2025 жылғы 5 желтоқсанда Оқушылар сарайының дөңгелек залында Алматы қаласының Жас сайлаушылар клубының «Цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу – негізгі демократиялық үдерістерді дамыту факторы» тақырыбындағы екінші отырысы өтті. Іс-шараны Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды.

Отырысқа 70-тен аса адам – Жас сайлаушылар клубының мүшелері, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері, цифрландыру саласының мамандары, сондай-ақ жастар ұйымдары мен мектептердің өзін-өзі басқару құрылымдарының өкілдері қатысты.

Кездесудің модераторы Алматы қалалық АСК төрағасы Айгүл Калыкова болды. Ол отырысты ашып, Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында айқындалған цифрлық трансформацияның маңыздылығын атап өтті.
Бағдарлама аясында төмендегі баяндамалар ұсынылды:
* Бостандық ауданының АСК төрағасы Шолпан Калиаскарова – «Сайлау үдерісінде ЖИ мен цифрлық құралдарды қолдану»;
* ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы қаласы филиалының директоры Айнур Идрисова – «Белсенді азаматтық қоғам қалыптастырудағы жастармен жұмыстың рөлі»;
* «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Руслан Бармашёв – «Smart City жобаларында ЖИ қолдану»;
* Мектептің өзін-өзі басқару көшбасшысы Максим Пак – «Сайлау үдерісіндегі ЖИ мүмкіндіктері».
Спикерлер цифрлық технологияларды енгізудің нақты мысалдарын келтірді: сайлаушылардың электронды тізімдеріне көшу, ақпараттық қауіпсіздікті арттыру, жасанды интеллектті бейнеаналитика жүйелерінде, қалалық Жедел басқару орталығында, медицина мен жол инфрақұрылымында қолдану. Сонымен қатар бюллетеньдерді өңдеуде, аномалияларды анықтауда, сайлаушыларға арналған чат-боттарда және қоғамдық пікірді талдауда ЖИ-дің болашағы сөз болды. Сонымен бірге дипфейктер мен алгоритмдік қисықтық сияқты тәуекелдерге де назар аударылды.

Шақырылған қонақтар қатарында Алматының жастар комьюнити-орталықтарының жетекшілері мен олардың орынбасарлары, саяси партия өкілдері, сондай-ақ мектептердің өзін-өзі басқару белсенділері болды.
Баяндамалардан кейін пікірталас өтіп, қатысушылар цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің сайлау ашықтығын арттырудағы рөлі және жастардың демократиялық үдерістерге қатысуын күшейту мәселелері бойынша ой бөлісті.

Отырыс қорытындысында Айгуль Калыкова барлық қатысушыларға белсенділік танытқаны үшін алғыс айтып, мұндай кездесулер жастардың демократиялық үдерістерге қатысу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
