ffin.kz

Cыйлық берудің де өз әдебі бар

Cыйлық берудің де өз әдебі бар Суреттерді түсірген - Самат

Ұлттық құндылық         


Той-томалаққа, қонаққа жиналсақ, құр қол бара алмаймыз. Үйге мейман келсе де, «қуыс үйден құр шықпа» деп сый-құрмет көрсету - қанымызға сіңген қасиет. Өйткені, халқымыздың түсінігінде сыйлық беру – сөзбен айтып жеткізе алмайтын ыстық ықыластың, сүйіспеншіліктің, құрметтің белгісі. Ал ислам дінінде ғұламалар «адамға сыйлық беріп қуанту – Алланы сүйсіндіріп, қуантумен тең» дейді.


Қазақ  – сыйлық беруді ерекше жақсы көретін, көңілі дархан жомарт халық. Сүйінші жаңалық әкелген адамға астындағы атын сыйлап жіберетін, көрімдікке тай атайтын, үйіне жиені келсе, бота-тайлақ байлайтын ата-бабаларымыз бір-біріне сый-құрмет көрсетуден алдына жан салмаған.


Қазіргі әлеуметтік желілер дамыған заманда жұрт бергенін де, алғанын да жарияға жар салып көрсетіп жатады. Әсіресе, миллиондаған оқырманы бар блогерлер мен танымал адамдар жақындарына көлік, қажылыққа жолдама, брендтік бұйымдарды сыйлап жарысқа түсіп жатқандай көрінеді. Шама келген жақсы-ақ, әрине, бірақ асыл дінімізде сыйлық берудің де өз әдебі бар.



Сыйлық беру әдебі



  • Өзіңізге берілген сыйлықтың құны мен сапасына қарамастан қабыл алу. Шынайы ықыласпен сыйлық берген адамның қолын қайтару дұрыс емес.

  • Сыйлық берілген кезде сыйлаған адамға ризашылық білдіру. Сыйлық беруші уақытын бөліп, ақ пейілімен сыйлаған дүниені қабылдағаннан кейін алғыс айту. Сыйлықты берушінің көзінше бір бұрышқа ысыра салмай, бұл сыйлықтың өзіне пайдалы болғанын, қажет екенін айту да мәдеиеттілікке жатады.

  • Сыйлық кейде бір адамға, кей жағдайда бір топ адамдарға арналуы мүмкін. Егер топтың бір мүшесін сыйлық беру арқылы  қуантып, қалған мүшелері ондай ілтипатқа ие болмаса, топ арасында дүрдараздық және өзіне қатысты нараздық тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, сыйлықтың сапасына да мән берілгені абзал. 

  • Сыйлық бір адамнан екінші адамға сый ретінде тартылған кезде, оның жеке мүлкі болып саналады. Кейбіреулер берген сыйлығына өкініп, қайтаруын талап етіп жататын кездері болады. Бұл іс, әлбетте, мәдениетті адамның әрекетіне жат қылық.

  • Сыйлық алған адам әркез өзіне сыйлық жасаған адамды ұмытпай, реті келген кезде сыйлық жасауға тырысқаны жөн.

  • Сыйлық бергенді міндетсініп, кейін сол адамнан өзіне қажетті затты алу немесе ісінің алға басуы, қызметінің алға басуын көздеу қайтарымын күту дұрыс емес.

  • Әр адамның талғамы бөлек, әркімнің сүйіп ішетін асы, аса қажетті ұнатқан заты болуы мүмкін. Сыйлық сыйлар кезде адамның жасы, ерекшелігі, талғамы ескерілгені абзал. Мысалы, жасы ұлғайған әйелге косметикалық зат сыйлау - әбестік.


Сыйлық беруге байланысты ұлттық дәстүрлер


«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» энциклопедиясында салт-дәстүріміздегі сыйлық беруге байланысты жол-жоралғының алуан түрі көрсетілген. Мысалы, байғазы, базарлық, баутағар, кәде, бетайғақ, көрімдік, сүйінші деген секілді жоралғылардың тізімі жалғаса береді. Осылардың ішінде кәдеге тоқталсақ.


Айтта, ойын-тойда тағы сол сияқты мейрамдарда берілетін сыйды немесе алымды «кәде» деп атайды. Кәде – ойын-тойдағы, әсіресе, құдалық, келін түсіру кезіндегі салт-дәстүрдің әсем бір көрінісі. Оны сұрауға, талап етуге әркімнің хақы бар. Кәде жасамау – дәстүрді сыйламау, яғни ел заңын бұзу деген сөз. Ұлт мәдениетінде кәде түрлері өте көп және оның ереже, жолы, заңы бар. Оны бұзуға болмайды. Кәдеге тоқтау жоқ, дәлел жүрмейді, сөз өтпейді. Кәде беру - міндет. Өйткені, жазылмаған заңымызда «ат өлсе де, кәде өлмейді» деген аталы сөз бар.



Той кәделері


Тойбастар, айттық, мүше сұрау, көрімдік, жыртыс, сарқыт секілді кәделердің бәрі сыйлық беруге байланысты. Тойдың түрлілігіне байланысты кәделер де бірнешеге бөлінеді.


Құдалық кәделері – қарғыбау, шеге шапан, қалыңмал, өлі-тірі, бата аяқ, той малы, атбайлар, құйрық-бауыр, сандық ашар, шай құяр, құда тартар, табаққа салар, отқа құяр, түйемұрындық, қосақбас, кебіс салар, құда аттандырар, т.б.; Күйеу кәделері – есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүтақы, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, мойын тастар, қыз қашар, ілу, көпшік қыстырар, күйеу аттандырар, т.б.;


Балаға арналған кәделер – ат қою, кіндік кесер, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсаукесер, көрімдік, т.б.;


Қаза кәделері – садақа, жыртыс, арулау, қабыршы кәдесі, киім беру, дұға оқыту, т.б.


Көрімдік: Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға, тағы басқаға алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау - халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы адал ниет, ерекше ықыластың бір белгісі, көз тиюден сақтанудың ырымы түрінде сипатталады. Байғазы мен көрімдік - екеуі екі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға берілсе, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.


Қалау: Біреудің жақсы затына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйге барып қалау қалайды. Ол үшін алдымен үй иесінің ұлына қамшы, қызына алқа, білезік сияқты бағалы зат сыйлайды. Қонағының емеурінін байқаған отағасы оны аттандырар алдында «қалауыңды айт» дейді. Қонақ қалаған мал-мүлкінің атын атайды. Қазақ салты қалауды сөзсіз орындауға міндеттеген. Сондықтан үй иесі қонағының көздеген қалауын ризалықпен береді. Қалаушы кімнен, не қалау керек екенін біліп, көңілінің қалып қоймау жағын ескеріп отырған.



Тақырыпқа орай:


Асыл БАЙДАРАЛЫ, этнограф:  Сыйлық берудің де жөні бар



Қазақ қоғамының салт-дәстүрі мен ғұрпында сыйлық берудің, құрметті адамның иығына шапан жабудың алатын орны ерекше. Ата-бабаларымыз шапанды көлденең көк аттыға емес, еліне сыйлы, халқына қалаулы жандарға берген, иығына шапан жабатын адамның тілегіне, пейіліне де зер салған. Біз тіпті шетелдік Джеки, Николас Кейджге, Францияның бұрынғы президенті Франсуа
Олландқа, боксшы Майк Тайсонның және Ресейдің рэп орындаушысы Тиматиге де қазақтың шапанын жаптық емес пе? Ұлттық киімдерімізді әлемге әйгілі тұлғалардың кигені керемет, мұның еш әбестігі жоқ. Бірақ өз басым, қазіргі заманда халқымыз той-томалақтарда бір-біріне ешкім кимейтін қырғыздың шапанын жабу, базарда толып тұрған ұсақ-түйек сыйлықтарды беруі артық шығын деп есептеймін. Бір сандықтан екінші сандыққа көшіп жүретін шапандарды, киітке арналған киімдерді ешкім кимейді. Ал дизайнерлік ұлттық киімдерді алуға екінің бірінің шамасы келе бермейді. Қытайдың түкке жарамайтын пластмас ыдыстары мен тойбастарға салынатын  шұрым-бұрым кәдесыйларын алмағанымыз жақсы деп ойлаймын. Сый-құрмет көрсетуде адамдардың бірінен-бірі қалмайын деп қаржысын жоқтан өзгеге жұмсауы немесе дарақыланып қымбат сыйға жүгіруі дұрыс емес. Сый-құрмет көрсетудің де өз жөні бар.

 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40