«Белгілі бір ережеміз жоқ, сондықтан бізге қалай жүрсек те болады» дей ме екен, құжатты қажет етпейтін микромобильді көліктер енді Абай даңғылы секілді көлігі көп жолдарды өздеріне тұрақ ете бастапты.
– Жол қателікті көтермейтінін неге ескермей барамыз? Самокаттардың «қылығы» халықтың жүйкесіне әбден тиіп бітті. Қараңызшы енді, мына бір самокатты иесі Абай даңғылының (Сейфуллин көшесі мен Масаншы көшелерінің ортасы) бойына, «А» жолағы бар, тек қана қоғамдық көліктер жүретін жолға қалдырып кетіпті. Сонда бұл көліктерге ешкім бақылау жасамай ма? Неге оны пайдаланғандар қалаған жеріне тастап кете береді? Көлік ағыны бір тоқтамайтын мынадай көшелерге олар үлкен қауіп төндірмей ме? Жақында дәл осы самокаттарға арналып ереже шығады деп еді. Ол қашан жүзеге асады?» – дейді алматылық Гүлім Бағдатова.
«Құжатты қажет етпейтін көлік иелері жаяу жүргіншілер жүретін тротуарларды да «басып» алған. Қателеспесем, өткен жылы ешқандай лицензиясыз жүріп-тұратын транспорт иелеріне автомобиль жолымен жүруге тыйым салынған сияқты еді... Өз басым қазір көшеде жүруден қалдым. Өйткені, самокаттар кез келген жерде қағып кетуі мүмкін», – дейді Шынар Нұрдәулетқызы есімді оқырманымыз.
Рас, Алматыда самокат мінгендер бұрынғыдан да көбейді. Әу баста олар веложолақтармен ғана жүретін. Кейіннен еркіндікке бой алдырды ма, олар мынадай үлкен көшелермен жүйткитінді шығарды. Жалпы, халық ешқандай ережеге бағынбайтын мұндай көліктерді адам өміріне қауіпті деп санайды. Өйткені, кейінгі кездері мегаполисте мопед, электрсамокат, монодөңгелек секілді көлік құралдарынан болатын жол апаттары жиілей бастаған. Бұл туралы қоғамдық көліктерге қатысты жиындардың бірінде Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек «Алматыда жеке мобильділік құралдары, яғни, мопед, электрсамокат, монодөңгелек секілді көлік құралдарынан болатын жол апаттары артып келеді. Себебі, олардың қозғалысын бақылап отырған ешкім жоқ, бұл құралдарды басқарушыларға ешқандай шектеулер жоқ, яғни олармен қайда жүргісі келсе жүре береді. Осыған орай, алдағы уақытта Алматыда көліктің осы түрлерінің жүру тәртібі, олардың жүргізушілерін әкімшілік жауапқа тарту туралы шаралар қабылданатын болады», – деген еді. Самокатқа байланысты мәселені өткен жылы Cенаттың жалпы отырыстарының бірінде депутат Нұртөре Жүсіп те көтерген болатын. Сенатор бүгінгі таңда Қазақстанның барлық ірі қалаларында жылдам жүретін скутермен бетпе-бет соқтығысып қалуға болатынын айта келіп: «Электрсамокаттар, самокаттар, гироскутерлер қазір азаматтардың өміріне қауіп төндіретін жағдайға тап болды. Қалай болғанда да, жылдамдығы автомобильдің жылдамдығына пропорционалды электрсамокаттар көлік құралдарының кез келген санатына жатпайды. Сондықтан электрсамокаттарын әкелу мен қауіпсіз пайдалануды құқықтық реттеу қажет деп санаймыз», – деп дабыл қаққаны есімізде.
Электрсамокатқа қатысты стандарт енгізілді
Жалпы, халықтың наразылығын тудырған баламалы көліктер, яғни самокаттарға қатысты мәселе елімізде бес жылдан бері шешімін таппай келе жатқан-ды. Осыған орай, жақында Ішкі істер министрлігі Қазақстанның стандарттау институтымен бірге жаңа стандарт әзірлеп шығарды. Ереже 1 шілде күні күшіне енді. Яғни қос дөңгелекті көлік құралын сатып аларда жанындағы ақпаратқа толы құжатын талап ету керек. Онда жүру жылдамдығынан бастап барлық ережесі жазылады.
Күніне кем дегенде 700 мыңдай көлік қозғалатын алып шаһарға мұндай көліктер қажет шығар, бірақ оның да өзіне тән ережесі, тәртібі болуы міндетті.
Экологиялық көлік қауымдастығының төрағасы Әнуар Жүсіпов бұл көліктерді жай уақыт өткізуге арналған құрылғы деп қабылдайтынын айтады. «Бұл кәдімгі көлік түрі. Самокаттарға сұраныс таңғы және кешкі уақыттарда артатынын байқап отырмыз. Демек, адамдар оқуға не жұмысқа барып-келу үшін самокатты көлік ретінде пайдаланады. Қазір Алматыда тәулігіне 40–50 мың сапар осы көлік түрімен жасалады», – дейді ол.
Кикшеринг компанияның негізін қалаушы Мейрамбек Әбілқасовтың айтуынша, Алматыда 200 мыңнан астам белсенді қолданушы тіркелген. «Бүгінде қаланың әрбір оныншы тұрғыны біздің көлікті пайдаланады. Көлікті орта есеппен 8–10 минут қолданады. Яғни олар самокатты қоғамдық көлік ретінде қабылдайды. Кептелісі көп алып шаһарға мұндай микрокөлік қажет-ақ болатын. Сондықтан жұрт оған тез үйреніп кетті. Демек, жол ережесіне өзгеріс енгізетін уақыт келді. Өйткені, стандарт бар. Енді соның негізінде Жол қозғалысы заңы, Жол қозғалысының ережесі және Әкімшілік кодекс өзгертіледі», – дейді ол.
Жасыратыны жоқ, бұл тақырыпқа қала тұрғындарынан әлеуметтік желіде де, редакциямызға да хабарласып шағым айтатындар көп. Өйткені, электрлі самокат тізгіндегендер асқан жылдамдықпен жүруді, жол ережелерін жиі бұзуды әлі тоқтатқан жоқ. Ал мұндай жүгенсіздікке қала тұрғындары үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан бұл көліктер қатаң бақылауды қажет етіп-ақ тұр.
Шетел тәжірибесі
Еуропада мұндай баламалы көліктер үйреншікті транспорт түріне айналып үлгерген. Оларға тіпті, мемлекеттік және аймақтық дәрежедегі заңдар да қарастырылған. Мәселен, Францияда самокаттардың жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін шектелді. Ал Литвада темір тұлпардан бас тартып, экологиялық таза велосипед, скутер немесе самокатқа ауысқандарға арнайы субсидия бөлінеді екен.
Лос-Анджелесте билік баламалы көліктерге арнап біршама шектеулер мен реттегіш ережелер енгізген. Мәселен, оларда самокатты пайдалану үшін жүргізуші куәлігінің болуы талап етіледі және жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынған. Қауіпсіздік үшін басына шлем киіп, жылдамдықты шектеп жүру секілді ережелерге бағынады.
Керек кеңес
Самокатты пайдаланатындар мынаны ескерген жөн. Біріншіден, бұл көлікті екі адам болып тебуге болмайды. Егер жаяу жүргіншілер жолымен жүрсеңіз, алдыңыздан адам шықса, баяулап, сигнал беруіңіз керек. Ал самокатты өндіруші бұл талаптарды көлікке берілетін паспорттың ішінде атап өтуі керек. Яғни самокаттың қауіпсіз болуы үшін аккумулятордың көлемі қанша екенін, самокатқа түсетін максималды салмақ, жас ерекшелігі, адамның бойы қанша болуы керек, рөлді қалай ұстау қажет екендігі жөнінде ақпарат болуы шарт.
Есіңізде болсын
Жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын самокат тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі қажет.
Білгеніңіз жөн
Стандарт бойынша электрсамокатқа екі не үш доңғалағы бар, отырғышы жоқ, жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын, жеке-дара қозғалысқа арналған электрлі көлік құралдары жатады. Самокаттың декасы, рөлі, алды-артында шамы, дабыл қаққышы, тежегіші болуы керек.
-
Дерек
-
Алматыда 200 мыңнан астам белсенді қолданушы тіркелген.
-
Қала тұрғындары бұл көлікпен тәулігіне 40–50 мың сапар жасайды екен.
-
Самокатты орта есеппен 8–10 минут қана қолданады.
Меморандум
P.S. Мақала жарық көргеннен кейін көп ұзамай Алматы қаласының әкімдігі мен электрлі самокаттарды жалға беретін операторлар мегаполисте құрал қолданысын реттеу мақсатында ынтамақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында электрлі самокаттармен жаяу жүргіншілер жолағында, саябақтарда және бұқаралық іс-шаралар өтетін қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынады.
Қала аумағында электрлі самокаттардың жылдамдығы – 25 км/сағ болып бекітілді. Сондай-ақ, электрлі самокаттарды тек 16 жасқа толған тұлғалар ғана жалға ала алады.