Иван Костин — сирек кітаптарды қалпына келтіретін реставратор. Ресейде білім алып, Мәскеуде тәжірибе жинаған шебер бүгінде Алматыда жұмыс істейді. Ол Қазақстандағы көне қолжазбаларға жан бітіруге атсалысып жүр.
Біз Иванмен реставрацияға қалай келгені, кітаппен жұмыс істеудің ерекшеліктері және Қазақстандағы мәдени мұраны сақтаудың жолдары туралы әңгімелестік.
– Сіз кітап реставраторы мамандығына қалай келдіңіз?
– Мен көне шіркеулерді қалпына келтірумен айналыстым, ол жұмысты отбасылық танысымыз әрі досымыз айналған суретшімен бірге атқардым. Оның шеберлігі мені қатты қызықтырды. Біз ұзақ уақыт бірге жұмыс істедік, ол маған өзінің оқыған жері туралы, суретшілер ортасының ерекше рухани әлемі жайлы көп әңгімелеп беретін. Бұл Ресейдің Владимир облысы, Суздаль қаласында болды. Онда Суздаль көркем-қалпына келтіру реставрациялық училищесі бар. Ол жерде 9 түрлі қалпына келтіру мамандығы оқытылады: ағаш, мата, зергерлік металл, архитектуралық металл, тас, графика, кітап қалпына келтіру және т.б.
Сол танысымыз осы училищеде ұстаз болып жұмыс істейтін. Бір күні ол маған: «Неге бізге оқуға келмейсің? Өте қызық сала», – деді.
Мен оның кеңесін тыңдап, бір жыл дайындық курстарына барып, сурет, кескіндеме, композиция пәндерін оқып, дайындалдым. Сол жылы кітап қалпына келтіру бөлімі ашылып жатты. Бұл бөлімге жетекшілік еткен – Ресей ғылым академиясының академигі И.Э.Грабарь атындағы ғылыми-зерттеу қалпына келтіру орталығы мен Шетел әдебиеттер кітапханасының зертханасы. Ең үздік мамандар тартылды.
Мен екінші қабылдау легімен оқуға түсіп, 5 жыл кітап пен графика қалпына келтіру бөлімінде оқыдым. Оқуымды үздік аяқтадым. Маған Мәскеудегі Шетел әдебиеттер кітапханасына және Грабарь орталығына жұмысқа шақырту түсті. Шетел әдебиеттер кітапханасын таңдадым, өйткені ол жерде кітап қалпына келтіру бойынша өте мықты мамандар жұмыс істейтін.
Үш жыл сол жерде тәжірибе жинадым, әсіресе кітап түптеу ісін үйрендім. Себебі түптеу ісі көп тәжірибе арқасында жинақталатын білім. Негізгі білім алған соң, өз шеберханамды аштым, ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
Кітаптарды қалпына келтіруде қажет болатын құрал-саймандарды арнайы тапсырыспен жасаймыз. Еуропада мұндай дәстүр бар – онда бұл кәсіпке жүздеген жыл, ал бізде Кеңес дәуірінде үзіліп қалған. Сондықтан кейбір жабдықтарды өзім жасап шығардым. Осы жабдықтарға Қазақстаннан да тапсырыс болды – осылайша Алматыға жолым түсті.
– Сізді кітаппен жұмыс істеуге не қызықтырады?
– Алғашында бұл салаға жақсы ұстаздар бар болғаны үшін келдім. Бірақ кітапқа деген махаббат бала кезімнен бар. Үйімізде кітап көп болды, ата-анам да, өзім де көп оқитынмын.
Қалпына келтірудің ең қызықты жағы – өзгеріс процесі. Алғашында кітап парақ-парақ болып шашылып жатады, ал жұмыс соңында қайта қалпына келеді. Бұл — шығармашылық жұмыс, түптеу, арнайы қаптамалар, былғарыдан мұқаба жасау – бәрі де өнер. Әлемнің әр бұрышынан келген тапсырыстар әртүрлі. Жеке коллекционер болсын, мемлекеттік мекеме болсын – бәрі кітапты құрметтейді. Бұл жұмыстың бір жақсысы – алғысы көп. Қаржылай да жақсы бағаланады. 2002 жылдан бері, яғни 23 жылдан астам осы іспен айналысып келемін.
– Қалпына келтіруде қандай қателіктерге жол беруге болмайды?
– Реставраторлықты бес жыл арнайы оқып, білім алғанымды айттым. Барлық әрекет ғылыми әдістемеге негізделуі керек. Кез келген қателік – кітапқа зиян. Сондықтан алдын ала фотофиксация, сақталу жағдайын сипаттау, реставрациялық тапсырма жазылады. Бұл құжат арнайы реставрациялық кеңесте қаралып, бекітіледі. Тек содан кейін ғана жұмыс басталады.
Реставрация — тек бір бөлігі. Барлығы кітаптың, қолжазбаның қалай сақталғанына байланысты. Егер сақтау дұрыс ұйымдастырылмаса, қалпына келтірудің де мәні жоқ. Алдымен сақтау, одан кейін алдын ала консервация, ең соңында ғана – реставрация.
– Алматыға келіп, түрік тілін үйренгеніңізді естідік. Не себеп болды?
– Жұмыс орнымызда өткен жылы жөндеу жұмыстары жүріп жатты, бос уақытым көп болды. Содан осында жұмыс істейтін бір әріптесім түрік тілі курсына шақырды – мен келістім. Қазақстанға келгенде байқағаным – көп адам бірнеше тілде еркін сөйлейді. Қазақ, орыс, ағылшын, тіпті түрік тілін де біледі. Түрік тілі қазақ тіліне жақын, үйренуге ыңғайлы. Сабақтар көңілді өтті, материал көп. Өз-өзінен үйренуге ниет пайда болды.
– Түрік тілін білу реставрацияда көмектесе ме?
– Шетел тілін білу – кез келген салада артықшылық. Түркияда кітап қалпына келтіру өте жоғары деңгейде дамыған. Олар шығыс кітабына, араб қолжазбаларына маманданған. Бұл бізге де пайдалы, өйткені Қазақстанда сондай кітаптар өте көп. Сондықтан түрік мамандарымен байланыс орнату – маңызды.
– Цифрлық реставрация туралы не ойлайсыз?
– Өте қажет іс. Қағаз – уақыт өте ескіретін материал. Атмосфера, ылғал, жарық – бәрі оған әсер етеді. Сондықтан кітапты цифрлау – оның өмірін ұзартудың, зерттеушілерге қолжетімді етудің бір жолы. Бірақ цифрлық нұсқа – тек көшірме. Физикалық объектіні сақтау өте маңызды. Себебі шрифті, қағаз құрылымын, мұқабасын зерттеу үшін түпнұсқа қажет.
– Кітап арқылы қазақ мәдениетін тануға мүмкіндік болды ма?
– Қазір мәдениетпен танысу жолының басындамын. Негізгі уақытым – қызметкерлерді оқыту мен зертхананы ұйымдастыру. Бірақ алғашқы жобамыз – «Абай жолы» кітабын безендіру болды. Біз қазақ орнаменттерін, ою-өрнегін зерттедік – 3000-нан астам түрі бар екен. Олар — ақпарат жеткізудің көне тәсілі. Мұқабаға арнайы боялған былғары, ұлттық ою-өрнек қолдандық. Қазақтың даласы мен киіз үйінің сұлулығын көрсетуге тырыстық.
Қазір біз екі қолжазба Құранмен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл да бөлек өнер. Жаңа технологияларды меңгеріп, қажет болған кезде ресейлік әріптестермен кеңесеміз. Олармен тығыз байланыстамыз. Қажет кезде Иран, Түркия мамандарын тартамыз. Меморандумдарға қол қойдық. Жаңа тәжірибені үйрену – қызықты.
– Сізге ерекше әсер қалдырған кітаптар болды ма?
– Әр кітап – өзінше ерекше. Көбі бүлінген, ластанған. Сондай кітаптарды қалпына келтірудің өзі қызықты әрі талапты жұмыс. Жұмыс барысында көп «тосынсый» болады. Тәжірибемде А.С. Пушкин өз қолымен жазып, сурет салған қолжазба кітапты қалпына келтірдім. Бұл – үлкен жауапкершілік. Тағы бір есте қалған жұмыс – Иван Федоров баспаханасынан шыққан алғашқы кітаптардың бірі – «Апостол».
– Қазақстан мен Ресей қалпына келтіру мектебінің айырмашылығы бар ма?
– Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Методика бір. Өкінішке қарай, Қазақстанда реставраторларды дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Бірақ посткеңестік кеңістікте реставраторлар қауымы өте аз. Дегенмен, реставратор мамандар бір-бірін таниды, жиі кездеседі, семинарлар өткізеді – онлайн да, офлайн да. Қазақстан мамандары Ресей, Түркия, Грузия, Армения, Әзірбайжанға барып тәжірибе жинайды. Мұнда ерекшелік – көптеп кездесетін шығыс қолжазбалары. Сондықтан біз дәстүрлі шығыс түптеу техникасын үйреніп жатырмыз. Бірақ жалпы мектеп ортақ – біз бәріміз бір-бірімізден үйренеміз.
– Қазақстанда сізді несімен таңғалдырды немесе қуантты?
– Ең алдымен – адамдардың мейірімділігі мен қонақжайлығы. Қазақстанда шын жүректен қолдау көрсететін, ашық, ақкөңіл жандармен жиі жолықтым. Бұл қасиеттер ел ішінде қалыпты нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ сырттан келгендер үшін өте әсерлі. Бұл – Қазақстанның ерекше құндылығы.
Алматының таулары, күн сәулесі, дәмді тағамдары – бәрі де осы мейірімділікпен үйлесіп, бұл жерді шынымен де ерекше етеді. Мұнда болғың келеді, бергің келеді, үлес қосқың келеді.
Менің Қазақстанға келгенім осындай маңызды жоба – Ғылым ордасында Реставрация орталығын құрумен тұспа-тұс келгеніне шын қуаныштымын. Мені жылы қабылдаған ұжым мен басшылыққа алғысым шексіз. Осы үш жыл бойы жұмысқа қуана барып, күн сайын өз үлесімді қосуға тырысып келемін. Қазақстандағы реставрация ісінің жоғары деңгейге көтерілуіне септігім тисе – мен үшін үлкен мәртебе.
Тақырыпқа орай: Қазақстанда ғылыми консервациялау және қалпына келтіру орталығын ашу жоспарлануда. Бұл осы саладағы мамандардың тапшылығы аясында қажетті қадам. Бүгінде елде бірнеше ондаған кәсіби қалпына келтірушілер бар. Жаңа орталықта мамандарды оқытады, зерттеу базасын дамытады және халықаралық стандарттарды енгізеді. Бұл туралы Астанада өткен III қазақстандық музей конгресінде айтылды.