Неміс тәртібі мен қазақы жүрек: Германиядағы қазақ қызының күнделігі

Неміс тәртібі мен қазақы жүрек: Германиядағы қазақ қызының күнделігі Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Осы күні шекара асып, шетелде өмір сүріп жатқан отандастарымыз аз емес.  Олардың әрқайсының өз жолы, өз тарихы бар. Бірі білім қуып барады, бірі жұмыс іздеп, енді бірі жаңа өмір бастау үшін аттанады. Aqshamnews.kz редакциясы осындай жерлестеріміздің оқиғаларын жинап, оқырманға ұсынып келеді. 

Бүгін әңгімеміз Германияда тұратын Арайлым есімді кейіпкеріміз жайлы болмақ. Ол бала күнінен шетелде оқуды армандап, сол арманына адал болған жандардың бірі. 

 

Арман алдамайды: Жезқазғаннан Германияға дейін жол

Арайлым – Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында дүниеге келген. Бала кезінен шетелде оқуды армандаған. Уақыт өте келе, мақсаты айқындалып,  Жапония мен Германияның бірінде білім алуды көздеген. Нақты таңдау Германияға түседі. Себебі, бұл елге оқуға түсу  мүмкіндігі өзге елдермен салыстырғанда жеңілдеу көрінген.

Алдымен Арайлым Астанадағы университетте биотехнология мамандығы бойынша бакалавриатты тәмамдайды. 2014 жылы арманын арқалап Германияға аттанып, биологиялық процестер технологиясы мамандығы бойынша магистратураға түсті.

Басында оқу ақылы болған. Бірақ, өзінің айтуынша,  сол уақыттағы оқу ақысы тым жоғары емес еді: бір семестрге шамамен 160 еуро. Табандылық пен тынбай оқудың арқасында бір семестрден соң, ол DAAD халықаралық стипендиясына ие болып, ай сайын 700 еуро көлемінде грант алып тұрған. Бұл оның тек оқуын ғана емес, күнкөрісін де қамтамасыз етсе керек.

 

Бастапқы қиындықтар мен тіл кедергілері

Бала күнгі арманына адал Арайлымға Германияға жалғыз келу оңай бола қоймаған. Себебі, бұл оның алғаш рет шетелге шығуы еді. Жаңа ортада бәрін қайтадан үйренуге тура келді: тіл, мәдениет, тұрмыс, оқу жүйесі – бәрі мүлдем басқа. Магистратура толықтай ағылшын тілінде жүргізілді, бірақ ол кезде шет тілін меңгеру деңгейі де орташа еді. Лекцияларды түсіну қиын, әрі күнделікті өмірде неміс тілі қажет екендігі де сезіле бастаған.

Уақыт өте келе, көп еңбектің арқасында, Арайлым неміс тілін B2 деңгейіне дейін меңгерді. Бірақ ол неміс тілінің күрделі грамматикасын, сөйлем құрылымын ескере отырып:

“Неміс тілін жетік меңгеру үшін тұтас бір ғұмыр да аз сияқты”, – дейді күле.

Германиядағы өмір: Уақыт тәртібі, қарапайым дастархан және демалыс күндері

Бүгінде Арайлым отбасымен бірге Германияның Төменгі Саксония аймағында, Ганновер қаласының маңында  тұрады. Бұған дейін ол елдің түрлі өңірлерінде – Бавария, Баден-Вюртемберг, сондай-ақ Германияның ең күншуақты қаласы – Фрайбургте де тұрған.

Немістердің өмір салты оған ұнайды. Көп адам таңғы 6-да оянып, күн тәртібін нақты жоспармен бастайды. Таңғы ас – жеңіл, көбіне нан, жеміс, кофе. Жұмыс уақыты – 7–8:00 шамасында басталып, 16–17:00-де аяқталады. Жұмыс пен жеке өмірдің арасы – нақты бөлінген.

Ал қонақ шақыру дәстүрі – Арайлым үшін тіпті ерекше. Немістер дастарханды қарапайым етеді. Айтуынша, көбіне жай грильмен шектеледі.

“Мен туған күнімде екі торт пісіріп дастархан жайғанымда, бәрі таңғалды,” – дейді ол.

Дүкендер де ерекше жүйемен жұмыс істейді: көбісі 21:00-ге дейін ашық, бірақ жексенбіде – түгел жабық, ешқайсысы жұмыс істемейді екен. Бұл – отбасылық және рухани күн. Демалыс күндерін немістер табиғатқа шығуға, жақындарымен уақыт өткізуге арнайды. Осы себепті, азық-түлікті алдын ала жоспарлап алу – күнделікті тәртіпке енген.

 

Ана және отбасы: Германиядағы қолдау жүйесі

Қазір Арайлым – отбасылы, жасы үштен асқан қызы бар.  Германияда жанұя құрған ол балалы болған аналарға жасалатын жағдайлардан да жақсы хабардар.

Германияда ата-аналарға арналған әлеуметтік төлемдер  көлемі келесідей: 

  • Elterngeld – жаңа туған баланың күтіміне байланысты жәрдемақы. Айына 300–1800 еуро аралығында.
  • Kindergeld – 18 жасқа дейін (оқып жүрген болса – 25 жасқа дейін) ай сайын 255 еуро көлемінде төленетін балаға арналған төлем.

Балабақшалар да жақсы дамыған. Кейбір жеке мекемелер  6–9 айлық балаларды қабылдай алады. Мемлекеттік балабақшалар көбіне 1–1,5 жастан бастап қабылдайды. Елдің көптеген өңірлерінде 3 жастан бастап балабақшаға тегін қабылдайды. 

Балабақша төлемі 3 жасқа дейінгі балалар үшін отбасының табысына қарай есептелетіні тағы бар.

 

Экология, тәртіп және еркіндік: Германиялық өмір салты

Арайлым Германияда тұрған бірнеше жыл ішінде қоғамның бірнеше ерекшелігіне назар аударған. Ең бірінші, оны германиялықтардың уақыт пен тәртіпке деген ерекше құрмет таңғалдырады. Адамдар күн тәртібін нақты сақтайды, қоғамдық орындарда бір-біріне сыйластықпен қарайды: кезекте тұру, жол беру, белгіленген ережелерді сақтау – бәрі қалыпты жағдай.

Арайлымның айтуынша:

“Мұнда ешкімді арнайы қадағалап жатқан жоқ, бірақ барлығы өз жауапкершілігін сезінеді. Бұл – еркіндік пен тәртіптің үйлесімі”.

Ол бұл мәдениетті қазақ халқының "тәртіпке бағынған құл болмайды" деген даналығымен байланыстырады. Себебі, бұл қоғамда тәртіп – адамды шектейтін емес, оған еркіндік пен мүмкіндік беретін құндылық ретінде қабылданады.

Сонымен қатар, экологиялық сана деңгейінің жоғары болуы да ерекше әсер қалдырған. Қалдықтарды сұрыптау – барлық жерде қалыпты тәжірибе. Энергияны үнемдеу, қайта өңдеу мәдениеті, суды босқа ағызбау – бәрі адамның ішкі тәрбиесінің көрінісі іспетті.

“Велосипед жолдары әрбір көшеде бар, адамдар көлікке емес, көбіне велосипедке отырады. Бұл – тек экология үшін емес, өз денсаулығы үшін де жауапкершілік екенін көрсетеді.”

Арайлым екі елді салыстырмайды. Біз де одан аулақпыз. Дегенмен, әр елдің өз артықшылығы мен кемшін тұстары бары жасырын емес.

Кейіпкеріміздің айтқан әңгімесіне қарағанда Қазақстанды, жалпы қазақтарды ерекшелейтін басты қасиеттер:

  • Адамдар арасындағы жылы қарым-қатынас
  • Бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет
  • Қонақжайлық екен. 

Германиядағы жағымды жақтар:

  • Білім жүйесінің еркіндігі, ғылымға қолдау
  • Көптеген стипендиялық бағдарламалар
  • Экологияға жауапкершілік, қалдықтарды сұрыптау

Бірақ:

  • Германияда бюрократия көп, қарапайым құжаттар ұзақ рәсімделеді
  • Цифрландыру жағынан Қазақстан көш алда екен: Германияда қолма-қол ақша жиі қолданылады
  • Kaspi сияқты заманауи қаржы жүйесі мүлде жоқ

Арайлым Германияның оқу жүйесінде де еркіндік көп екенін айтады. Мәселен, студенттерге лекцияға қатысу міндетті емес, есесіне қосымша пәндерді таңдауда еркіндік берілген. Бұл студентті жауапкершілікке, уақытты дұрыс басқаруға үйретеді.

Неміс тәртібі мен қазақы жүрек

Арайлым Қазақстаннан көшіп келген неміс ұлтының өкілдерімен де жақсы араласады. Олардың ішінде енесінің көршілері – кейбір қазақ дәстүрлерін әлі күнге дейін сақтап жүргендер де бар екен.

"Қазақстаннан көшіп келген неміс жанұясы – ең мейірімді отбасы, олар Қазақстан жайлы әрқашан ерекше ықыласпен айтады, әлі күнге дейін кейбір қазақ дәстүрлерін сақтап келеді, әрі біздің қазаққа тән қонақжайлығымызбен жергілікті немістерден ерекшеленеді", - дейді ол. 

Арайлым – өз жолын таба білген, екі мәдениеттің тоғысында өмір сүріп, ұлттық құндылықтарды жаңа ортада сақтай білген қазақ қызы. Оның әңгімесі – шетел көргісі келетін жастарға шабыт, ата-аналарға сенім және өмірге жаңаша көзқарас береді.

“Ата-анамның бізді шетелде оқытатын материалдық жағдайы келмесе де, білімге ынталандырды. Кішкентайымыздан бізге қымбат энциклопедиялар алып беріп, оқу мен ізденіске қызықтырды. Сол сенімнің арқасында мен Германияда, ал ағам Англияда оқыды. Ата-ананың балаға деген сенімі – ең үлкен инвестиция деп білемін,” – дейді Арайлым.

Ол бүгінде білім, тәрбие, мәдениет пен болашаққа бағытталған үміттің иесі ретінде, қызына өзі алған құндылықтарды дарытқысы келеді. Және Қазақстан мен Германияның артықшылықтарын қатар көру арқылы, қос әлемнің ең жақсыларын біріктіріп өмір сүру мүмкін екенін дәлелдеп жүр.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
4
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:57

16:50

16:31

15:40

15:30

15:12

15:07

14:04

13:55

12:59

12:46

12:34

12:14

12:02

11:53

11:39

11:22

11:05

11:01

10:43

10:32

10:16

09:55

09:30

09:24