Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма
Мемлекеттік сыйлыққа биыл ұсынылған шығармалар ішінен төрт кітап қолыма түсті. Соның бірі – қазақтың аса дарынды ақыны Светқали Нұржанның «Көкірегім – көне кітап» атты жаңа жыр жинағы. Жасыратыны жоқ, төрт кітапты оқымаққа ықыластанған сәтімде-ақ мені айрықша қызықтырғаны да – Светқалидың сол туындысы. Оның себебі, «Сөзіне қарап кісіні ал» принципіне кереғар «Кісіге қарап сөз алу» ұстанымының да дұрыс екенінде болар. Өйткені, қазіргі қазақ ақындарының ішінде Светқалидың сойы бөлек. Несімен? Менімше, оның ең басты қасиеті – ел мен жер дегенде шығар жанының бөлектігінде. Ол тұрғыда осыдан екі жыл бұрын мемлекетімізге алапат қауіп төндірген «Қанды қаңтар» оқиғасы кезінде, әлеуметтік әділетсіздіктен ақылы қозданған аламанды арандаудан аман алып қалуға жанталасқан биліктегі азаматтар әрекетінен Светқалидың оза шыққан шерлі ақындығы мен шешендігін, қайсар қайраткерлігін еске алудың өзі-ақ жеткілікті. Ақынға тән басты қасиет – әуелі өз елі мен жерінің амандығы һәм тұтастағы үшін отқа да түсуге, оқты да құшуға даяр сондай жанпидалық қасиет боларға керек. Оны біз «Көкірегім – көне кітап» авторын мадақтау үшін айтып отырған жоқпыз, «Сөзің – Өзің, Өзің – Сөзің» қағидасы бойынша, ақынның айбарлы жаратылысына оның аталмыш еңбегінің де сайма-сай айбынды туынды екенін білдіру үшін айтып отырмыз. Өйткені, Өлең де өз Ійесіне тартып туады.
Светқали – әнші-домбырашы өнерпаз ақын, шежіреші эпик ақын, қазақтың болашағына алабөтен алаңдаулы «Асанқайғы»-ақын, Ұлы Даламыздағы барша қасиетті ата-бабалардың аруағы мен олардың соңына қалдырған асыл сөздеріне мінәжәт ету арқылы да «хақтықтың сәулесін» табуға құлшынған «дуана» ақын, жер-жердегі жас таланттарды көнедегі қазақ даналығының «әбілхаятынан» сусындатуға ынтық ұстаз ақын, Жаратушыны тану жолындағы мистик ақын. Оның «ғаршыға самғардай аласұрған кезінде: балбал жырын жатқа айтқан шамдалдың сынып түсуі» де, «қайыңның сөне қалуы» да, «Айдың сола кетуі» де; «тірі әруаққа шырақ жаға отырып, кеудесіндегі өлі рухты үрлейтіні» де; «өртенген сайын – күл емес, сәуле шашатыны» да; «Ай сәулесін соқпақ етер Сүлдеге айналуы» да; «Айдан алтын Басында жұлдыз шулап, «Құс Жолының» бойымен қаңғып бара жататыны» да; «күбір-күбір сөйлеген Қызыр-Далада, күздегі күреңіткен ескі жұртта үнсіз өксіп отырған» оны «туған Айдың өз қауырсындарымен қамқорлай қаусыруы» да; сонда «ескі хаттың мөріндей үшкілденген тырна тізбегінен тылсым үн ести қалатыны» да – өзінің сондайлық жан-жақты табиғатына орайғы ерекше «хәл кешу» құбылыстары.
«Тылсым үн» демекші, Светқали өлеңдері басым көпшілігінің қандайда бір метафизикалық сипаттағы толқынысқа толы болатыны да, тебіреністің жоғарғы сфераларына көтерілген кездегі оның қайбір Ойларының оқырманды таң-тамаша ететін магиялық образдарға айнала кетуі де – хас дарынға тән қабілеттіліктен. Мәселен, «Мұса мен дәруіш» атты өлеңін алайық:
Осындаймын кейде, енді...
Аңыздан көр бейнемді.
Топты жарып келдім де, Кәлимолла Мұсаға:
«Мен Құдайды сүйем!..», – дедім, дар-дар жыртып жейдемді...
Қоршап тұрған айнала:
«Пайғамбарым не дейді?», – деп ынтықты ел.
Ал Пайғамбар былай деді жай ғана:
«Жейдеңді емес, жүрегіңді жыртып кел!..».
Ақын неліктен жүректі ерекше кепиет тұтады?
Себебі, тұла бойға қан жүгіртуші сорғы (насос) сипатындағы жүрегіңіз бірмезетте, – Көңіліңіздің генераторы әрі трансформаторы. Ес-ақылыңызды «Бастағы Баққа» (Жұмақ Еске) я «Маңдайдағы Сорға» (Тамұқ Еске) да айналдыра алатын сол Көңіл шіркініңіздің толқыны – сезім мүшелерінің патшасы ретіндегі жүректің толғанысынан пайда болатын парапсихологиялық-сенсорикалық айрықша қуат. Ал «сезім мүшелерінің бесеу емес, он (10)» екенін» де, «жұмақтанған Естің Көңілді қайыра жұпарлап тұратынын» һәм «...Қош Көңіл → Жұмақ Ес → Қош Көңіл..» құбылысының мәңгілік Айланайын-Ойланайын кереметі» екенін де бабаларымыз баяғыда айтып кеткен. Сондайлық кемел танымдағы өзге қағидалар да – «Сөзтаным мен Бестаным (Өзтаным, Табиғаттаным, Күнтаным, Ғарыштаным, Құдайтаным)» деп атауға лайық алты ғылымның жиынтығы ретіндегі протооғыздық-протоқазақтық – ежелгі сакральді ілімнің постулаттары. Светқали поэзиясына тән өзіміз жоғарыда айтқан магиялық Ой-образдар – сол бағзы сөзтанымдық-бестанымдық ілімнің ұмыт болған көптеген қағидаларын өзге бір айналайын кейіпте қайыра жаңғыртып та жатады. Соған бір мысал:
«Келер ғасырлардың бірінде жүріп, бағзы заманда қойын дәптерімде жазылып қалған Жырды оқыдым:
«...Аз ғұмырда –
жеті рет – ақ үй,
жеті рет қара үй тігілді Басыма!
Жеті қаттың қылауы қонды шашыма.
Империя мен диктатура көмді насына...
Енді Алланың Ақ Ордасын тігем –
Айдың астына, Күннің қасына!..».
Осылай жазылған – бағзы Жырда».
Ол «Жырда» ақын ақпатшалық-қызылпатшалық орыс империясынан ғасырлар бойы қорлық көрген, қырғын тапқан және өз еліндегі автократиядан да сорлап қалған қазақтың жойдасыз трагедиясын не себепті сол қазақтың көнедегі космофилософиялық «Жеті қат Көк» (жеті Аспан; жеті жарық Дүние) танымына орай айшықтайды және сол трагедияның әлі тоқталмаған жойдауыт инерциясын неліктен «Ай астына, Күн қасына Алланың Ақ Ордасын тігу» арқылы тоқтатпақ болады? Жауап – біреу: қазақ оқырманын тереңінен ойландыру үшін. Егер оқырман-қазақ тереңінен ойлана бастаса, бағзы қазақ космофилософиясының с е г і з д і к жүйесіндегі «Шаңырақ»-Күн» мен «сегізқиыр Шартарап» «Сегізқанат Ақ Орда», «Сегізқырлы, бірсырлы Ер», «Сегізөрім қамшы», «Сегізқырлы өткір Сөз» түрлерінде басталып беретін магиялық қағидалардың да қазақтың генетикалық жадында біртін-біртін тіріле бастайтынын Светқали ақын жақсы біледі. Автордың «Жастықтың жазғы жұртында» өлеңіндегі «Күн-Шаңырақ, уық-нұр» түріндегі бейнелі сөзі де – өзінің ежелгі кемел дүниетанымынан ажырап қалған бүгінгі қазақтың сансыраған санасына дем саларға аса қажет күнтанымдық һәм космоэтнологиялық сондай ежелгі информациялардың бірі.
Өлеңдегі «Жеті рет – ақ үй, жеті рет қара үй тігілді Басыма!» идиомасы «Ер жігіт өмірінде – үш ақ үй, үш қара үй тігеді» танымымен де мәндес. Бұ Дүние, о Дүние және Түп Дүние үштігінің ол формуласы оқырманды сол үш Дүниеге қатысты басқа да үштік қағидалардың ортақ сырын танымақтық ізденіске жетелейді. Мысалы, «Ат баспаймын деген жерін үш басады, Ер бармаймын деген жеріне үш барады», т.с.с.
Өз жыр жинағына «Көкірегім – көне кітап» деп ерекше ат қоюы да – Айт-Ман Нұржан шайырдың өз туған елі алдындағы перзенттік сондай ұлы миссиясының мәнісін дөп айғақтап тұрады. Ал ата-бабаларымыздың сөзтанымдық-бестанымдық көне ілімінде «Квинтэссенция мен төрт субстанция» танымы негізіндегі керітрансформациялық бестік жүйе де бар. Ол жүйе бойынша анықталатын бестіктердің атаулары «Ер қаруы – бес қаруы», «Бес түлік», «Бес тас» түрінде басталып береді. Сол аналогиялық бестіктердің бәрі «Түптәңірлік Ес → Эманация → Уақыт → Қозғалыс → Кеңістік (Космос)» бестігі негізінен еш бұлжымайды.
«Бескүндік Жалған» аталмыш Жарық Дүниенің керітрансформациялық «Күн → Күн нұры → Ауа → Су → Топырақ (Жер) бестігі де, «Маңдайдағы Бес елі Бақ» я «Маңдайдағы бес елі Сор» деп те айтылатын адамдық Естің «Ес → ағымдағы Ой → Сөз → Іс-қимыл → Жүзе» бестігі де – сол «Тәңірлік Ес» бестігінен таралған аналогиялық бестіктер. Сондай бестіктердің бірі: «Ақиқат → Аңыз → Миф → Ертек → Дін» бестігі. Светқалидың өз өлеңдерінде мифтік, ертектік, аңыздық, діндік тәмсілдерді де көптеп қолданып қалуға ерекше құштарлығының мәнісі де сол бестік бойынша анықталмақ. Өйткені, «Ақиқат» бестігіндегі Ақиқаттың өзі – бабаларымыздың сөзтанымдық-бестанымдық ілімінің ақиқатын білдіреді. Яғни Ақиқаттың кертрансформациялық бестігі мынадай өрнек түрінде: «Сөзтаным-Бестаным ілімі → Аңыз → Миф → Ертек → Дін».
Ол бестік керкеткен заманалар барысында Ақиқат ретіндегі Сөзтаным-Бестаным ілімінің жалғанданудағы керітрансформациялық төрт стадиясын дөп көрсетіп тұрады. Сондықтан Ақиқатты іздеген әр адам Аңыз бен Мифтен де, Ертек пен Діннен де Ақиқаттың аман қалған элементтерін көптеп іздеп тауып, Сөзтаным мен Бестаным ілімін қалпына келтіруге тырысып бақпақ. Светқалидың өз өлеңдерінде аңыздық, мифтік, ертектік, діндік тәмсілдерге сүйенуін біз оқырман ретінде сол тұрғыдан бағалаймыз.
Қалай десек те, ақын өз ойын оқырман қауымға көркемдеп ұсынуда Сөзтаным-Бестаным ілімі қағидаларына ұдайы жүгініп отырады. Оған «Көкірегім – көне кітап» еңбегінен көптеп мысал келтіруге болады. Алайда, газет редакциясының талабына лайықталып жазылған осы шағын мақаламызда біз ондай мысалдардың екеуін ғана назарға алып, солардың көнедегі ілімдік негізін де мейлінше қысқа-нұсқа түрде интерпретациялауға мәжбүрміз. Айталық, жоғарыда келтірілген «Бескүндік Жалған» бестігі мен адамдық Ес бестігінің өзара сәйкестігінен «Ауа (Жел) мен Сөз» тектестігі де айқындалып шығады. Күні кешегі дулығалы жыраулар поэзиясынан кейін бірте-бірте ұмытылып кеткен «Тәңірі берген Жел-Сөз» танымының мәнісі де сонда. Ол таным – Жаратушы мен Періштелердің, Бақсылар мен Елтілердің Көріпкелдер мен Сүлейлердің «Басындағы Бағы (Жұмақ Есі) мен сол Бақтан сөйленетін Жұпар Сөзі» трансценденттілігінің құпия коды іспеттес қастерлі таным. Басты бір формуласы: «Бас – Бақ, ауыз – дарбаза, Сөз – самал». Светқалидың сондай Жұпар Жел-Сөз туралы «Орап алды жұлдыздардың құйыны, көкірегімнен қауыз жарған Самала», немесе, «Жынды құйын билеп жүр сақ-сақ күліп» түрінде жұмбақтап айтқан сөздері «Жел екеуміз» атты өлеңінде: «Бүлікшіл!» деп жатыр тағы ғайбаттап. Бар жазығы – жария-дүр Жел ісі. Тығылып ап қалың қамыс ішіне, ішін тартып өксіп-өксіп алады ол» түрінде де жалғасады. Ал аталмыш жыр кітабының эпиграфы ретіндегі өлеңде ол құбылыс «... Мұны өйткені Ел оқиды – әуелі. Елден алып Жел оқиды – өлген соң...» түрінде көрініс береді.
«Бастағы Бақ» (Жұмақ Ес) демекші, Светқали шайыр «Ызғыштыру» өлеңінде: «Тек шындықты ескере жүр мына бір: Абыз келсе, – мыйдың исі шығарын, доңыз келсе, – қыйдың исі жұғарын!» деп, кемел адамдарға тән жүпарлы Жұмақ Естің самал Сөзі мен Қара (чернь; скот, черт, туловище.,) жаратылысына тән сасыған Тамұқ Естің мүңкір Сөзін салғастыра айтады. Ал Сөз – жасампаз да жойымпаз магия. «Нәғайып» өлеңінде Аңқып пісе жаздайды Сөздерім!» – деп жұпар сөйлейтін ақын – оқырмандар үшін де, жалпы, елдің бүгіні мен келешегі үшін де Сөзтаным мен Бестаным ілімінің басты құндылық екенін өзінің «Көкірегім – көне кітап» еңбегінде көркем де көсем жеткізуге ұмтылған. Ол туындының Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екендігі де сол себепті.