Адам ағзасында ми – ең күрделі, ең маңызды орган. Оның жұмысы бүкіл жүйке жүйесін, барлық дене мүшелерін басқарады. Ғылым мен технологияның дамуына қарамастан, ми қызметінің көптеген қыр-сыры әлі күнге дейін толық ашылған жоқ.
Мидың саулығы – адамның өмір сапасының негізі. Осы себеп негізге алынып, 2014 жылы Дүниежүзілік неврология федерациясы (World Federation of Neurology) 22 шілдені Дүниежүзілік ми күні деп белгілеп, оны жыл сайын атап өтуді ұсынды. Бір жағынан бұл дата федерацияның 1957 жылы құрылған күнімен тұспа-тұс келеді. Қазір бұл ұйым 125 елдің невролог мамандарын біріктіріп отыр.
Ми – адам ағзасының басқару орталығы
Ми – орталық жүйке жүйесінің негізгі бөлігі. Ол ағзадағы оттегі мен энергияның 20 пайызын тұтынады. Мидың 73%-ы судан тұрады, сондықтан сұйықтықтың жетіспеуі зейін мен есте сақтау қабілетіне тікелей әсер етеді.
Зерттеулерге сүйенсек, адам миы 2,5 миллион гигабайт көлемінде ақпаратты сақтай алады. Алайда ақпаратқа оңай қол жеткізу оны есте сақтау қабілетін әлсіретеді. Керісінше, күрделі жолмен алынған білім ұзақ уақыт сақталады.
Миды зерттеу – медицинадағы ең маңызды бағыттардың бірі
Ми мен жүйке жүйесіне қатысты аурулар ауыр салдарларға әкеліп, адамның өмір сапасын күрт төмендетуі мүмкін. Неврологиялық дерттерден кейін мүгедектікке шалдығу, еңбекке жарамсыз болу, тіпті өлім жағдайлары да жиі кездеседі.
Сол себепті невролог мамандар миды зерттеуге, оны қорғаудың жолдарын іздеуге, жаңа технологияларды қолдануға, тәжірибе алмасуға баса назар аударады.
Адам миы туралы таңғаларлық деректер
1. Адам миы дене салмағының бар болғаны 2%-ын ғана құрайды, алайда ағзадағы энергияның 17%-ын және оттегінің 20%-ын тұтынады.
2. Ми жасушалары көп энергияны қажет етеді. Егер ми оттегі мен қоректік заттармен дұрыс қамтамасыз етілмесе, неврологиялық аурулар мен дисфункциялар дамуы мүмкін.
3. Адам миының 73%-ы судан тұратынын айттық. Егер мидағы сұйықтық деңгейі 2%-ға төмендесе, зейін мен есте сақтау қабілеті нашарлай бастайды. Сусыздану ми үшін қауіпті.
4. Адам миында 100 миллиардқа жуық нейрон бар.
5. Мидың жады шамамен 1000 терабайт ақпарат сақтай алады.
6. Нейрондар арасындағы байланыстардың жалпы ұзындығы 1 миллион шақырымнан асады – бұл Ай мен Жер арасындағы қашықтықты үш рет жүріп өткенмен бірдей.
7. Миды шынықтыру керек. Ми да бұлшықет секілді: егер оны жаттықтырмасаңыз, ол әлсірейді. Ең тиімді жаттығу – жаңа іспен айналысу.
8. Мидың көлемі ақыл деңгейіне әсер етпейді.
9. Жүйке импульстарының таралу жылдамдығы – сағатына 288 шақырым. Жас ұлғайған сайын бұл жылдамдық шамамен 15%-ға төмендейді.
10. Ми электр қуатын өздігінен өндіреді.
11. Ми ешқашан толық ұйықтамайды. Адам ұйықтаған кезде ми күндізгі тәжірибені сұрыптап, маңызды ақпаратты қысқа мерзімді жадтан ұзақ мерзімді жадыға көшіреді.
12. Ми ауырсынуды сезбейді.
13. Ми – адам денесіндегі ең майлы орган. Мидағы майдың көлемі – 60%
14. Күйзеліс пен көру – мидың жұмысына әсер етеді. Ұзаққа созылған күйзеліс ми құрылымы мен оның функциясын өзгертеді.
15. Ми ер адамдардың дауысын жеңіл қабылдайды – бұл да ғылыми дәлелденген жайт.
16. Көру жүйесі – мидың маңызды бөлігі. Сондықтан көру қабілетін күтіп, үзіліс жасау, көзге арналған жаттығу жасау өте маңызды. Қажет болған жағдайда көру қабілетін дер кезінде тексертіп, түзету керек.
Мидың саулығы – бүкіл ағзаның саулығы. Сол себепті неврологиялық аурулардың алдын алу, уақытылы тексеріліп отыру, алдын алу – өте маңызды.
Мидың саулығын сақтау үшін не істеу керек?
Невролог дәрігерлердің кеңестері:
• Зиянды әдеттерден бас тарту (темекі, алкоголь, т.б.)
• Жүйелі әрі сапалы ұйқы мен дұрыс тамақтану
• Физикалық белсенділік, таза ауада серуен
• Ми жаттығулары: сөзжұмбақ шешу, логикалық есептер шығару, оқу
• Интеллектуалды ортада болу, пайдалы әңгіме айту
• Күйзелісті азайту, релаксация мен тынығуға көңіл бөлу
Адам миы – біз білетін ең күрделі жүйе. Ол үнемі жұмыс істеп тұруы керек, себебі қолданылмаған ми жасушалары өледі. Ағза қажетсіз жүйелерге энергия жұмсауға бейім емес.
Сондықтан миды күтіп, оны үнемі дамытып отыру – адамның өміріне, есте сақтау қабілетіне және денсаулығына тікелей әсер етеді.