Үнді-Тынық мұхиты ірі державалар үшін аса маңызды геосаяси аймақ
- Қайта көтерілген Израиль-Палестина қақтығысы әлем назарын өзіне бұрып әкетті. Бірақ бұл өзге әлемнің өзге жерлеріндегі шиеленістер жеңілдеді дегенді білдірмейді. Турасында, Израиль-ХАМАС соғысы жаһандық қызып тұрған жанжал отына май құйды. Біртіндеп өсіп келе жатқан ауқымды қақтығыс қауіптері бұрынғыдан да күшейе түсті. Дүние жүзінің назары Таяу-Шығыстағы қақтығысқа шоғырланса да, Украинадағы, Үнді-Тынық мұхитындағы жағдай жақсарып кеткен жоқ. Бейбітшілік және тұрақтылық тұрғысынан осы аймақтағы үрдістердің өзектілігі әлі де өз орнында. Тіпті, Үнді-Тынық мұхиты сынды алып геосаяси аймақтағы жағдай болашақ әлемнің картинасына Израиль-Палестина мәселесінен де терең әсер етуі мүмкін. Ал кейбір шетелдік сарапшылар ендігі ықтимал қақтығыс ошағын дәл осы аймақтан іздей бастады. Сондықтан сахна сыртындағы көлеңкелі аумақта не болып жатқанын бағамдап отыру маңызды.
Әлемдік бәсекеде теңгерім қайта түзілуде
Үнді-Тынық мұхиты ірі державалар үшін аса маңызды геосаяси аймақтың бірі. Әрі АҚШ пен Қытай сынды екі күш орталығы бәсекеге түсіп жатқан негізгі ойын алаңы. Себебі, халық саны мен экономикалық әлеуеті жағынан бұл алып аймақ әлем экономикасына зор ықпал етеді. Әлем өндіріс базасының Қытайдан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қарай ойыса түсуі түрлі мүдделердің шарпысуын күшейтті. АСЕАН елдерінің сауда серіктесі қатарында Қытай АҚШ пен Еуропаны артта қалдырып келеді. Ал Құрама Штаттардың аймақтағы стратегиясы Қытайдың ықпалын тежеуге бағытталды. Осының бәрі мүдделер қайшылығынан келіп шығатын ұзақ мерзімдік текетірес күйге жеткізуде.
Оңтүстік Қытай теңізінде көршілер арасындағы аумақтық иелік құқығына қатысты дау-шарлар қазір жаңа бір деңгейге көтерілді. Жақында ғана Қытай мен Филиппин арасында осы мәселеге қатысты дау өршіді. Аймақтағы елдер Бейжің Оңтүстік Қытай теңізінің аумақтық егемендік құқығына қатысты ұстанымына наразы. Әрі осы су айдынындағы жасанды аралдарды көбейтіп, оларға әскери мақсаттағы нысандарды тұрғызды деп айыптайды. Ұзақ уақыттан бері шешілмей келе жатқан дау тұтас Үнді-Тынық мұхит аймағына әсер етуде. Жалпы, үрдістен қарағанда мәселе бұрынғыдан да күрделілене түскен.
Үндістан, Сингапур, Малайзия және басқа да елдер Вашингтон мен Бейжіңнің бір тарабын таңдаудан барынша сақтанады. Соңғы жылдары аймақ елдері АҚШ-Қытай арасындағы стратегиялық бәсекелестік пайда қылатын сын-қатер барған сайын күшейіп келе жатқанынан алаңдайды. Территория дауы мен Тайвань мәселесінің шиеленісе түсуі осы елдерге де үлкен қиындықтар алып келуде.
АҚШ-Қытай қатынасында жылымық бар
Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ең негізгі мүдде қайшылығы Америка Құрама Штаттары мен Қытай Халық Республикасына тән. Әрі аймақтағы ең негізгі кейіпкерлер де солар. Вашингтон мен Бейжіңнің ықпал аумағын кеңейтуге деген бәсекесі ондағы елдерге әртүрлі әсер етуде. Сауда соғысынан бері екі ел қатынасы ұдайы шиеленіске қарай дамыды. Соның өзінде ара-арасында жылымықтар болып тұрды. Өзара барыс-келіс, дипломатиялық алмасулар үзілмеген болса да, екі ел лидерлерінің кездесуі көптен бері жүзеге аспай келеді.
Әйтсе де, соңғы бірер аптада АҚШ пен Қытай қатынасында кезекті жылымық орнағандай болды. Өткен аптада Қытай басшысы Ши Жінпің (Си Цзиньпин) АҚШ конгресінің Чак Шумер (Chuck Schumer) бастап барған делегациясын қабылдап, қарым-қатынасты реттеу бойынша жылы лебіз танытты. Тіпті, Шидің кездесуде айтқан: «Қытай-АҚШ қатынасын жақсартудың мыңдаған себебі бар, нашарлатудың бірде бір себебі жоқ», – деген лебізі Вашингтон үшін де жылы қабылданды. Басым көп сарапшылар бұл белгілерді державалардың қайшылықты реттеуге деген құлшынысы ретінде бағалады.
Бейжің жағынан мұндай ілтипаттың да өзіндік себебі бар. Алда Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өтеді. Онда АҚШ президенті Жо Байден мен Қытай басшысы Ши Жінпің кездесуі мүмкін. Бірақ бұл кездесу әлі де болжалды күйде тұр. Ресми Бейжің кездесу туралы растаған емес. Сөйтсе де, Қытай басшысының Конгресс делегаттарын оңаша қабылдап, жылы лебіз танытуын осы кездесуге ниетті екенін аңғартатындай. Дипломатия тіліне сай енді бір жағынан шиеленісті жеңілдетуді қалайтынын білдірген белгі десе де болады.
Тақырыпқа орай
Державалар жолы қалай өзгерді?
Үнді-Тынық мұхиты әлемдегі халық саны ең тығыз, сондай-ақ, халықаралық сауданың басым бөлігін өзіне тартып отырған аймақ. Бұл аймақта ереже орнатқан тарап тұтас жаһандық экономика мен халықаралық сауда байланыстарының ережелеріне ауқымды ықпал етпек. АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің негізгі мәні міне осында.
Дегенмен, біртұтас әлем бір-бірінен бөлек тұра алмайды. Ірі күш орталықтары бір емес бірнеше нүктеде күш сынасып жатыр. Бұл күш сынасу тек қару арқылы ғана емес, қаржы, ресурстық шығындар арқылы да тіресуде. Көптен бері бұл майданның жалпы картинасы түсініксіз болып еді. Израиль мен Палестина жаңа сахна ретінде қайта ашылғаннан кейін ірі державалардың стратегиялық жүрістері өздігінен түсінікті бола кеткендей. Яғни Ресей, Қытай сынды АҚШ-тың негізгі бәсекелестерінің қатарында Иранның болуы теңгерімді бұзып келгендей болған. Палестина дауы Ираның күшін өзіне бұратыны анық. Бұл дегеніміз, АҚШ-тың арқасынан бір жүктің түскенімен бірдей. Ендігі жерде Украина мәселесінде Ресейге қарсы Еуропа елдерін қалдырып, АҚШ өз назарын Үнді-Тынық мұхитына аударуы мүмкін. Егер бұл болжам расталатын болса, онда алдағы уақытта Үнді-Тынық мұхитында, оған ілесе шығыс іргемізде де жағдай күрделі өзгерістерге ұшырауы мүмкін.