Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істейтін қазақстандықтар арасында мұндай мысалдар өте көп.
Бұрынғы прокуратура қызметкері – қазір балықшы; бұрынғы банк қызметкері – қазір даяшы; бұрынғы сот орындаушысы – қазір бағбан... Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істейтін қазақстандықтар арасында мұндай мысалдар өте көп. Корей түбегінен күнкөрістің қамын, жақсы жалақы іздеп кететіндер саны жыл сайын көбеймесе, азайған емес.
Ресми мәліметке сай, Кореяда жұмыс істеу, білім алу, емделу, саяхат, дипломатиялық қызмет және басқа да мақсатпен 35 мыңға жуық Қазақстан азаматы жүр. Олардың арасында он мыңға жуығы сол ел үшін заңсыз еңбек мигранты болып саналады. Анығында, бұл сан тек ресми мәлімет қана. «Пана сұраушы» статусы арқылы жұмыс істеп жүргендермен қоссақ, еңбек мигранттарының саны басым.
Бірақ бізде Корея бағытындағы миграция жайында жүйелі зерттеу жүргізген жоқ. Тек кейбір ақпарат құралдарының, жекелеген блогерлердің әртүрлі мәліметтерімен шектелеміз. Оның өзінде де екі қоғамның айырмашылығы, барғандардың тапқан табысы секілді тақырыптардан аса алмай жатамыз. Турасында, Корея бағытындағы миграцияның табиғатын, оны түзген адамдардың жас-шамасынан тартып, мамандығы, құндылықтары (кәдуілгі немесе қабылдаған), отбасылық жағдайына дейін зерттеліп, бүгін мен ертеңге деген оңды, я теріс ықпалдары туралы алдын ала қорытындымыз қолда тұрса керек еді. Корей жеріндегі қазақтардың жай-күйі, жеткен жетістіктері мен тап болған қиыншылықтары, игерген жұмыс тәжірибелері мен сол ортадан сіңірген ғадеттері, олардың болашақта елге келгеннен кейінгі қазақ қоғамына деген ықтимал әсерлері – бұның бәрі дерлік біздің қоғаммен тікелей қатысты мәселелер. Ол кемінде бір толыққанды журналистік зерттеуге жүк болары анық. Сондықтан да аталған тақырып жайындағы алғашқы адымдағы зерттеуімізді оқырман қауымға ұсына кетелік.
Кореядағы «параллельекі кеңістік»
«Жұмысшылар отырған көлік Гиоңжудан шығып тау арасымен оңтүстікке, Пусанға қарай заулап келеді. Жол бойындағы жынысты тау, жайқалған егіс атыздары ұзақ уақыт қаладан шықпаған бізді сергітіп тастады. Кореяны тек қалалармен елестетуші едік, «Тау-даласы бар екен-ау» дейміз іштей. Көбінде құрылыс жұмыстарында болдық, таңда барамыз, қас қарая қоналқымызға жетеміз. Қала ішінен анда-мұнда саябақтарды болмаса, адам қолымен жасалмаған табиғи көріністі көрмегелі жылға жуық уақыт болыпты. Көлік терезесінен мына көріністердің ешқайсысын қалдырмай қарап, санама салып алып кеткім келеді. Бір жазыққа жеткенде көлік баяу қозғалды, алдыңғы жақта бірдеңе болған, сірә. Ондай жағдай бұл елде тез-ақ реттеледі. Онда шаруам болмады, керісінше айналама ұзақ қарау үшін көліктің баяу қозғалғанына қуанып келем. Жол шетіндегі егістікте егде тартқан корей егіншілері жүр. Қолдарында кәдімгі қырғыш не орақ ұстап алған, еңкеңдеп бірдеңелерін істеп жүр. Сәл жүргеннен кейін бір егіншінің үй алдында тор себетпен егіс дақылын түктеп отырғанын көрдім. Біз бала кезде көрген тор себет. Дақылды салып алып желпіп-желпіп қояды. «Әкәу, мұндайды әлі істетеді екен ғой!» деп таңқалдым.
Аз уақыттан кейін жол тығыны ашылып, көлік заулаған күйі Пусанға жетіп барды. Жарқыраған қала, көлік толы көшелер, сабылысқан адамдар. Әйнек қабырғалы электронды техникалар дүкеніндегі зат түрлеріне таңқалмасаң, шараң не. Қарапайым механизмдерден тартып күрделі жұмыс істей алатын роботтарға дейін сан түрін көресің. Ал менің көз алдымнан манағы егіншінің бейнесі кетпей тұр. Екі әлем, екі ұрпақ, екі түрлі Корея. Екеуінің арасында 60–70 жыл уақыт бардай. Бірақ реализмде бұл екеуі қазір бір уақытта Корей түбегінде болып жатыр. Маған қатты әсер еткен жағдай осы болды», – деп еді Ұранбек аға Корея жайындағы әңгіме арасында.
Иә, бұл Кореяда бірер жыл жұмыс істеп қайтқан көзіқарақты қазақ азаматы байқаған бір ғана жағдай. Айтпағы – елдегі дамудың алапат қарқыны. Дәстүрлі шаруашылық, бір ұрпақтың ата кәсібі жалғасып жатқан ауыл мен содан бірнеше он шақырым жердегі қала тынысының парқы. Бірақ бір ел, бір қоғамда қатар жүріп жатыр. Ескісін ескерусіз қалдырмағаны да, енді бір қырынан, арасында нәзік байланыс та бар. Айталық, Samsung компаниясының бір қызметкері зәулім ғимараттағы кеңсесінде, дамыған Пусанға қарай отырып, манағы егіншінің тор себетте түктеген дақылымен түстенеді дегендей.
Қазақстандық жұмысшылардың статусы
Қазақстандықтар Кореяда бір айға дейін визасыз жүре алады. Бірақ сол елде тұрақты әрі заңды жұмыс істеу үшін еңбек визасын ала алмайды. Астана–Сеул арасында жұмыс күшін алмасу немесе еңбек келісім-шартына қатысты ресми келісім болмағандықтан, ондағы отандастарымыз заңсыз жұмыс істеуші болып саналады. Ондағы қазақ азаматтары тап келетін қиыншылықтардың басы міне, осы мәселеден басталады. Олай болса, онда барған Қазақстан азаматтары қандай статусқа ие?
Кореяға барып бірнеше жыл жұмыс істеп келген отандасымыздың бірі, онда барғандар тікелей еңбек визасын ала алмаса да, жанама жолдарды пайдаланып жатқанын айтады. Оның бірі – бір ай визасыз тұра алатын мүмкіндігін пайдаланып, сол уақыт арасында «пана сұраушы тұлға», яғни G1 статусын алу, мұнымен 3 жылға дейін заңды тұруға болады немесе сол жақтағы корей азаматымен үйленіп F5 визасын алу; тағы бірі – инвестиция салу арқылы бизнес визасына қол жеткізу. Бұның ешқайсысы болмаған жағдайда заңсыз иммигрант әрі заңсыз жұмыс істеуші болып саналады.
Медициналық көмек пен құқық қорғалуы қандай?
«Бұлардың ешқайсысын алмай, бір айдан кейін қайтпай қалып заңсыз жүргендер де көп болды. Кореяда көшеде соңыңнан қуалап не аңдып жүрген полиция жоқ. Тек заңсыз еңбек мигранттарына қарсы жылына екі рет рейд жүреді. Сол кезде ұсталып қалғандар елдеріне депортация жасалады. Ал былай ұрлық, төбелес, жол апаты секілді жағдайдағы тексеру кезінде табылғандар да еліне қайтарылып жатады», – дейді Орынбек Дәбей атты отандасымыз.
Әдетте бір елдегі заңсыз мигранттар сол елде құқықтың қорғалуы ең төмен тұлға саналады. Кореядағы сондай азаматтарымыз еңбекақысын ала алуы, медициналық көмекке қол жеткізе алу-алмауы қалай болды екен деген сұрағымызға мынадай жауап алдық: «Жалпы, корейлерде жұмыс істеткеннен кейін еңбекақысын бермеу деген әдет атымен жоқ. Бар шығар, бірақ жергілікті корейлерден ондай көрген емеспіз. Керісінше, ТМД елдерінен барған немесе Қытайдан барған этникалық корейлер болмаса, мүлдем көрмеппіз. Кейде сондай басқа елден барған корейлер жергілікті азаматтардан жұмыс алып, шетелдік жұмысшыларға істетеді. Кейін еңбекақысын бермей қойған жайттар болған екен. Бірақ ол елде демократиялы, адам құқығы жоғары бағаланатын қоғам, жұмысшылардың, еңбекшілердің құқығын қорғайтын ұйымдар бар, «На дом бу» деп қояды корейше, сондай ұйымдар сот арқылы алып береді».
Пікір сұраған азаматтардың көбі корейлердің ұрыс-керіс, төбелес дегенге үрке қарайтын, өздерінде ондай қызуқандылық жоқ халық екенін айтады. «Тәртіп бұзып, полицияның тергеуіне түсіп елге қайтарылғандар немесе қамалғандар да болды. Корейлермен төбелеспейді, өзіміздің азаматтар арасында болып қап жатады. Кейде өзге елдерден келген мигранттармен дегендей. Оның үстіне ол жақта көлік арзан болғасын құжатсыз көлік айдап, жол тәртібін бұзып, сол арқылы ұсталғандар да болды», – дейді О.Дәбей.
Арнайы емделуге баратындар болмаса, жұмыс істеу мақсатында баратындар арасында ауырып қалатындар аз болатыны белгілі. Себебі, халықаралық статистикалық мәліметтер көрсеткендей, еңбек мигранттарының денсаулық жағдайы көбінде жақсы деңгейде. Ал Дәбей Орынбектің айтуынша, Кореяда еңбек үстінде жараланғандар, мейлі ол қай деңгейдегі жарақат болсын, емделу шығыны толықтай жұмыс берушілер жағынан өтеледі. «Жұмыс беруші тарап медициналық анықтамаға сай қанша күн еңбекке жарамай қалсаңыз, сонша күндік өтемақы төлейді. Бұл жағында күрделі мәселе болады деп айта алмаймын. Құрылыс саласында жүргенде ауыр жараланған жігіттер болды. Жарты жылға дейінгі емделу шығыны сол компания жағынан төленді», – дейді.
Пікір білдіргендердің айтуынша, онда барған азаматтар үшін ең үлкен қиыншылық – тіл мәселесі. Қолайлы, өзіне сай жұмыс табу және оны тікелей корейлерден алу үшін де тіл білген көбірек тиімді. Пікір иесінің бірі – Сайрангүл Дақанқызы. Ол Кореяда қазақстандықтар үшін аудармашы әрі жұмыс тауып беру қызметтерін ұсынып келеді. Корей қоғамын терең танып жатқан отандасымыздың бірі. «Корейлерден ағылшын тілінде бірнәрсе сұрасаң да, олар саған корей тілінде жауап береді. Егер, шынымен корей тілін білмей жатсаңыз ғана ағылшын тілінде жауап береді. Олардың ұлтшылдығын, өз еліне деген патриоттық сезімін содан да көруге бола-ды», – дейді сол елде 5 жылдан аса тұрған Сайрангүл.
Оның түсінігінде корейлер әлемдегі көптеген ұлттардың жақсы қасиеттерін қабылдай білген. «Олар кейде қазақтар секілді бауырмал, қытайлар секілді еңбекқор, ал тәртіпке келгенде жапондар секілді. Олар да бір кездері әлемнің әр еліне барып жұмыс істеген. Кейде испанша, неміс, француз тілінде сөйлесіп бара жатқан корейлерді көреміз. Кезінде сол елдерде көп жыл тұрып жұмыс істеп, қаржы жинап, өз еліне инвестор болып оралғандар көп. Ең бастысы, жұмысқа деген ынтасын, жұмыс тәртібін сақтауын, еңбекқорлығын айтуға болады. Әр ісіне табанды. Бір мақсат қойса, жұмыс істесе, не жағдай, қандай өзгеріс болса да, тіпті цунами болып қаланың жартысы жоқ болып кетсе де, сол ісін күнделікті жалғастыра береді. Жұмысқа келгенде сондай берік рухқа ие. Жалқау адамды олар «таза қанды корей емес» деп келемеждейді. Яғни корей деген ол ең бірінші еңбекқор адам сапасы деп санайды, соны ұлттық идеологияға айналдырған», – дейді Сайрангүл корейлердің біз үйренуге тұрарлық әдеттері жайында.
Келеңсіз оқиғалар да болады
Онда барған жерлестеріміздің бәрі табыспен оралды деу жаңсақтық. Екі елдегі БАҚ-ты шулатқан «Әуежайдан қашу» немесе «Жол апатын жасап қашып кету» сынды оқиғалар Кореяға бағытталған миграцияның келеңсіз бір қыры ғана. Тіпті, арасында адам саудасының құрбаны бола жаздаған қаракөздеріміз де болған екен. Қарағандының тумасы Тотыбала (аты өзгертілді) «жұмыс берушілердің» алдауына түсіп, соңында Мокпо қаласының қараңғы көшелерінде «түнгі көбелекке» айналып кете жаздаған. Абырой болғанда, жақындарының дер уақытында іздестіруімен елге оралып, аты жаман тағдырдан аман қалады.
Өкінішке қарай, оның өзімен тікелей тілдесіп сұхбаттасуға мүмкіндік болмады, жақындары да бұл жайында ақпарат беруді қаламайды. Онысы түсінікті де. Білуімізше, жұмыс іздеп барған екі қыз (бірі Тараз қаласынан) әлдебір делдалдардың жоғары жалақыға жұмыс тауып беретін уәделеріне сеніп, құжаттарынан да айырылып қалған. Бірі ерте сезіктеніп, сондағы таныстарына хабарласып үлгереді де, тәлейіне қарай құтылып шығады. Кейін өзі білетін мәліметтер арқылы бірге барған құрбысын табуға көмектескен. Бұдан өзге де түрлі заңсыз жұмыстарға тартылған немесе жергілікті жердің заң-ережесінен хабарсыз болғандықтан, заңсыз істерге араласып қалған мысалдар да табылады. Бұларды Кореяға барған немесе барғысы келген азаматтарға сақтық үшін айта кеткен де артық болмас.
Корей қоғамының ықтимал әсері
Оңтүстік Корея наным-сенім шектеуінсіз мемлекет. Христиандық түрлі ағымдардың қарқынды дәріптеліп жатқанына да көп жыл болды. Пікірлестерден бұл жайында сұрастырып көрген едік: «Христиандық шіркеулердің тегін тіл үйрететін курстары бар. Онда барып корей, ағылшын тілін үйреніп жүрген қазақстандықтар көп болды. Жанымдағы жігіттер де барып жүрді. Бірақ оның діни уағыздарына кетіп қалғандарды көрмедім. Христиандық шіркеудегі тегін курстардың түпкі мақсаты белгілі, сондай қайырымдылық шаралары арқылы өз дінін насихаттағысы келеді. Бірақ біз енді дәстүрлі ортадан шыққаннан кейін ондай уағыздарына бой алдырмадық», – дейді Орынбек Дәбей.
Оңтүстік Кореяның аумағы шағын болса да, қоғамы үлкен әрі күрделі. Онда барған 35 мың қазақстандық бір астау құмға тамған бір тамшы су іспетті. Бұндай қоғамнан қабылдаған түрлі құндылықтар болашақта отандастарымызбен бірге біздің қоғамға да келетіні рас. Кореяның дамыған, үздік салаларында, түрлі өндіріс, сауда және қызмет өтеу салаларында еңбек еткен отандастарымыз болашақта үздік тәжірибе, жақсы жұмыс этикасын ала келеді деген үмітіміз зор.
Оған қоса, көлеңкелі әсерінің болатынын да жоққа шығара алмаймыз. Тек біз үшін әр істің салдарымен емес, себебін алдын ала зерделеп, проблеманың алдына түсіп жүру абзал. Сондықтан да Корея бағытындағы миграцияны тереңдей зерттеп отыру болашақ қоғам үшін маңызды.