ffin.kz

Жүрекке апарар жол

Жүрекке апарар жол

Еңбек адамы




Толғанай Махамбетәли – «Алматы қаласы музейлер бірлестігіне» қарасты Алматы музейінің ғылыми хатшысы. Ал бұл жауапты қызметке дейін аталған музейде экскурсовод болды, одан соң кіші ғылыми қызметкер атанды. Жас маманның Түркияда Қазақстанның музей ісі мен тарихи ескерткіштерін қорғау жұмыстарын насихаттағаны үшін Қазақстанның Түркиядағы елшісінің атынан; Қазақстанның мәдениеті саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Мәдениет және спорт министрінің және Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының атынан алған «Алғыс хаттары» бар.


 


Ауылдан келген қыз


Ол – шыншыл, әділ адам көрінді бізге. Шыншылдығы сол, қазіргі мамандығына кездейсоқ келгенін де жасырмады.


– Сонау Қызылорданың шалғай жатқан ауылынан алып мегаполиске енді ғана мектеп бітіріп келген, ойы да орныға қоймаған балада ол тұста музей туралы терең түсінік, сол саламен байланысты арман-мақсат қайдан болсын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің Мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау мамандығына жиған балым қолайлы болып тұрған соң, сонда тапсыра салған болатынмын. Себебі, грантқа түссем болды деген ой ғана тұрды санада сол кезде, – деп риясыз күлді Толғанай.


Факультетте мүйізі қарағайдай тарихшылар, археологтар және этнографтар сабақ беріп, сол бағыттағы түрлі тақырыпта дәрістер тыңдады. Қазақстан мен шет елдер музейлері туралы оқып, тарихи-мәдени туризм жайында түсінігі қалыптаса бастады. Кейінірек оқытушылар студенттерін Алматы қаласындағы музейлерге жиі апаратын болды. Көрген, түйгендерін қағазға түсіртіп, сол бағытта кішігірім еңбектер жазғыза бастайды. Сосын бакалаврды бітірген соң осы Алматы музейіне жұмысқа келіп, мамандығына кіріге бастағанын сезінді. Одан магистратураға тапсырып, музейтану мамандығына деген құрметі оянып, махаббаты ашылып, алдына айқын мақсаттар қоя бастады. Әрбір кішкентай ісінің өзінен ләззат алып, жаны рахаттанған сәттері мамандық таңдауда қателеспегеніне қуанды. Бүгінде әр күнін музейсіз елестете алмайтыны да боямасыз шындық.


 


Құндылықтар тоғысқан жер


– Музей – бір ғана сала емес, тарих дейсіз бе, мәдениет, ілім-ғылым, бәрі тоғысатын жер. Біз суретшілер, әдебиетшілер, тарихшылар, ақын-жазушылар, қолөнершілер одағы, театр сыншылары дейсіз бе, бәрімен бір уақытта шығармашылық байланыста жүретіндіктен, жеке өзім үшін айтатын болсам, істеп жүрген жұмыстарымды маңызды, еліме пайдалы деп санау ұғымы, жауапкершілік салмағы тұрады. Бұл – үнемі қозғалыста, үнемі ізденісте жүретін сала, сонысымен қызықтырады мені. Бұл салада дүниетанымың кеңейген үстіне кеңейе түседі. Білуге құлшына бересің, алға ұмтыла түсінесің. Рухани жағынан толыса түсесің, – деп тебіренді жас маман.


Музей жастары алматылық оқушылар арасында түрлі байқаулар өткізіп тұрады. Жасөспірімдер «Алматы тарихын білемін» деген тақырып шеңберінде ұйымдастырылатын дәстүрлі  іс-шараға қатысып, эсселер жазады, өз қиялдарымен, ұсыныс-идеяларымен видероликтер түсіреді, Алматының тарихы туралы қызықты сауалдарға жауап іздейді. Сол арқылы жеткіншектер ару Алматыға деген махаббатын, тарихқа, өткенге деген құрметін арттыра алса, бұл музейліктер үшін үлкен жетістік.


Сондай-ақ, олар шеберлік сыныптарын ұйымдастырады. Мәселен, «Гончарный клубта» жастарды өнерге баулу жолға қойылған. Онда қолөнерді сүйетін қыздар, бозбалалар қыш құмыралар жасау құпиясын меңгереді. Үйреніп қана қоймай, ежелгі болсын, орта ғасырлық тарихымыз, осы біздің жерімізден табылған археологиялық олжалар болсын, қыш өндірісінің сол кездің өзінде-ақ болғаны, ол қазіргі күнде де сәнде екені, тіпті құмыралар жасалатын қарапайым батпақтың өзі денсаулыққа пайдалы екені айтылып, олардың эстетикалық маңызы да түсіндіріледі.


– Біздің жеткіншектердің осындай біз ұйымдастырып жүрген іс-шаралар арқылы Отанға деген сезімін биіктете түссе, өздерінің жалпы азаматтық борышын, өзін осындай рухани бай елдің тұлғасы, ажырамас бір бөлшегі ретінде сезіне алса, жұдырықтай жүректеріне сондай сезімді ұялата алсақ, сол менің жеңісім дер едім, – дейді Толғанай «өмірдегі мақсат-мұратың қандай» деген сауалымызға.



 


Алтын емес, алғыс арқалағын


Біз Толғанаймен әйгілі бұлбұл әншіміз Роза Бағланованың көрмесін ұйымдастыру іс-шараларымен жүрген қарбалас сәтінде тілдестік. Ол қандай көрме болмасын, соған жанымен, жүрегімен кіріп кететінін байқадық. Өйткені ол өз ісін сүйеді.


– Иә, біз жеке тұлғалар өмірінен түрлі көрмелер ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, көзі тірі Асанәлі Әшімов ағамыздың жеке көрмесі жоғары деңгейде өтті. «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдығына арналған көрмеде өзіңіз де болдыңыз. Зухра Жұматованың да көрмесі біз секілді жастарға шабыт сыйлады. Телевизия майталманы марқұм Нұртілеу Иманғалиұлының жеке көрмесін де ұйымдастырып, ел алғысына бөлендік. Енді Роза Бағланованың, Бейсен Құранбектің көрмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Олар өмірден із-түзсіз өтіп кеткен жәй адамдар емес, олар біздің тарихты жасауға атсалысып кеткен, атсалысып жүрген биік кісілер. Ал көрермендеріміз сол тұлғалар ғұмыр кешкен жылдарды бір сәтке болса да сезініп қайтса екен деп тілейміз. Олардың қолының табы қалған заттарды, қымбат бұйымдарын ұстап көрудің өзі біз үшін қуаныш. Бізге тұрақты келіп тұратын көрермендеріміздің «осы сендердің музейлеріңнің аурасы жақсы» деген бір ауыз ілтипатының өзі бізді, жастарды алға жетелей түседі, – дейді Толғанай Нұртуғанқызы.




Менің бабам!


Толғанай Стамбулда музей ісі, көрмелерді ұйымдастыру, көне жәдігерлерді сақтау және музейге келушілерді басқару бойынша тренингтен өткен. Өзімізде, яғни Алматыда ұйымдастырылған «Музей саласындағы жаңа трендтер және ақпараттық технологиялар мен нормативтік-құқықтық құжаттарды пайдалану тәсілдері» семинар-тренингі де жас маманға біраз бағдаршам болғаны анық. Ал Джагиэллон университетінде өткен шетелдік ғылыми іс-тәжірибе оған бізге қандай жаңашылдықтар әкелуге болады деген ойға жетеледі. Мәселен, ол өзге мемлекеттерде экспонаттарды, қорды бұзбай, бүлдірмей сақтау жүйесінің өте жақсы дамығанына қатты қызығады. Сондай-ақ, ол жақтағы «Музей достарының клубы» деген тың жобаны бізге де енгізу керек деп ойлайды.


– Сонау бір үркіншілік жылдары ата-бабаларымыз қуғын-сүргінге, конфискациялауға ұшырып, бар жиған мал-мүлкі тартып алынып, материалдық мәдениетімізден қаншалықты айрылып қалғанымызбен, біздің музейлер қоры жұтаң емес, қайта өте бай. Ата-әжелерімізден жеткен, кезінде жанашыр ағайын-жұрт әкеліп өткізген коллекциялар жетіп артылады.  Мәселен, кәдуілгі тіс, тырнақ, құлақ тазалайтын қарапайым ғана шағын тұрмыстық бұйымдардың өзі бізде ықылым заманда-ақ өркениеттің болғанын дәлелдейді. Жалпы, ислам діні бізге еуропадан бұрын келген ғой. Сондықтын тіс тазалаудың өзін еуропалықтар ең алғаш мұсылмандардан үйренген деген деректер бар. Сонымен қатар, біздің қазақ ұлтының өмір сүру дағдысының ажырамас бөлшегі болған күміс бұйымдарының да өзіндік философиясы, мән-маңызы қандай десеңізші! Міне, соның бәрі менің көкейіме мақтаныш сезімін ұялатады, соншалықты текті, білімді, озық ойлы бабалардың ұрпағы екеніме шаттанамын. Иә, біздің ата-бабаларымыз соншалықты бай мәдениетке, өркениетке ие болды. Біз сол құндылықтарды, жәдігерлерді музейлер арқылы ұрпақтан ұрпаққа арасын үзіп алмай жеткізіп отырсақ, миссиямыздың орындалғаны, – деді жас кейіпкеріміз бізбен қоштасар сәтте.


Ұлттық һәм рухани құндылықтар қасиетін жан жүрегімен қадірлейтін отаншыл қаракөз қыздың әлі талай биікке шығарына сенеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51