Көлеңкеде қалған тағдыр

Көлеңкеде қалған тағдыр Сурет видео скрині

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бірінші жары Сара Алпысқызы Қонақаева (бұрынғы Назарбаева) өмірінің соңғы кезеңінде ауыр дертке шалдықты. Жақындарының айтуынша, қазіргі таңда дәрігерлер оның жағдайына қолдан келген ем-дом жасап жатыр, алайда денсаулығы нашарлаған күйде қалып отыр.

 

Текті ұрпақтан тараған

Сара Қонақаева 1941 жылы ақпан айында Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында дүниеге келген. Әкесі Алпыс Қонақаев — сол кезеңдегі өңірдегі абыройлы, ауқатты азаматтардың бірі. Жергілікті шаруашылықты басқарған, ел ішінде беделді болған. Кейбір деректерде, жас Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағандыда білім алып, жұмыс табуына осы әкенің ықпалы болғаны айтылады. Бұл қолдау екі жас арасындағы қарым-қатынасқа да әсер еткені анық.

 

Көлеңкеде қалған “тұңғыш ханым”

Сара Алпысқызы елдің ресми тұңғыш ханымы болғанымен, ол бұл мәртебені кеңінен пайдаланып, ел алдына жиі шыққан жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев жұбайын мемлекеттік сапарларға немесе салтанатты рәсімдерге ерте бермеген. Көбіне көпшілік алдында қыздарымен бірге көрінді. Мысалы, 2015 жылы шетелге жасаған ресми сапарында жұбайының орнына үлкен қызы Дариғаны ертіп барды.

Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің естеліктерінде олардың отбасылық қатынастарына қатысты былай деген:

«Жүрекке әмір жүрмейді. Жүрек басқа адамды таңдады».

Бұл мәлімдеме олардың арақатынасындағы алшақтықтың ашық жариялануы ретінде қабылданды.

 

Балалар тағдырына арналған өмір

Саясаттан тыс жүріп-ақ, Сара Алпысқызы қоғамдық салада үлкен еңбек сіңірді. 1990-жылдары ол «Бөбек» қайырымдылық қорын құрып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жобаларды іске асырды. Оның бастамасымен елімізде «SOS балалар ауылдары» ашылды.

Ол сондай-ақ рухани-адамгершілік білім беру идеясын алғаш рет мектеп бағдарламасына енгізген тұлға болды. Оның бастамасымен еліміздің мектептерінде «Өзін-өзі тану» пәні енгізілді. Бұл пән оқушылардың рухани тереңдігі мен адамгершілік қасиеттерін дамытуға бағытталды. Кейін бұл пән оқу бағдарламасынан алынып тасталды.

«Біз оны анамыз деп атайтынбыз»

Балалар үйлерінің түлектері қауымдастығының басшысы Рафаэль Гасанов, кезінде SOS балалар ауылының тәрбиеленушісі болған. Оның айтуынша, Сара Алпысқызы олармен үнемі байланыста болған.

– Ол бізге жиі келетін, сыйлықтар әкеліп, өмірдің мәні туралы әңгімелейтін. Рухани құндылықтарды бағалауға үйретті. Біз оны анамыз деп атайтынбыз. Өз мысалымен адамның қандай болуы керектігін көрсетті, – дейді ол.

Гасанов жуырда Сара Алпысқызынан кітаптар мен ақжарма тілектер алғанын, оның әлі де тәрбиеленушілерін ұмытпайтынын айтты.

Сара Алпысқызы  – ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі ерекше тұлғалардың бірі. Ол саяси сахнада емес, адамгершілік, қайырымдылық, рухани салада елеулі еңбек қалдырды. 

Қазіргі уақытта Алматыдағы мемлекеттік маңызды емдеу мекемесінде Сара Алпысқызы дәрігерлердің бақылауында. Ғимарат ішінде де, сыртында да қосымша күзет қойылған, науқасқа сырт көзден тыныштық қамтамасыз етілуде. Түсірілім жасауға және бөгде адамдардың кіріп шығуына шектеу қойылған. Оның жанында қыздары – Дариға, Динара және Әлия және ең жақын туыстары бар.

Кей науқастар Сара Алпысқызын емдеу мекемесінің ішінде көзбе-көз көргендерін айтып отыр. Дегенмен, оның нақты жағдайына байланысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
1
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:54

18:28

18:22

18:19

17:52

17:51

17:42

17:28

17:27

17:26

17:10

17:08

17:05

17:03

17:00

16:53

16:49

16:44

16:41

16:39

16:37

16:34

16:30

16:22

15:59