Құрылтайдағы айтылған оңды сөз!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда адамгершілік пен жауапкершілік, әділдік пен адалдық, бірлік пен ынтымақ сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеудің маңызына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы осы құрылтайда қоғамды жайлап бара жатқан әлеуметтік кеселдермен күресудің өзектілігін де тілге тиек етті. Осы бағытта асыл дінімізді дамытуға, оның ұлтты ұйыстыру жолындағы сындарлы рөліне жоғары мән берді. Бұл жердегі маңызды мәселе – елдің бірлігі мен тұрақтылығы.
Бұл – Қазақстанның басты ұстанымы. Осыған орай, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы кешенді мәдени-танымдық шараларды жиі өткізіп келеді. Бұл тақырып – «Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті» тақырыбындағы ІІ -ші Республикалық уағызшылар форумында жан-жақты қамтылды.
Осыған байланысты «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты қабылданды. Қабылданған доктринада өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды асыл қасиеттерімізді жаңғырту мәселесі кеңінен әңгіме өзегіне айналып отыр. Бұл мақсатта Қазақстан діни басқармасының бастамашылдығын еліміз бойынша қолдауға әбден болады. 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялаудың өзі қоғам өміріне тың серпін беріп отыр. Ол адамдар арасындағы гармониялық үйлесім мен жарасымды сыйластықтың негізін қалыптастыруға жасалған үндеу. Гармония – ғаламның үздіксіз өркендеуінің негізгі кепілі. Сондықтан Діни басқарма отбасылық гармония орнатуды негізгі бағыт етіп алып отыр.
Қоғамда өзіндік мүдделері мен мақсаттары бар түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштердің қатар жүретіні айқын. Демек, қарама-қайшылықтар болады. Бірақ оны бір өлшеммен, адамгершілік мұраттарына бағындыра отырып жетістікке жетуге әбден болатынын уақыт көрсетіп отыр. Әрине, бұл тұста сыйластық пен діни білімнің жарқын, иланымды көмегі қажет. Оның ең үлкені мұсылмандық дәстүрге жарасымды болуы тиіс.
Қоғам бірлігі – сол қоғамның ілгері басуын, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайтудың қуатты факторы. Егер бір елде қоғам бірлігі болмаса, ол елдің кез келген қиындықтардан шығу жолында елеулі кедергілер кездесе бермек. Ол үшін қоғамда консенсус болуы аса қажет. Ең бастысы, қоғам бірлігі ынтымақтастықта. Ол қоғамның дамуымен ортақ моральдық сезімдерге негізделген ынтымақтастық, оның ішінде механикалық ынтымақтастықтың аса қажеттігі сұралады. Әлемде оның даму барысына талай ғалымдар бас қатырған.
Мәселең, Француз әлеуметтанушылары Л. Болтанский мен Л. Тевено бірлік ұғымын қалыптастыруда алты әлемге мән беру қажеттілігін айтады.
Біріншісі – адам шабыты әлемі. Шығармашылық, ағартушылық негізгі ресурсы болып табылатын шабытқа ие болған туынды оның субъектісі.
Екіншісі – дәстүр, бедел, жеке қарым-қатынасқа назар аудару.
Үшіншісі – ынтымақ, теңдік, ұжымдық мүддені жүзеге асыруға ұмтылатын азаматтық әлем.
Төртінші, тиімділік пен өнімділікке бағытталған индустриялық әлем.
Бесінші, танымалдық пен қадір-қасиет ең маңызды категория. Алтыншы, нарық әлемі екен. Демек, уағыз дәрістерінде осы тұрғыда сөз айтылса, жарасымды болар еді.
Бүгінде қоғамдағы орнықты гармоноия алдыңғы орынға шығып тұр. Конфуций ілімінің «төрт кітабының» бірі – Ұлы ілім – «өнегелі тәрбие», «отбасын сақтау», «елді жақсы күйде басқару және әлемде бейбітшілік орнату». Мұнда мораль мен ізгілік өзара көмек үшін қолданылады. Қазақстан діни басқармасының бағдарламалық құжатында осылардың бәрі қамтылған. Осылардың ішінде – бірлік пен ынтымақтастықты айрықша атап өтуге болады. Себеп – ата-бабаларымыз «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Ырыс алды – ынтымақ»- деп тегін айтпаса керек.
Бурабайда өткен Ұлтық Құрылтайда адамгершілік пен жауапкершілік, әділдік пен адалдық бірлік пен ынтымақ сынды құндылықтар жүйесі қоғамда кеңінен дәріптеудің маңызы зоры әңгіме өзегіне айналуы тегіннен тегін емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды асыл қасиеттерімізді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Оны қуана қарсы алдық.
Ұлтты ұлт ететін – оның тілі, діні, ділі, әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі. Осы үш құрамдас құндылықтың негізі берік болса, ол ел өркениет жолына түсіп, дамиды. Жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз мен мәдениетімізді, тіл тазалығы мен ұрпақ сабақтастығын сақтаудық маңызының қуаттылығы да осында жатса керек. Бұл туралы Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда жан-жақты атап өтілді. Президент Құрылтайдағы өз сөзінде еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тосқауыл қою мәселесіне ерекше мән берді. Президент бұған дейінгі Түркістанда өткен Құрылтайда: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәріне бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанда Адал азаматтар құрады» деген болатын. Несі бар, әділетті айтылған.
Мемлекет басшысы арнайы тоқталып басымдық берген мәселелердің орындалуында халқымыздың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігі, саналылығы мен іскерлік тәжірибесі сынға түсері сөзсіз. Десек те өскелең ұрпақтың тәрбиесі – Президент атап өткендей, өте маңызды мәселе. Алға қойған іргелі міндеттердің жүзеге асуы, жоспарланған жұмыстардың жүйелі жүргізілуі, ұлт сапасының артуы білім мен ғылымға, оның дамуына тікелей тәуелді. Оны Президент сөзімен айтсақ, «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» дегенге саяды. Ал ұлы ғұлама әл-Фарабише айтсақ, «Адамның өз ар-ұжданы алдында адал, шыншыл болуы өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады». Бұл орайда қасиетті дініміздің атқарар рөлі зор. Бағыну да, құлақ асуда осы нүктеде тоқайласса дейміз. Бұл жерде отбасы тәрбиесінің атқарар рөлі зор. Ол туралы зиялыларымыз да айтып өткен.
«Елдің елдігін сақтайтын – тарихы, жол-жоралғысы, ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сақталып, көп буын қолданып келе жатқан жол», дейді ақын Мағжан Жұмабаев. Ал классик жазушымыз Ғабиден Мұстафин: «Жақсы тәртіп әдетке айналса – ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса – қырсық» дейді. Мұның бәрі – ұлттың бірлігін ұстаған сөзге тоқтаған жұртымыздың айнымас заңдылықтары. Осы жолдан адасу – тұйыққа тіремей қоймас еді. Түрлі заманды бастан өткерген халқымыз талай талқыға да түсті. Адастырсақ деген жаман тілеулілердің әрекеттері ұлтымызды әлсіреткенмен, олар көздегеніне жетпеді, өздері жойылып кетіп жатты. Қазақ халқы тәрбие жөніндегі ниетінің түзу, пиғылының шаң-тозаңнан таза екенін аңғартты. Ал осыны қаперіне алмағандар да болды. Кезінде Грек-Рим империясы өте алып мемлекет болған. Бертін келе империялық байлықтан басы айналған алып мемлекет ата-бабаларының сан-мыңдаған жылдар бойы ұстаған әдеп-ғұрпынан, ділінен, дінінен бас тартып, бірлік пен ұйымшылдықтан назар аудармауынан, байлық қуып, үлкенді сыйлаудан қалғандықтан, жезөкшелік пен ұрлық-қарлықты үдетіп жібергендіктен мемлекетінен айрылған. Кейін мыңдаған адамын қатерге тігіп, біріккен алып мемлекетті бөлек құрған. Қазіргі таңда алып империяның күлінің орнында Балкан түбегінде оншақты мемлекет өмір сүруде. Осы жерде, елім деген Абай, ұлтым деген алаштықтар еске түседі. Ұлттық сақтайтын – ұлттық салт-сана, дәстүр мен құндылықтар жүйесі. Осыны ұққан, бойына сіңірген ұрпақ қана ілгері басады. Демек, өркениеттің соңынан ілесіп, діннен, тілден, ділден бас тартпауымыз біздің мәңгілік мұратымыз болмақ. Біздің осындай алып жерде мемлекетімізді берік ұстап отыруымыз – бізге бабаларымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасы деп білген абзал.
Президент атап өткендей, діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Қазақстан Діни басқармасы бұл мәселені үнемі ескеріп келеді. Мемлекет басшысының отаншылдық қасиеттерді бойға сіңіру, дарынды жастарды қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу пайымдары – күнделікті өмірде орындалуы міндетті іс-әрекеттер. Қоғамдық этика қалыптастыру, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу ұлттық идеологияныңажырамас бөлігі ретінде бір сәтте есімізден шықпағаны абзал. Бүгінгі таңда Әлеуметтік зерттеулер орталықтары мен «Дінтанулық зерттеулер және экпертиза орталығы» бұл мәселеде көмек көрсетіп келеді. Жалпы, Құрылтай отырысы мазмұнға бай толық мәнінде өтті десек те болады. Онда барлық мәселе жан-жақты қамтылған. Ең бастысы – елдің бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы, экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы әңгіме өзегіне айналды.
Ата-баба дәстүріне сай, биыл да ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміз кәсіпкерлеріне үндеу жасап, қасиетті Рамазан айында қайырымдылық шараларын көп өткізуге шақыруы ықыласпен қарсы алынды. Бұл да азаматтарды ынтымақ пен бауырмалдыққа шақырудың бір амалы болса керек. Оның парасат-пайымында ізгілік жатыр. Хакім Абай өзінің мұсылман екенін өз өлеңдерінде үнемі қайталап айтып отырған. Ол: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», дейді. Аллатағаланың растығын мойындау – исламның негізгі қағидасы. Сондықтан Абай шығармашылығынан, мұсылмандық дүние танымнан өзге «ілім» іздеу жараспағандық болар еді. Иә, сөз түзелсе, ел түзеледі. Осыған сай, Шәкәрім бабамыз өзінің «Үш анық» атты еңбегінде: «Ең алғашқы білім – Алланың білімі» дейді. Осыны уағыз айтқанда естен шығармағанымыз абзал болар еді. Жоғарыдағы сөзімізде өзара сыйластық туралы айтып өттік. Осыған сай, бір мысал айту керек пе, айтайық. Жапондарда ұлт ретінде мықты етіп ұстап тұрған әдеп-ғұрып пен үлкенге сыйластық және император – Құдайдың ұлы деген сенім. Иә, ол бүгінде адамдарға абсурд болып көрінуі мүмкін. Бірақ бүкіл жапондықтар осы негіздің айналасына, осы идеяның төңірегіне жиналып, ұйыса білген.
Мемлекет басына қаншама қиындық туса да олар өздерінің ғибадатханаларына жиналып, елдің тыныштығы мен халықтың бірлігі үшін тағзым етуден әріге аспады. Жапон халқын біріктіріп тұрған нендей құдірет? Біріншіден, жапон халқының төл тарихымен біте қайнасқан әдеп-ғұрып құндылықтары, екіншіден, бірегей мәдениет пен салт-дәстүр сабақтастығы, үшіншіден, ел-жұртының отбасылық тәлім-тәрбиесінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнегесі, төртіншіден, жарасымды сыйластық әдібі, бесіншіден, эготизм, непотизм және жемқорлық секілді жегі-құрттардан таза әрі кіршіксіз тазалығы. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың да ұлттық негізі – бірлік пен ынтымақ. Сол үшін халқымыз елдіктің нүктесі, күн сайын болуы тиіс деумен құлшылық етіп келеді.
Бүгінде Иран жұртында 70 миллиондай халық тұрады. Олардың тең жартысы өзге ұлттар. Осыншама алып ел қалай басқарылып отыр? Парсының ежелгі патшасы Дарий осыған байланысты: «Біз мемлекетіміздің тұтастығын һәм ұлылығын мына жағдайда ғана – дін, тіл, бір болған жағдайда ғана сақтай аламыз» болыпты. Міне, содан бері парсы жұрты бір тіл, бір дінмен өмір сүріп келеді. Бізге де осы мазмұн керек!