ffin.kz

«Әкең келе жатыр!»

«Әкең келе жатыр!» almaty-akshamy.kz

Қазақ отбасында ер адамның орны жоғары болған


Алматыда көп жасаған ата-әжелер аз емес. Олардың арамызда әлі жүре тұрғанын қалаймыз. Себебі, өмір көрген қарттар бізге бағдаршам іспетті, көрген-түйгенін, ақыл-кеңесін айтып отырады. Ал сол көшелі қариялар жүрген ізбен жүрсек, адаспасымыз анық. «Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген нақыл бар.


Біз «Almaty aqshamy» газетінің ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманы, 90 жасқа келген әдемі әже, еңбек және тыл ардагері, зейнеткер ұстаз Зейнеп Қасымқызы Бексейітоваға "Адамгершілік, мейірім, ізгілік, бақыт туралы не айтасыз?", "Отбасы құндылығы деген не?", "Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?" деген сынды бірнеше сауал тастаған едік. Тыңдап көрейік.



– Қазіргі ұрпақ бақытты ғой, бейбіт заманда, баршылық, тоқшылықта өмір сүріп жатыр. Біздің жас күніміз соғыс жылдарында өтті. Ер адамның бәрі соғысқа кеткен. Ауылда қалған әйелдер мен бала-шаға қыс айларында сығырайған май шамның түбінде отырып, майданға үш саусақты қолғап және шұлық тоқып өткізетінбіз. Ал жазда колхоздың егіс жұмысына қойып кетуші едік. Өлең, тақпақ айтып жүріп масақ теретінбіз. Сол күндер бізді шыңдады. Ерте есейтті. Қиналып жүрсек те, білімге ұмтылдық. Бізге мектепте сабақты әскерден жаралы болып келгендер оқытатын. 7–10-шы класқа келгенде, институт бітіріп келген мұғалімдер сабақ бере бастап, көзіміз ашылып, ілім-білімге құштарлана бастадық. Институт табалдырығын да аттадық. Жоғары оқу орнында орыс тілінен қиналатынбыз. Ол күндер де артта қалды. Институтты физика-математика мамандығы бойынша бітіріп, зейнетке шыққанға дейін мектептерде және институттарда ұстаздық еттім.



***


– Жасыратыны жоқ, айналайын, қазіргі жастарға төзімділік, шыдам жетпей жататын сияқты. Өмірдің тек тақтайдай теп-тегіс еместігін, оның күнгейі мен көлеңкелі тұсы болатынын біліп өссе дейміз ғой. Біздің тұсымызда ажырасу деген ұғым болмайтын. Екі жас өмір бойы бірге боламыз деп бас құраған соң, алға қарай бірге ұмтылып, қиындықтарды бірге жеңуге тырысу керек. Бақытты өмір сүру әркімнің өз қолында.


Бақыт деген – ерлі-зайыптының бірбіріне адалдығы, қамқорлығы, балаларының аман-есен өсіп-жетілуі, жан-жағыңның амандығы. Жалпы, шаңырақта тәрбие мен тәртіп болған жерде, бақыт өзі-ақ есік қағып келіп тұрады деп ойлаймын. Кешірімді болсын жастар бір-біріне дегім келеді.


***


– Телеарнадан «Астарлы ақиқат» деген бағдарламаны көріп қаламын кейде. Көрген сайын неше түрлі ой келеді басыма. Бағдарламада көбіне жеке адамдардың өмірі, жат қылықтары, келеңсіз кикілжіңдері жайында айтылып, бәрі қызылкеңірдек болып жатады. Әйелі ерінің бетінен алады. Ері шиеттей баласын тастап өзгеге кетіп қалады. Мұндай әдепсіздікті көпшіліктің алдына шығармау керекақ.



Үлкен де, кіші де бір-бірін сыйлап үйренсе деймін. Адам алдымен өзін сыйлап, өзін құрметтеп, бағасын білсе, ол өзгені де сыйлай алады деп ойлаймын.



***


– Кейбір жастардың сөйлеген сөздеріне, киген киімдеріне де ренжіп қалып жатамын. Алдыңда кетіп бара жатқан ұл ма, қыз ба, айыра алмайсың кейде. Бүгінде ер бала да шаш өсіріп, буып алатын болған-ау деймін. Белі ашық-шашық қыздарға да көңілім толмай қалатыны бар. Қазақтың қандай жақсы ұлттық киімдері бар. Мысалы, бір кәжекейдің өзін бірнеше көйлекпен, белдемшемен үйлестіріп киюге болады. Мәдениеттің өзі үстімізге ілген киімімізден де білініп тұрады.


***



– Қазақ отбасында ер адамның орны жоғары болған. «Әкең келе жатыр!» деген бір ауыз сөз сес болатын. Ал қазір ажырасу көбейіп кетті, әйелге қол көтеретіндер, тіпті өз баласына алимент төлемей қашып жүрген әкелер де бар. Әке беделін көтеру әйелге көп байланысты. Сондықтан отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымызға осы бастан ұлағатты сөздерімізді айтып отыруымыз керек. Ер балаға әке үлгі болса деймін, сөзімен де, жүріс-тұрысымен де.



Әйтеке би бір өсиетінде «Жақсы адамның серігі – ақыл, төзім, сабыр, үміт, татулық, бірлік» деген екен. Осы ұлағаттың ішіне бәрі сыйып тұр, қалқам. Балалардың, жастардың бәрі бақытты, білімді, ұлғатты болғанын барлық жан-жүрегіммен тілеймін, қызым!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49