Жаздың үш айы ішінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жауынгерлері экологиялық акцияларға қатысып, қаланы тазалаумен және абаттандырумен айналысатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасынның өкілдері айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz
Жобаның негізгі мақсаты – жастарды уақытша еңбекпен қамту, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау, олардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, туған елге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.
«Биыл 2100-ге жуық алматылық жас уақытша еңбекпен қамтылады. Енді осы жастарымыз алдағы уақытта қаламызды көгаландыруға, көркеюіне өз үлестерін қосатын болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөз сөзінде «Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптасыру қажет» деп атап өтті. Міне «Жасыл ел» осындай жобалардың бірі» - дейді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бекқайыров.
Сонымен қатар, жоба аясында еңбек етуші жастар қоғамдық жұмыстарға тартылып, түрлі қайырымдылық шараларына қатысатын болады.
Жобаға қатысушылардың жалақысы 85 мың теңгені (ЕТЖ) құрайды. Сонымен қатар, ұлттық жоғары оқу орындары өз студенттеріне қосымша төлемдер қарастырып отыр: ҚазҰПУ – 100 мың теңге, ҚазҰАУ – 110 мың теңге, Қ.И. Сатпаев атындағы ҚазҰТЗУ – 100 мың теңге, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 80 мың теңге.
Қазіргі таңда, жоба аясында 700-ге жуық жас алматылықтар жұмысын бастады. Жұмыс маусымы басталғалы бері 34 эко-акция, 20-дан астам тренингтер мен нұсқаулықтар және 13 «Жас Эко Патруль» рейдтері өткізілді.
Рейдтер барысында 85 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, анықталған проблемаларды жою және олардың шешілуін жеделдету үшін, мемлекеттік органдарға 40-тан астам өтініш жіберіліп, 48-ден астам шағым жазылды. Осы орайда рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің 10-ы жергілікті атқарушы органдардың күшімен жойылды.
«Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл ел» жобасы елімізде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатыр. Содан бері жастарымыз жыл сайын дәстүрлі түрде уақытша жұмыспен қамтылып, экологиялық шараларға қатысып, еліміздің көркеюіне, бойындағы күш жігері мен әлеуетін өзіне, тиісінше қоғамға пайдасын тигізуге бағыттап келеді», - деп түйіндеді Н.Бекқайыров.