ешбір жоба жүзеге аспауы мүмкін. 


(Дереккөз: ortcom.kz).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52