немесе 14 ауыр операцияны бастан өткерген Әнел мен оның барлық ауыртпалығын бірге көтеріскен Марлен туралы.
Біздің Димаш Құдайберген көпке мөлдір махаббат хикаясымен танымал болған Марлен мен Әнелдің Дінмұхаммед есімді ұлына кіндік әке болды. Бұл туралы ерлі-зайыпты жастар өздерінің Instagram парақшасында әншімен түскен суреттерін жариялай отырып, қуана хабарлады.
Қос ғашық
«Баламыздың кіндік папасымен алғашқы суреті. Біздің Дималёктің кіндік папасына көп рахмет! Димаш сияқты ел сыйлайтын жақсы, адал жан болсын», – деп жазды Әнел. Әлеуметтік желі қолданушылары да жас отбасыны құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Иә, жақында Марлен мен Әнелдің тұңғышы ұлы дүниеге келіп, сәбиге Дінмұхаммед деген есім берген болатын. Енді Димаш кіндік әкесі болған бөбектің ата-анасы кімдер, соған аз-маз тоқтала кетейік.
Әнел мен Марленді ешкім ұмыта қоймаған болар. Ерекше махаббат иелері туралы оқырмандарымызға айта отырайық.
Әнел Мұратова мектепте жүргенде сырқатқа шалдығады. Марлен Нұргасенов екеуі бір мектепте оқыған. Екі жастың достығы мектеп қабырғасында басталыпты. Алғашында екеуі телефонмен, ғаламтор арқылы сөйлесіп жүрген. Кейін Марлен 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбеге колледжге оқуға түседі, ал Әнел мектепте оқып жүреді.
Қыз 2009 жылы өкпесіне салқын тигізіп алып, ауруханада ұзақ жатады. Ауруы меңдеп, олар анасы екеуі Ақтөбе қаласына тексерілуге барады. Марлен бұл туралы досынан естіп, қызға келеді. Сол кезде екеуі бір-біріне жақынырақ жүріп, қалада қыдырады. Бірақ Әнел оған өзінің ауруы жөнінде ештеңе айтпайды. Марлен болса, оны Құлсарыға пойызға шығарып салады. Ал бір жылдан соң Әнелдің бір өкпесін түгелімен алып тастау керек болған. Әнелдің анасы Қарағандының тумасы екен, ол қызын сонда ота жасатуға әкетеді.
Табанды жігіт
Әнел Қарағандыға операцияға кетіп бара жатқанда, бір күн бұрын жігітке телефонмен жағдайын айтады. Ол неге екені белгісіз, қашан, қай пойызбен шығатынын сұрастырып алады. Әнел мінген пойыз Ақтөбеге соқпайды, Қандыағашқа тоқтайды. Ал Марлен сабақтан қашып шығып, Ақтөбеден Қандыағашқа келіп, қыздың вагонына отырып алады. Әнел жігіттің бұл әрекетіне қуанып тұрса да, «сабағың қайда?» деп сұрайды алаңдап. «Сен операцияға кетіп бара жатқанда мен қалай сабақта отырамын?» – дейді жігіт. Әрине, қыздың анасы да бұған таңқалады.
Қарағандыда Марлен Әнелдің жанында, ауруханада түнеп жүреді. Дәрігерлер оған палатаға кіруге рұқсат бермесе де, ол ебін тауып кіріп кететін көрінеді. Түнгі ауысымдағы медбикелерге тәтті торттар әкеліп, олардың да көңілдерін көтеріп қояды екен. Ең бастысы, үнемі Әнелдің жанынан табылатын. Оны моральдық тұрғыда қолдайтын. Марлен ауруханада Әнелдің жанында үнемі болу үшін сырттай оқу бөліміне ауысады. Кейін дәрігерлер «бұл баланы көндіре алмайсың бәрібір» деп, қолдарын бір сілтеген көрінеді.
Әнелдің өкпесін алып тастайды. Күніне 25 түрлі дәрі-дәрмек қабылдағандықтан, асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзыла бастайды. Дәрігерлер ота жасау керек деп, 8 сантиметр ішегін кеседі. Ал 2012 жылы жүрегі сыр бере бастайды. Тек бір өкпе жұмыс жасап тұрғандықтан, жүрекке оттегі жетпейді. Кез келген уақытта ауа жетпей қалуы мүмкін болғасын оттегі баллонын алдыртады. Осы кезде Марлен Қарағандыдан жұмыс тапқан болатын. Ол Әнелдің жағдайын ести сала, «мен жұмыстан шығам, сенің қасыңда болып, баллонды көтеріп жүремін» дейді. Иә, Әнел оттегі баллонынсыз жүре алмайтын болды. Кез келген уақытта есінен танып қалатын. Сол кезде де 10 келілік оттегі баллонын көтеріп, Марлен оның жанында жүрді.
«Күнім, сен сөнбеші!»
Үнемі ауа жетпей тұрғасын, Әнелдің жүрегі орнынан қозғалып, арқасына қарай ығысып кетеді. Қарағандыда өкпесіне ота жасаған дәрігер «жедел ота жасау керек, жүректі қалай да орнына әкелу керек» екенін ескертеді. Марлен мен Әнел Астана мен Алматының дәрігерлеріне барады. Сол кезде Алматыға Мәскеуден келген профессор Әнелді тексеруден өткізеді де, Марленге «сен қызды әрі-бері сүйреп, әлсірете берме, өмір сүруге 30 пайыз ғана мүмкіндігі бар, ешкім оған ота жасау жауапкершілігін алмайды, әке-шешесіне апар, дайындала берсін» деген «үкім» шығарады. Сонда Марлен қатты ашуланып, профессордың жағасына жармасып, «мен Әнелді әлі-ақ сіздің алдыңызға сап-сау әкелем» деп айқайлаған көрінеді. Сол күні екеуі саябаққа келеді. Марлен «Сен профессор осылай айтты екен деп берілесің бе? Соған сенесің бе? Аллаға неге сенбейсің? Құдайдан неге сұрамайсың? Мен сен үшін өмір сүріп жүрмін, неге маған көмектеспейсің? Сен тек ішіңнен жеңілмеші, мен сенің жазылатыныңа, тірі қалатыныңа толықтай сенем, тек сен өзің сенбей тұрсың», – деп айқайлап тұрып жылайды.
Әнел күйзеліске түсіп, тек дәрінің көмегімен ұйықтайтын халге жетеді. Бірде түнде ұйқысынан оянса, Марлен Құдайдан дұға тілеп: «Сынап жатқаныңды білемін, бірақ қатты сынамашы, Әнелдің ауырғанына шыдай алмаймын, жол көрсетші» деп жалбарынып отыр екен. Оны естіген Әнел жылап, бір түнде әл-күш жинап, өз-өзіне сенім арта бастайды.
2016 жылдың ақпанында Әнелдің жүрегіне ота жасалу туралы шешім қабылданды. Бірақ ота үстеліне тек 30 пайыз ғана кепілдікпен жатады. Анасы: «Мүмкін ойланарсың, жасатпассың, қорқып тұрмын», - деп жыласа, Марлен: «Жоқ, ота жасалады, мен сенемін, бәрі жақсы болады», - дейді. Әнелдің өзі де: «Өлімді күтіп отырғанша, амал жасап өлгенім артық», - деп шешеді. Отаны 3-4 сағаттан артық созуға болмайтын еді, себебі пациент наркозды көтере алмайды. Бірақ кейін белгілі болғанындай, оған жасалған ота 6,5 сағатқа созылған. Тәуекелге барған білікті хирург шыға салып, бірден Марленді іздеп тауып: «Әнел бәрін жеңіп шықты, тірі қалды», – деген екен маңдайындағы терін сүртіп тұрып. Сосын басқа еш жаққа бұрылмастан, өз кабинетіне барып, қолдарын екі жаққа созып, креслосына жата кетіпті дейді. Қатты қалжыраған, әрине.
Сәбидің кіндік әкесі – Димаш
Марленнің қалайда Әнелдің жанында болу үшін Қарағандыда далада түнеген кездері де бүгінде көрген түстей. Әнел 16 жасында қатты сырқаттанып, 7 жылға жуық өмір мен өлімнің арасында болғанда, оны риясыз сүйіспеншілігімен демей білген Марлен махаббаты туралы ғаламторда жиі жаза бастады. Екеуіне адамдардан хаттар да ағыла бастайды. Екеуіне бақыт тілеген ниеттес хаттардан күн құрғамаған. Некесін 2015 жылы Қарағандыда қидыртқан қос ғашық 2017 жылы Ернар Айдардың «Күнім, сен сөнбеші» атты бейнебаянына түседі. Клип үш жылға жуық уақыт ішінде YouTube желісінде 32 млн қаралым жинаған.
Осынау жас ғұмырында 14 ауыр отаны еңсерген Әнел 10 жылдан соң сәби сүйді. «Алла бізге 10 жыл сабырмен күткен сәбиді берді. Иә, маған оңай болмады. Дәрігерлер «ешқашан ана болмайсың» деп неше мәрте қолдарын бір сілтеді. Маған ауыр тиетін, жылайтынмын. Бірақ ешқашан Алладан үмітімді үзбедім. Күндіз-түні жанымда болған, бір күн, бір түн де жалғыз қалдырмаған анам мен Марленіме алғысым шексіз. Барлық жағдайымды жасап, қиын сәтте жанымнан табылып, қолдау көрсетіп, әр жылаған сайын жасымды сүртіп, күйзеліске түскен сайын шығаруға тырысып, баланы түнімен қарап, қолынан келгеннің барлығын жасап жүрді. 10 жыл бойы менімен бірге сабыр сақтап, бір сәт бетіме баспай, соңына дейін Алладан дұға сұрап, үмітін үзбеген Марленге Раббым сәби берді», – деген жан тебірентерлік жазба қалдырған болатын осыдан бір ай шамасында Әнел парақшасында. Сол сәбидің кіндік әкесі - Димаш Құдайберген!