Майдан әндері – аса қуатты рухани серпін

Майдан әндері – аса қуатты рухани серпін aqshamnews.kz

Қоңыр қоңырау

 

 Шекара да, шеп те талғамай, уақытпен бірге жасасып, адамзат баласымен қатар тыныстап келе жатқан бір ғажап құбылыс, ол – музыка. Ол – көңілдің сыры, жанның сөзсіз сөйлейтін тілі, жүректің үнсіз айқайы.

Өмір мен өлім бетпе-бет келген сәтте де музыка өзінің асқақ миссиясынан жаңылған жоқ. Сырлы саз майдан даласындағы жауынгерге дем беріп, отқа оранған көңілге үміт ұялатты. Ән-әуен – елде қалған ағайын-туысқа, жақын-жуыққа деген сағынышты жеткізетін алтын көпірге айналды. Бұл – өнердің өмірмен өзектес екенінің дәлелі.

Музыка – тарихтың үнсіз шежіресі. Ел басына күн туған замандарда, халық тағдыры таразыға түскен кезеңдерде ол – серік, ол – сенім, ол – сырлас болды. Ұлы Жеңістен кейінгі 80 жыл ішінде зұлмат жылдардың   жаңғырығы бәсең тартқанымен, жүрек түкпіріндегі із өшкен жоқ. Бүгінгі ұрпақ үшін соғыс – мұрағаттағы дерек, естеліктегі сурет, оқулықтағы оқиға ғана болуы мүмкін. Бірақ солардың өзі майдан әндерін естігенде елең етіп, жүрегі шым ете қалатыны хақ. Өйткені ол әндерде жанкештілік бар, сенім бар, үміт бар.

Әңгіме соғыс тақырыбындағы әндерге келіп тірелгенде көбіміздің ойымызға ең алдымен орыс композиторларының «Священная война», «Катюша», «В землянке», «Синий платочек», «День Победы» сынды шығармалары оралады. Кеңес дәуірінің рухани коды іспетті бұл әндер майдан жырлары ретінде жаппай насихатталды, халық санасына терең сіңді.

Ал қазақ әндері ше?.. Майдан даласында туған немесе соғыс тақырыбын арқау еткен қазақ әндерінен тек Рамазан Елебаеваның «Жас қазағы» мен Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамалын» ғана ауызға аламыз. Сондай-ақ одан кейінгі жылдары туған «Әлия» мен «Соғыстан қайтқан солдаттар» әндері болмаса, бұл бағыттағы басқа туындылар көпшіліктің құлағына сіңісті бола қойған жоқ. Тіпті кейде «бізде ондай әндер жоқтың қасы» деп ойлайтындар да бар.

Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Ұмыт болған шығарма, көмескі тартқан қазына көп. Соғыс жылдарында туған, бірақ насихаты кем тамаша шығармалар жетерлік. Мәселен, Әйткеш Толғанбаевтың «Түн сарыны», Ғали Әбеновтің «Жауынгер сағынышы», Мәлік Жаппасбаевтың «Сәлем», Смағұл Көмекбаевтың «Майданға» атты әндері мен М.Ибраевтың Бауыржан Момышұлының сөзіне жазған «Аңсау» романсы, бұлардың барлығы да – осы тақырыптағы рухани мұра жауһары.

Бұл әндердің тыңдарман жүрегіне жетуіне себепкер болған – біртуар сахна саңлағы Нұрғали Нүсіпжанов. Ол кісінің кезінде осы шығармалардың ноталарын жинап, өңдеп, кәсіби орындаушыларға ұсынып, «Жеңіс пен махаббат әндері» атты концерт ұйымдастырғанын екінің бірі біле бермейді. Ал шын мәнінде, ұмыт бола бастаған рухани мұра сол кеш арқылы жаңғырды.

Ұлттың жадынан өшкен әрбір ән – жоғалған тарихтың бір үзігі. Ал оны қайта тірілту – тек өнердің ғана емес, ұлтқа адалдықтың да көрінісі. Кейде біз өзімізде барды бағалаудың орнына, өзгені пір тұтуға асықпыз. Соғыс тақырыбындағы әндерді айтқанда да сол әдеттің салқыны сезіледі.

Нұрғали Нүсіпжановтың айтуынша, бір ғана Әсет Бейсеуовтің өзі соғыс тақырыбына 22 ән жазған. Сол сияқты, композитор Нұрғиса Тілендиевтің де осымен сыңайлас оннан астам шығармасы бар көрінеді. Оған қоса, қазақ музыкасының Әбілахат Еспаев, Сыдық Мұхамеджанов, Бақытжан Байқадамов, Шәмші Қалдаяқов сынды дара тұлғалары бейбітшілік пен ерлік тақырыбында қаншама өршіл әндер тудырды! Бұл әндер тек музыкалық шығарма ғана емес, ұлт рухын оятар рухани серпінге айналды. Ал осындай әндер сапасы жағынан орыс композиторларының соғыс тақырыбындағы туындыларынан кем деп кім айта алады?! Өкінішке қарай, біз өзге жұрттың санамызға сіңісті болып қалған әндеріне еліктеп жүріп, өз асылымызды елеусіз қалдыруға бейімбіз.

Егер әрбір Жеңіс мерекесін ұлттық рухты ұлықтайтын «Менің Мәншүгім», «Әлия», «Батыр Бауыржан», «Жас қазақ», «Дубосеково зиратында», «Болмасын, соғыс, болмасын», «Сөнбесін, әже, шырағың» тәрізді әндермен әрлеп, әуелетсек, ұлтымыздың да, ұрпағымыздың да рухани мерейі артар еді.

Музыка – жай әуен емес, ол – жүрек пен жадының тұтас үндестігі. Сондықтан ұлт ретінде өз үнімізді естіп, өз рухымызды тануға ұмтылу аса қажет.  

Біле-білсек, майдан әндерін жаңғырту, оларды барынша насихаттап, лайықты биігіне көтеру ­– музыкалық мұраға деген жай ғана құрмет емес. Бұл ­– жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыру, 

Отанға деген махаббатын ояту, ел мен жердің қадірін ұқтыру жолындағы ең тиімді рухани құралдардың бірі. Қазіргі жаһандану кезеңінде жас буынның ұлттық болмысынан алыстап кетпеуі үшін де бізге дәл осындай рухани бағдаршамдар қажет. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

16:20

16:16

16:03

15:41

15:35

15:21

15:00

14:50

14:49

14:48

14:33

14:27

13:54

13:48

13:36

13:34

13:31

13:30

13:28

13:25

13:22

13:20

13:18

13:16