Swissotel Wellness Resort Alatau Алматыда жұмысшы мамандықтарды насихаттау, инновациялық білім беру технологияларын енгізу және халықаралық тәжірибені есепке ала отырып кәсіби білім беруді дамытуға арналған Халықаралық конгресс өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырушы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының, Білім басқармасының ТжКБ ҚБЖТҒӘО әдістемелік бөлімінің және бизнес-серіктестердің қолдауымен Алматы қаласының Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі болып табылады.
Конгресстің мақсаты білім беру, бизнес, стартап өкілдері, халықаралық сарапшылар мен студенттер қазіргі заманға лайықты кадрларды даярлаудағы негізгі міндеттер мен мүмкіндіктерді талқылай алатын диалогтік алаң құру болды. Іс-шара шеңберінде TEDx сөздер, студенттік жобалардың питчингі, сонымен қатар жетекші сала мамандарының қатысуымен панельдік пікірталастар өткізілді. Еуропада меңгерілген жаңа білім беру тәжірибелері мен стандарттарын енгізуге және оларды Қазақстанда бейімдеуге мүмкіндік беретін педагогтардың халықаралық тәжірибе алмасу нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Тәжірибе алмасуға қатысушылар – Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің педагогтары білім сапасын арттыру үшін тәжірибеге бағытталған оқыту мен халықаралық білім алмасу идеясын алға жылжытатын тәжірибелерімен және нәтижелерімен бөлісті.
Құрметті қонақтардың қатарында Алматы қаласы Білім басқармасының, Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының, Алматы апортын өндірушілер қауымдастығының, Қазақстанның азық-түлік кәсіпорындары одағының, сондай-ақ халықаралық білім беру орталықтарының, қонақүй және мейрамхана бизнесінің өкілдері болды.
Спикерлердің баяндамалары іс-шараның өзегіне айналды. Олардың әрқайсысы ағымдық тенденцияларды түсінуге өз үлестерін қосты және кәсіби білім беруді дамытудың нақты шешімдерін ұсынды:
- Кармине Барбаро, «Италия» білім беру орталығының жетекшісі, түрлі салалардағы практикалық оқыту, Италияда тәжірибе алмасу мен оқытуды ұйымдастыру тәжірибесін ұсынды.
- Гульмайра Макубайкызы, «Халықаралық серіктестік және үздіксіз білім беру» компаниясының жетекшісі, халықаралық тәжірибе алмасудан өту мен тәжірибе алмасудың маңыздылығы туралы шабыттандыратын сөз сөйледі. Ол үздіксіз білім алу колледждердің, әсіресе жаһандану жағдайында тұрақты дамуының кепілі екенін атап өтті.
«Біз тек білім алмасуға ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Қазақстанның колледждері арасында ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Бүгінгі таңда оқытушылар мен студенттердің, соның ішінде біздің Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі студенттерінің халықаралық нарықтың шындығын түсінуі және өз қабілеттерін осы жерде және қазір қолдана алуы маңызды. Тәжірибе алмасулар дәл осы мүмкіндікті – әрекет, қатысу, тәжірибе арқылы үйренуді береді», — деп Гульмайра Макубайкызы атап өтті.
- Алексей Ким, Kaizen Орталығының коммерциялық директоры, ұтымды басқару әдістемелері мен Kaizen тәсілін оқу үдерісіне тиімді енгізумен бөлісті.
- Вероника Старовойтова, бизнес-жаттықтырушы және колледж түлегі, халықаралық мейрамханада қызмет көрсету стандарттары мен кадрларды тәжірибелік даярлаудың маңыздылығы туралы айтып берді.
- Инна Митрофанова, Алматы апортын өндірушілер Қауымдастығының вице-президенті, жаңа кәсіптер мен мамандықтарды қалыптастырудағы агротуризм мен жергілікті өнімнің рөлін атап өтті.
- Мамырбеков Ерасыл Мархатович, ҚБСҚА колледжінің директоры, кәсіптік білім беруді дамытуда әлеуметтік серіктестіктің маңыздылығына тоқтала кетті. Ол өз сөзінде колледждер мен бизнестердің және сәулет-құрылыс компанияларының өзара тығыз байланысы арқылы ғана нақты мәселелерді іс жүзінде шеше алатын бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға болатынын атап өтті. Сондай-ақ жұмыс берушілердің сұранысын және білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыруды есепке ала отырып оқу бағдарламаларын жаңарту қажеттігіне баса назар аударды.
Іс-шараға ерекше көңіл-күй сыйлаған Swissotel Wellness Resort Alatau Almaty іс-шараны өткізу алаңы қатысушыларға заманауи зал, жоғары дәрежелі қызмет көрсетуді және қолайлы жағдайларды қамтамасыз етті. Қонақүйдің операциялық директоры Назым Байғожаева білім беру саласындағы бастамаларды қолдайтынын айтып, оқу орындарымен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Конгресс Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтары жылындағы жарқын оқиғаға айналды және заманауи кәсіби білім беру – бұл инновациялар, даму және лайықты болашақ кеңістігі екендігін растады.
Мекебаева Назым,
директордын орынбасары