Балаға шектен тыс қамқорлық көрсетіп, жақсы көру оның дамуына кедергі келтіреді
Ата-аналардың көбі, әсіресе, аналар баласы үшін бәрін өзі істеуге дайын тұрады. Қолдарынан келсе, аспандағы айды алып беруге әзір. Бауыр еті – баласы үшін ең жақсысын беріп, кез келген қиындық пен сәтсіздіктен қорғап, олар үшін ауыр жұмысты жасап беретін де осы ата-аналар. Осындай әрекеттері арқылы әке-шешесі балаларын тым өбектеп, өздерінің шектен тыс махаббаттарымен олардың өміріне зиян тигізеді екен. Әсіресе, мұндай қателікті аталары мен әжелері жібереді.
Алдымен өзіңіздің балалық шағыңызды еске түсіріп көріңіз. Ол кезде көпшілігіңіз мектепке өздеріңіз барып-қайтатынсыздар. Аулаға да бұрынғының балалары өздері шығатын, тіпті кейде ата-аналарыңыз достарыңыздың үйіне баруға да рұқсат беретін. Ал қазір еститініміз: «Қазір заман өзгерді, жалғыз жіберу қорқынышты». Соған сәйкес күнделікті көретін картинамыз да келесідей: Жасы 12-13-тен асқан, бойлары аналарынан бір басқа биік тұратын зіңгіттей ұлдарды не анасы, не әкесі спорт секциясынан күтіп алады. Осындай әрекеттері арқылы ата-аналар балаларының қауіпті сезінуіне мүмкіндік бермейді. Алайда мұндай әрекетті психологтар дұрыс емес деп санайды. Аулада балалармен болған түсініспеушілік кезінде төбелесіп көрмеген, ағаштан не велосипедтен құлап көрмеген бала ересек өмірінде болуы мүмкін деген барлық фобиялар мен комплекстерден арыла алмай, солардың кесірінің зардабын жиі тартады. Мұндай сәттерден балалар белгілі бір сабақ алып, оны бастан өткізгендері де дұрыс. Себебі психологтардың пайымдауынша, құлап қалған кезде тізені жырып, қанатып алғанда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ.
Келесі бір қателік – ата-аналар балаларының мұғаліммен немесе өзінің қатарластары арасында болған мәселелер мен түсінбеушілікті шешу үшін бірден көмекке келетіндігінде. Шектен тыс қамқорлық көріп өскен балалар күрделі жағдайлардан шығуды білмейді. Бұл жағдай ол өскенде қандай болмақ? Ересек өмірінде оның анасы «нашар» бастықтың алдында мәселесін шешіп бере алмайды. Шектен тыс қамқорлық көрсету арқылы ата-ана қиын жағдайдан ат-тонын ала қашатын өмірге бейімделмеген адамды өздері өсіріп шығарады екен.
Баланы оның істей алатын, қолынан келген ісіне қарай бағалап, мақтап тұрған жөн. Тіпті ол үшін еркелетіп қойса да болады. Бірақ мұнда да шектен шықпау керек. «Менің балам керемет, талантты, қолынан бәрі келеді, ол ешкімге ұқсамайды, бұған тең келетін адам жоқ» деген мазмұндағы сөздерді айту арқылы әр ата-ана баласына өзін бағалауды, құнын түсірмеуді үйретуге тырысады. Тек бұл жерде абай болатын нәрсе – оның бойынша менмендікті, тәкәппарлықты қалыптастырудан аулақ болу. Ата-анасы үшін теңдесі жоқ, ерекше болғанымен, басқалар үшін ол қатардағы қарапайым адам. Көбіне-көп асыра мақтау естіп өскен бала өз сыныптастарымен салыстырғанда, сәтсіздіктерге жиі ұшырап, ойындағысы бола бермейді. Нәтижесінде бүкіл әлемді өзіне келгенде әділетсіз деп санайтын адам қалыптасады.
Көптеген отбасында өткенді қазбалауға тыйым салынған. Осының нәтижесінде бала өзінің ата-бабасы кім екенін, немен айналысқанын білмей өседі. Шыққан тегін білмей өсетіндер баршылық, ал ата-анасы болса, балаларының алдында өмірінде қателесіп көрмеген адамдар кейпінде көрінгісі келіп, өздерінің өмірлерінде болған сәтсіздіктерді жасырып қалғысы келеді. Егер сіздер балаларыңызбен өміріңізде кездескен негативті, кері жағдайлармен бөлісіп, содан түйген ақылыңызбен бөліспесеңіз, өзін «идеалды адамның» жанында толық жетілмеген, «идеалды адамның» алдында өзін кінәлай беретін, жүйкесі жұқарған адамды тәрбиелеп шығарасыз.
Ағылшындардың «Баланы тәрбиелеме, олар бәрібір өзіңе ұқсайды. Одан да өзіңді тәрбиеле» деген сөзі бар. Егер әкесі аузынан темекісін тастамайтын, ал атасы қолынан темекі шығармаса, онда баласы да оның дәмін татып көреді. Және бұл жерде тыйым салу көмектеспейді. Ата-аналар баласының жетістікке жеткенін көргісі келсе, оған өзі үлгі бола білуі керек. Әрекетті сөзбен айтқаннан гөрі, іспен дәлелдеген жақсы.