Тәуелсіздіктің қайта оралғаны – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
1995. ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы.
- Парламент дағдарысы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің таратылуы.Екі палаталы Парламент сайлауы.
- Республикалық референдум қорытындысы бойынша Президент өкілеттілігін 2000 жылға дейін ұзарту.
- Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы.
- Ұлы хәкім Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы.
- Республикалық референдум: Жаңа Конституцияның қабылдануы.
- БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-ші сессиясы.
1995 жыл – Абай жылы болып жарияланды. Елімізді күллі жаһанға танытатын ұлттың дара тұлғасын ұлықтауға зор маңыз берілді. ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасалды, бұл бастама беделді ұйым тарапынан қолдау тапты да. Ішкі кеңістікте жылдың басты оқиғасы, қолданыстағы Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы дүниеге келді.
Тәуелсіздіктің бесінші кезеңі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту жылы болды. Бұл ретте: әлеуметтік саланың білім беру, мәдениет, өнер бағыттарын дамытуға, қоғамды ізгілік негіздеріне тәрбиелеудің мемлекеттік бағдарламасына айырықша басымдық берілді. Көппартиялылыққа негіз қаланды, сөз бостандығының алғышарттары қамтамасыз етілді. Билік ішкі саясатта - жалпыұлттық бірлік, мемлекеттік тұтастық, ел егемендігін нығайту, азаматтық пен патриоттық тәрбие, жалпыұлттық идеология принциптері мәселелерін, ал сыртқы саясатта ТМД елдерімен интеграцияны сақтау міндетін, сыртқы экономикалық қызметті либерализациялау бағыттарын ұстанды.
Экономикалық қыспақ әлі де жағадан алған 1995 жылы Қазақ Елінің бюджет тапшылығы 40 млрд. теңгеге жуықтады. Экономиканы реформалау әрекеттері халықты еңбекпен қамту саласындағы проблемаларды одан әрі ушықтырды. Өндірістің жаппай құлдырауы салдарынан жұмысшылардың жаппай қысқаруы белең алды. Жұмыссыздар саны көбейді. Мысалы 1995 жылы еңбекпен қамту қызметтерінде ресми түрде тіркелген жұмыссыздардың саны – 153 мыңға жеткен екен.
Осындай экономикалық жайсыздықтарға қарамастан билік елдегі жағдайды қалпына келтіріп, жақсартудың түрлі жолдарын қарастырды. Ұлттық банк тарапынан ұлттық валюта ерекше қамқорлыққа алынды, төл теңгеміздің қалыптасып, нығаюы, нарық жағдайындағы қыспақтарға төтеп беруі үшін жан-жақты шаралар қолға алынды. Теңгенің алғашқы шығарылымы Ұлыбританияда басылса, көп кешікпей, 1995 жылғы 26 сәуірде Алматы қаласында Банкноттық фабриканың іске қосылуынан тәуелсіздігіміздің басты тіректерінің бірі – ұлттық валютаны нығайту жолындағы қажырлы жұмыстың нәтижесін байқауға болар еді. Оның құрылуы мен ашылуы тұрақты бақылауда болды. Фабриканың ашылуы елімізге өз банкноттық өнімдерін дербес түрде шығаруға мүмкіндік беретін мүмкіндік еді.
Экономикалық дағдарыс тұншықтырған жергілікті кәсіпорындарды «тірілту» мақсатында ұлттық экономиканы инвестициямен сусындату қажеттігін басты басымдыққа балаған билік қысқа мерзім ішінде Қазақстанда «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заң қабылдады. Сол арқылы шетелдік инвестициялар үшін жеңілдіктер мен преференциялар жүйесі барынша жетілдірілді.Тоқсан бестің көктемінен шетелдіктер сатылымдарға шығарылған аукциондарға қатысуға мүмкіндік алды. Олар валюталарын құя отырып, жекешелендірілетін нысандардың 31 пайызына дейін ие болу құқығын иемденді. Мемлекет басшысы шет мемлекеттердің ірі компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізіп, Қазақстанның инвестициялық ерекшеліктерінің тартымдылығы мен қайтарымдылығын дәлелдеумен болды. Соның нәтижесі - әлемді мойындатқан «Philip Morris», «Chevron Corporation», «Tomson», «Mitsubishi», «Gold Star», «Overseas Private Investment Corporation», «First Development», «Agip КСО», «The Chase Manhattan Bank», «Europa-Metalli», «Itochu Corporation» сияқты бірегей компанияларды Қазақстанға бұрудың сәті түсті. Сонымен қатар Президент БҰҰ, ХВҚ сияқты бірқатар халықаралық ұйымдар арқылы да инвестиция тарту бағытына ерекше мән берді. Шетелдік инвесторлармен осындай тыңғылықты, қажырлы жұмыстардың арқасында елде бірқатар бірлескен кәсіпорындар ашылды, экономиканы ынталандыру мақсатында шетелдік несиелік бағыттар бекітілді. Тәуелсіздігін жаңадан алған Қазақ Елі жаһандық қарым-қатынастар әлеміне шығу үшін халықаралық қарым-қатынасқа ұмтылды. Сыртқы саяси қатынастағы әріптестікті нығайтуға кіріскен жыл болды тоқсан бес. Әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшелігіне өту үшін бұл өте қажет шара еді. Сондықтан да Қазақстан сыртқы саясатында бес бағытты ұстанды. Біріншіден, дүние жүзіне тәуелсіз Қазақ елін мойындату, екіншіден, еліміздің мүддесіне қолайлы деген елдермен дипломатиялық қатынас орнықтыру мен өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізу. Үшіншіден, халықаралық , аймақтық ұйымдармен ынтымақтастыққа ұмтылу. Төртіншіден, сыртқы саясатты сапалық деңгейге көтеруге күш салумен қатар, ұлттық қауіпсіздікті тұрақты назарда ұстау.Бесіншіден, экономикалық реформаларды жүргізудің қолайлы факторларын пайдаланып, шетелдік инвестицияларды тарту.
30 тамыз, 1995 жыл. Елімізде конституциялық өзгерістер процесі аяқталды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдум өтіп, құқықтық мемлекет құруға бағдарланған қолданыстағы Конституция қабылданды.
1 наурыз , 1995 жыл. Президент Жарлығымен қоғамдық консультациялық кеңесші орган - Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды.
12 қаңтар, 1995 жыл
Мемлекет басшысының Жарлығымен қазақ ғарышкерлері Т.Әубәкіровке, Т. Мұсабековке, ресейлік ғарышкер Ю. Меленченкоға «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі -«Алтын Жұлдыз» тапсырылды. Т. Мұсабеков пен Ю. Меленченкоға «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрметті атағы берілді.
25-31 қаңтар,1995 жыл
Н.Назарбаев Швейцария Конфедерациясының Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты.
1 наурыз , 1995 жыл
Президент Жарлығымен қоғамдық консультациялық кеңесші орган - Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Оның мақсаты – елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту.
Біздің дәйектеме: 1995 жылы 16 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесіп,елдегі ұлтаралық келісімді сақтау және оны одан әрі нығайту үшін республикада жаңа қоғамдық институт – Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде, Қазақстан халқын ортақ мүддеге біріктіретін ассамблея құру қажеттілігі туындап отырғандығын тілге тиек еткен еді. Ассамблеяның басты мақсаты – республикадағы барлық этностардың рухани тұрғыда қайта жанғыруы мен дамуын қамтамасыз ету; өркениеттік және демократиялық ұстанымдарға, мемлекеттік ұлттық саясатта барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру деп айқындалды. Барлық облыстарда кіші ассамблеялар құрылып, олардан сессияға 260 делегат сайланды. Сессия 1995 жылы 24 наурызда Алматы қаласында өтті және оның құрамына 40 ұлттық-мәдени орталықтың өкілдері енді.
3 наурыз, 1995 жыл
Түркіменстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Арал проблемалары жөніндегі Кеңесі өтті. Аралды құтқарудың халықаралық қоры, мемлекеттік кеңес және атқару комитеті құрылды. Қордың Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
18 наурыз, 1995 жыл
Қылмыспен күрес және елдегі құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.
24 наурыз, 1995 жыл
Президент жанындағы қоғамдық-консультативтік кеңесші орган – Қазақстан халықтары Ассамблеясының бірінші сессиясы ашылды. Оның жұмысына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, баяндама жасады.
25 наурыз, 1995 жыл
Президент «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының құрамы туралы», заңдық күші бар «Республикалық референдум туралы», «1995 жылғы 29 сәуірде республикалық референдум өткізу туралы» Жарлықтарға қол қойды.
1 сәуір, 1995 жыл
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанынан Кеден комитеті құрылды.Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасының негізінде құрылған бұл комитетке кедендік бағытта маңызды міндеттерді жүзеге асыру жүктелді.
12 сәуір,1995 жыл
Мәскеуде ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған іс-шаралар басталды. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі ұйымдастырған Абай күндері кейіннен Түркияда, Англия мен Германияда,Франция мен Қытайда , және дүние жүзінің басқа да бірқатар мемлекеттерінде жалғасты.
24 сәуір, 1995 жыл
Майдангер жазушы Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
29 сәуір 1995 жыл
Қазақстан халқы ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттілігін 2000 жылы 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерді. 29 сәуірде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың құзырет мерзімін ұзарту бойынша республикалық референдум өтіп, оның қорытындысы бойынша сайлаушылардың 95,4 пайызы Президент өкілеттілігінің мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды жақтап дауыс берді. Референдумнан кейін әкімшілік-басқару аппаратын қысқартуға байланысты құрылымдық оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Үкімет құрам жағынан ықшамдалып, қайта құрылды, жерлікті басқару құрылымдары қысқарды. Мәселен, облыс әкімшіліктері 19-дан 14-ке кемитіні белгілі болды.
19 мамыр, 1995 жыл
Алматыда құрылысы 1993 жылы басталған Ұлттық банкнот фабрикасының бірінші кезегінің ашылу рәсімі өтті. Осы жылы теңгенің үш номиналы (200, 500, 1000) шықты. Бір жылдан соң 100 және 2000 теңгелер айналымға енді.
Біздің дәйектеме: Еліміз алғаш өз валютасын енгізгенде, ең алғашқы «1»‚ «3»‚ «5»‚ «10»‚ «20» және «50» теңгелік номиналдардың банкноттары Англия кәсіпорындарында басылып шыққан еді. Әрине,қағаз ақшаларды көп шығынмен шетелде шығару экономикалық жағынан тиімсіз болды. Сондықтан да банкноттарды шығарудың отандық базасын құру қолға алынды. ҚР Ұлттық Банкі Ұлыбританияның «Thomas De La Rue» компаниясымен банкноттарды шығаратын, толық өндірістік циклға негізделген технологиялар мен құрал-жабдықтарды жеткізу жөнінде шарт жасасты. Бүгінде қазақстандық Банкноттық фабрикада әлемдік деңгейдегі технологиялар мен элементтердің барлық түрі бар. Онда өнімдердің (төлқұжат,куәлік,диплом,аттестат,акциздік маркалар,есептік-бақылау маркалары,векселдер мен сақтандыру полюстерінің бланкілері,чек кітапшалары, тағысын-тағылар) 100-ден аса түрлері шығарылады. Фабрика "Сапаның Алтын Сертификатының" иегері.
26 мамыр , 1995 жыл
Бұл күн тарихи мәні зор оқиғамен есте қалды. Қазақстан аумағынан соңғы ядролық қару шығарылды. Бұрынғы Семей полигонының маңындағы соңғы ядролық заряд жойылды. Қазақстан де-факто ядролық қаруы жоқ мемлекет атанды.Шараға орай мемлекет басшысы еліміздің барлық азаматтарына Үндеу жариялады.
6 маусым, 1995 жыл
Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымының қарусыздану жөніндегі сессиясы өтті. Сессияға барар жолда Нұрсұлтан Назарбаев Францияға аялдап, ел президенті Жак Ширакпен әңгімеде маңызды мәселе – ядролық қаруды таратпау және ядролық державалар тарапынан Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру тақырыбын қозғады.
8 маусым, 1995 жыл
Франциядағы ЮНЕСКО-ның шта-пәтерінде Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шаралар мәресіне жетті.
13 маусым, 1995 жыл
Алматыға Түркия Республикасының президенті Сүлеймен Демирел келді. Екі елдің мемлекет басшылары Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, Яссауи кесенесін қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстарының жайымен танысты.
1 шілде,1995 жыл
Қазақстанның альпинизм федерациясы мен Армия орталық клубының ұйымдастыруымен Іле Алатауындағы Абай шыңын бағындыру жорығы жасалды. Бұл шараға қатысқан Мемлекет басшысы ұлы Абай атындағы шыңға Қазақстан жалауын қадады.
3 шілде, 1995 жыл
Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.Соған орай биіктігі 31 метрлік стелла – Алтын адам бедерленген Тәуелсіздік монументінің құрылысы басталды. Монумент авторы Шота Уәлиханов.
1 тамыз, 1995 жыл
Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы жарияланды.
9-11 тамыз, 1995 жыл
Ұлы Абайдың мерейтой күндері. Оған мемлекеттердің басшылары мен премьер-министрлер бастаған 25 елден делегация келді.
Ең алдымен Алматыдағы Республика Сарайында Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуын мерекелеудің салтанатты жиыны өтті. Президент «Абай туралы сөз» тақырыбында баяндама жасап, 10-тамызда Абай тойы Семейде жалғасты. Мемлекет басшысы мен ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор ұлы хәкімнің Семейдегі мұражайын ашу рәсіміне қатысты. Сол күні жергілікті Абай атындағы музыкалық драма театрында салтанатты жиын болды. Ертесінде Қарауыл-Жидебайда Абай-Шәкәрім кесенесі ашылды. Қырғызстанда, Ресейде, Түркияда, Қытайда, Францияда қазақтың ұлы ақынының құрметіне арналған рухани шаралар өтті. Қазақ Елі ардақты перзентін осылайша ұлықтады.
30 тамыз, 1995 жыл
Елімізде конституциялық өзгерістер процесі аяқталды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдум өтіп, құқықтық мемлекет құруға бағдарланған қолданыстағы Конституция қабылданды.Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, Негізгі Заң құқықтық мемлекет құру жолындағы жаңа реформаларға жол ашты.Бұл реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру. Басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің конституциялық негізі қаланды. Президенттің өз ұсынысымен оның біраз өкілеттілігі Парламентке берілді. Конституцияға осыған орай бірқатар өзгерістер енгізілді. Президент билігі шектеліп, Парламент билігі кеңейтілді. Жаңа Конституцияға сәйкес Парламент екі палаталы жүйеге - Сенат пен Мәжіліс болып бөлінді. Депутаттар саны 177-ден 114-ке дейін қысқарды. Сондай-ақ жалпы және төрелік соттар жүйелері бірікті. Бұдан былай олардың қызметіне араласуға жол берілмейді, ісіне қол сұғуға болмайды деген тұжырым бекітілді. Судьялардың тек Конституция мен Заңға бағыныштылығы сот әділеттілігін ұлықтау жолындағы маңызды қадам болды. Және бір ерекше айта кетерлік мәселе - республикада қос азаматтыққа жол берілмейтіні айтылды.
5 қыркүйек, 1995 жыл
30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдум бойынша Орталық сайлау комиссиясының қорытындылары баспасөзде жарияланып, дауыс беру қорытындыларына сәйкес, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды деген ресми тұжырым жасалды. 6 қыркүйекте Мемлекет басшысының резиденциясында жаңа Конституцияны Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми түрде табыс етудің салтанатты шарасы өтті. Ал, 8 қыркүйекте жаңа Конституцияның толық мәтіні баспасөзде жарияланды.
16 қазан , 1995 жыл
Президент «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заң күші бар Жарлыққа қол қойды. Бұдан былай ел Парламенті тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: Сенат пен Мәжілістен тұратыны белгілі болды.
18 қазан , 1995 жыл
Қазақстан Республикасының мерекелік күндері белгіленді. Президент Жарлығымен 25-қазан – Республика күні, 1-2-қаңтар – Жаңа жыл, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 22-наурыз – Наурыз мейрамы,1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, 9-мамыр – Жеңіс күні, 30-тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының күні, 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып белгіленді.
20 қазан, 1995 жыл
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары. 22 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 50 жылдық мерейтойы өтті. Нью-Йоркте өткен бұл алқалы шараға әлемнің 160-тан астам елдерінің өкілдері қатысты.Салтанатты мәжілістің бірінші күні Қазақ Елінің басшысына алғашқылардың қатарында сөз берілді.
15 қараша, 1995 жыл
Қазақстан Президенті сапармен Францияға барып, ел президенті Жак Ширакпен, сонымен қатар ЮНЕСКОНЫҢ бас директоры Ф.Майормен кездесті.
9 желтоқсан, 1995 жыл
Қазақстанда қоғамды демократияландыру қадамдарының дәлелі - тұңғыш рет қоспалаталы Парламент сайлауы өтті. Ашық баламалы сайлаумен өткен бұл шара саяси күрес мәдениетіне, көппартиялық жүйеге жол ашты. Елімізде жүргізілген Президент, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы соның нақтылы дәлелі еді. Сенат сайлауы екі кезеңмен – 5 және 23 желтоқсанда, ал Мәжіліс депутаттарын сайлау 9-шы желтоқсанда өтті.
16 желтоқсан,1995 жыл
Алматыдағы Республика Сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтті.
20 желтоқсан, 1995 жыл
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қызылорда облысындағы Ленинск атауы Байқоңыр қаласы болып өзгертілді.
СТАТИСТИКА:
1995 жылы Президент республика өңірлеріне 24 рет, шетелдерге 22 рет ресми сапарларға шығыпты. Олардың арасында Швейцария, Индонезия, Бельгия, Ұлыбритания, Ватикан, Жапония, Израиль, Қытай Халық Республикасы, Италия, Испания және тағы басқа да мемлекеттер бар. Шетел басшыларымен кездесулерде қазақстандық экономикаға аса қажетті де маңызды бірлескен экономикалық, инвестициялық келісімдер мен шарттарға қол қойылғанын айта кету керек. Түрлі ресми жиындарға қатысып, сөз сөйлеген. Сыртқы саясаттағы осындай іскер де білікті қадамдардың нәтижесінде 1995 жылдың соңына қарай тәуелсіз Қазақ Елін әлемнің 111 мемлекеті таныды.Қазақстан олардың 92-сімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
Бір жыл ішінде барлығы 7 Заң қабылданып, 488 Жарлыққа қол қойылды.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ:
Мемлекетіміздің 1995 жылғы даму үдерісін зерделесек, бұл кезең тәуелсіз Қазақ Елінің сыртқы және ішкі саясаттағы мазмұнды да маңызды жыл болды деп айта аламыз. Осы бір жылда атқарылған ауқымды жұмыстар еліміздің жалпы даму динамикасына серпінді серпіліс бере алғанымен де құнды. Жоғарыда атап өткеніміздей, тоқсан бестің соңына қарай тәуелсіз Қазақстанды әлемнің 111 мемлекеті танып,олардың 92-сімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Еліміз бірқатар дүние жүзілік аренадағы ұйымдардың мүшелігіне де өтті. Олардың қатарында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңес, Халықаралық және Еуропалық жаңғырту мен даму банктері,Халықаралық валюта қоры және тағы басқалар бар. Және бір ерекше айтар мәселе – Қазақстан өз шекарасы шеңберінде «бейбітшілік пен тату көршілік белбеуін» қамтамасыз етіп, өзімен шекаралас мемлекеттермен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы көпжақты келіссөздерді бастап кетті. Естеріңізде болса, осы 1995 жылдан бастау алған бірқатар қажырлы келіссөздер мен келісімшарттар негізінде 2000 жылдың орта тұсына қарай еліміз Ресей және Қытай сияқты іргелес ірі көршілерімен шекараны делимитациялау жөніндегі мәселелерге байланысты толыққанды ортақ шешімге келетін болады. Әлем сарапшылары «Ғасыр келісімшарты» деп атап кеткен бұл әңгімелер хронологиялық жылнамамыздың алдағы жарияланымдарының еншісінде. Ал, ішкі саясатқа келсек, бұл бағытта жүргізілген Конституциялық реформалар тәуелсіз Қазақ Елінің дамуындағы заман талабынан, тарихи қажеттіліктерден туған жеңісті қадам ретінде бағаланбақ. 1995 жылғы Негізгі Заң – Қазақстанның ілгерілеуінің маңызды алғышарты болды. Жаңа Конституция арқылы еліміз саяси жаңарудың, демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.