Алматы мен қала маңындағы аймаққа 159 бағытта 2509 автобус жолаушы тасымалдайды
Айтылды - жасалды
«Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көліктерді пайдалануды азайту жайын ойластыру керек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауы тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады. Алматыда оны табысты дамытудың мол тәжірибесі бар».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде қоғамдық көлік қызметінің маңызы зор. Деректерге сүйенсек, Алматыда қоғамдық көліктің қызметін пайдаланатын жолаушылардың әр күнгі үлесі миллионнан асып жығылады екен.
Өткен жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесіп, шаһарды өркендетуге қатысты біраз ой-пікірлерін айтып еді. Солардың қатарында жол-көлік жүйесіне қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Солардың қатарында қоғамдық көліктің жай-күйін жақсартып, бұл бағыттағы қызметтің сапалық деңгейін одан әрі көтеру қажеттігін де атап көрсеткен-тұғын.
Бүгінде Алматыда бұл бағытта айтуға тұрарлық атқарылған жұмыс баршылық. Ең бірінші айтарымыз, шаһарда қалаішілік бағытта қатынайтын қоғамдық көліктердің біразы жаңарған. Байқасаңыз, қазір қала көшелерінде «Евро-5» стандартындағы жаңа автобустар жүйткіп жүр. Ішіне 70 жолаушы емін-еркін сиятын автобус «Оңай» терминалдарымен жабдықталған. Көлік ішінде аялдамалар алдын ала хабарланады, wi-fi желісі қосылған. Тазалығы да жаман емес. Қыста жылы, жазда салқын дегендей, кондиционерлер орнатылған. Бейнебақылау камерасы мен мүмкіндігі шектеулі топтағы жолаушылар үшін де жағдай қарастырылған, пандустар бар. Одан басқа Алматының қоғамдық көліктерінің қозғалысын бақылауға өте қолайлы жүйе – Citybus қосымшасы іске қосылған. Аталмыш қосымшаның алматылықтар мен қонақтарға өздерінің тұрған жерін анықтауға, баратын жерін картада белгілеуге және тиімдірек маршруттар мен қоғамдық көлік түрлерін таңдауға көмегі зор. Ендеше, Сіз де өзіңіз күткен автобустың қай тұста келе жатқанын біліп жүргіңіз келсе, телефоныңызға CityBus қосымшасын жүктеп алсаңыз, жетіп жатыр.
«Жолдың жайын жүрген білер»
Жалпы, атқарушы билік тарапынан да, жолаушылар жағынан да тасымалдаушы компанияларға қойылатын басты талап – кез келген қоғамдық көліктің уақтылы қызмет көрсетуі мен көліктің сапасы. Жоғарыдағы мәліметтерге қарасақ, алып шаһардағы қоғамдық көліктердің сапасы ешқандай елден кем емес. Бірақ неге екенін қайдам, Алматының автобустарына қала тұрғындарының көңілі онша тола бермейтін секілді. Оны біз күн суытқалы бері редакциямызға тұрғындар тарапынан соғылған қоңыраулардың көбеюінен байқадық.
Сөздеріне құлақ түрсек, жолаушылардың ең бірінші айтар уәжі – автобустар арасындағы интервалдың ұзақтығы. Айтуларынша, кешкісін жұмыстан шығып, үйге асыққан уақытта аялдамада автобус күтіп, ұзақ тұрады. Кейбірі автобусы кешіккен соң таксиге отыруға мәжбүр. Бірақ оған күнде қайдан жағдай болсын, қалтасы көтермеген жолаушылар қақаған аязда автобусты күтуден басқа амалы қалмайды. «Жолдың жайын жүрген білер» демекші, автобус өз уақытынан кешіккен сайын, аялдамаға жолаушылар көп жинала бастайды. Айналасы 5-10 минуттың ішінде адам қарасы көбейіп, кәдімгідей ел жиналып қалады. Көп жолаушыны көрген жүргізуші «автобусқа сыймайды» деген желеумен аялдамаға тоқтамастан өте шығады. Бұл, әрине, үйіне жете алмай тұрған кез келген жолаушының жүйкесіне тиеді. Қазір оның үстіне күн суық. Сақырлаған аязда тоңып, сағаттап автобус күтудің өзі оңай емес», - дейді телефон арқылы шағымын айтқан Аймахан әжей.
Жолаушылардың сөзінен кейін «Шынында да, Алматы автобустары жолаушы тасымалдай ма әлде кестеге тәуелді ме?» деген сауал туындап, қоғамдық көлікке байланысты бірқатар сұрақты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне ресми сауал ретінде жолдаған болатынбыз. Көп ұзамай сауалымызға жауап та алдық.
Автобустың кешігуіне себептер көп
Қалалық әкімдік атап өткендей, қазіргі уақытта Алматы қаласы мен қала маңындағы аймаққа 159 бағытта 2509 автобус жолаушы тасымалдайды. Олардың барлығы өздеріне бекітіліп берілген бағыт бойынша кестеге сәйкес жұмыс істейді. Көлік жүргізушісі сол бекітілген қозғалыс кестесін қатаң сақтауға міндетті. Бірақ Алматының тіршілік қазаны күндіз-түні қайнап жататындықтан, белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істеу кейде мүмкін бола бермейді. Өйткені, бір күн екінші күнге мүлде ұқсамауы мүмкін.
Мәселен, кеше уақытында келген көлік бүгін кешігіп, автобустар арасындағы интервал бұзылып жатса, ол тек көлік жүргізушісінің кінәсі деген сөз емес. Жалпы, мамандардың айтуынша, интервал стандартқа сай болуы үшін алғашқы аялдамадан соңғы аялдамаға дейінгі уақыт бір сағатты құрауы тиіс. Ал екі автобус арасы, яғни интервалы шамамен 10 минут болуы қажет. Мәселен, қазіргі таңда Алматыдағы қоғамдық көліктің қозғалыс аралығы орта есеппен 9-12 минутты құрайды. Бірақ, қарбалас сағаттарындағы көлік кептелістері, жолдағы жөндеу жұмыстары, тіпті, ауа райы да көлік қозғалысын тежейді. Осындай себептер автобустардың интервалы мен кестесінің бұзылуына, қозғалыс жиілігінің 15–18 минутқа дейін ұлғайып кетуіне себеп болып жатады.
Осы тұста, тағы бір жайтты айта кеткен жөн, бірінші соңғы аялдамадан екіншісіне дейінгі қозғалыс уақыты барлық бағыттарда маршруттың ұзақтығына байланысты бола бермейді. Мәселен, Алматыда басқа маршруттармен салыстырғанда жол жүру ұзақтығы аз маршруттар бар. Бұл маршруттардың қозғалыс кестесі қиын көшелер арқылы өтетіндігіне де байланысты (көтерілу, төмен түсу және т.б.). Сондықтан кейбір автобустардың қозғалыс уақыттары басқа маршруттарға қарағанда ұзағырақ болады.
Айталық, қазіргі таңда Алматы бойынша ең көп жол жүретін қоғамдық көлік – №124 бағыттағы автобус. Ол А нүктесінен Б нүктесіне дейін жету үшін 77,4 шақырым жолды жүріп өтіп, бұған 130/140 минут уақыт жұмсайды. Сондай-ақ, ең қысқа жол жүретін автобус ретінде №133 мектеп бағытын айтуға болады. Оның ұзындығы 5,1 шақырым, қозғалыс уақыты 20/20 минутты құрайды.
Ал қала сыртына жолаушы тасымалдауда ең ұзақ жол жүретін автобус «BAS Trade» ЖШС қызмет көрсететін №225 маршрут. Алматы қаласы – Есік қаласы бағытында жүретін автобустың схема ұзындығы 111 шақырым құрайды. Маршруттағы айналым уақыты әр бағытта 90 минуттан белгіленген.
Қала аумағының кеңеюі де қоғамдық көлік бағыттарын жиі өзгертеді. Алматы билігі мұны да ескеріп, кейбір автобустарды ықшамаудандардың ішімен жүретін етіп өзгертіп берді. Мәселен, қаладағы маршруттық желіні оңтайландыру шеңберінде, сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініштерін ескере отырып, 2022 жылы 7 жаңа маршрут жолға шықты. Одан бөлек, 7 маршруттағы схемалар оңтайландырылып, тағы 7 маршруттың схемалары ұзартылды. 2023 жылдың қаңтар айының басында Алматының қалалық мобильділік басқармасы тағы бір жаңа бағытты іске қосты.
Алматыда бекітілген қозғалыс кестесіне сәйкес, қоғамдық көлік сағат 6.00-ден 23.00-24.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 6.00-ден 22.00-23.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал күн сайын түнгі уақытта №3 бағыт сағат 23.00-ден 6.40-қа дейін жолаушы тасымалдайды.
Кінәлі болса, жаза бар
Мамандардың айтуынша, жүру уақытынан кешіккен қоғамдық көліктерге немесе жұмыс кестесін бұзған жүргізушілерге шара қолданудың өз тәртібі бар. Егер автобус жүргізушінің кінәсінен кешіксе немесе жүргізушінің қозғалыс кестесін қасақана бұзғаны туралы фактілері анықталған болса, оған автопарк басшылығы тәртіптік жаза қолданады. Тіпті, жұмыстан шығаруы да ғажап емес. Ал автобус тасымалдаушының кінәсінен уақытында келмесе, онда басқарма кешігу себептерін анықтап, кемшілікті қайталамауды ескертеді. Егер нәтиже шықпаса, қызмет көрсетуге арналған шарт бұзылып, маршрут жаңа конкурсқа қойылады.
Мақсат – көлік қызметі сапасын жақсарту
«Жол мұраты – жетуді» көздейді. Сондықтан қоғамдық көліктегі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолға шығатын автобустардың техникалық ахуалын тексерудің маңызы зор. Бүгінде қала көшелерінде жолаушы тасымалдап жүрген автобустардың пайдалану мерзімі 3 немесе 7 жылды құрайды. Жауапты мамандардың айтуынша, қаладағы барлық автобустардың күн сайын парктерде техникалық тексеруден өтеді. Ақаулар анықталса, техникалық қызмет көрсету үшін жөндеу аймағына өтеді. Олардың жылжымалы құрамды техникалық тексерілуі ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес қатаң түрде жүргізіледі.
Алматылықтарға сапалы көлік қызметін көрсету және жолаушы тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы Алматы қаласының қалалық мобильділік басқармасы жылжымалы құрамды жаңарту және сатып алынатын 450 автобус есебінен қосымша автобустармен маршруттарды күшейту арқылы тасымалдау сапасын арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қоғамдық көлік бойынша үлкен сұранысқа ие жаңа бағыттарды зерттеу жүргізілуде.
Тобықтай сөздің тоқ етері – Алматы өмір сүруге қолайлы және жалпыға бірдей тең мүмкіндік беретін қалаға айналуы тиіс. Ал бұл мақсатқа жету үшін, халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, баршаға ортақ негізгі міндеттер назардан тыс қалмауы қажет. Бұл міндет көлік инфрақұрылымы саласына да қажет. Сондықтан Алматының маршруттық желісін кезең-кезеңімен оңтайландыру бағытында жұмыстар әлі де жалғаса береді.
Керек кеңес
Ақпаратты қайдан алуға болады?
Қоғамдық көлік саласындағы өзгерістерге қатысты жаңалықтар Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында, Instagram, Facebook және т.б. әлеуметтік желілерінде жарияланады. Бұдан басқа, халықты ақпараттандыру «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС Telegram-арнасында және «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесінің әлеуметтік желілерде орналасқан парақшаларында жүзеге асырылады.