Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды. Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге жеткізу жоспарда бар. Көрсетілген көлемдегі қаражатты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға арналған бюджет жобасында 45 млрд теңге қарастырылған, қосымша қажеттілік 71,9 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ Президенттің қаржыландыруды осы жылдың желтоқсан айында бастау туралы тапсырмасын орындау үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, ол бүгінгі Үкімет отырысының қарауына шығарылады.
«Бұл шешімді күтпей-ақ, Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашадан бастап 100 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыруды бастайды. Қазірдің өзінде 500-ден аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден өтінімдер келіп түсті. Қаражат фермерлерге екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қолжетімді болады. Бұл жерде биыл бағдарламаға тек 7 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ғана қатысқанын айта кету керек, шаруалардың өздерінің сұрауы бойынша келесі жылы барлық өңірден әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын тарту қажет», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Саланы ұзақмерзімді және қолжетімді жеңілдетілген несие беруге көшіре отырып, фермерлердің кредиттерін субсидиялау жүйесі қайта қаралатын болады.
Бұл бюджет қаражаты болмаған кезде туындайтын агробизнестің тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржыландыру болмаған кезде несие беруді шектеу мәселесі қайта қаралады, бұл – бизнестің наразылық көрсетуіне жол бермейді. Мысалы, «Даму» қоры арқылы қарыздарды субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Көрсетілген шаралар жекеше банктерді агроөнеркәсіптік кешенге несие беруге тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жиналған түсімнің сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта лицензияланған элеваторлар 43% жүктелді. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша элеваторлардың тәулік бойы жұмыс істеуі қамтамасыз етілді.
Астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа егіннен барлығы 7,2 млн тонна астық келіп түсті, оның 5,2 млн тоннасы – бидай. Жиналған астықтың қалған көлемі фермерлерде сақталуда.
Нарыққа реттеушілік әсер ету мақсатында Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты сатып алу шараларын қабылдауда.
Биылғы форвардтық келісімшарттар бойынша, сондай-ақ өткен жылғы ұзартуларды ескере отырып, Азық-түлік корпорациясы 1,2 млн тонна астық сатып алатын болады. Қазіргі уақытта 550 мың тонна немесе 46% астық сатып алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жаңа егіннің астығын тікелей сатып алу жүзеге асырылатын болады, дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі.
«Бірінші кезеңде, Үкімет резервінен 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу есебінен 150 мың тонна өнімді нарық бағасымен сатып алу ұсынылуда. Сатып алу бағасы кеше жарияланды. Астықты үлкен көлемде сатып алу үшін 75 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаржыландыру қажет етіледі», — деді А. Сұлтанов.
Астықты қабылдауға элеваторларды босату үшін астықтың орнын ауыстыру және сату жұмыстары жалғасуда. Биылғы 10 ай ішінде Қазақстан темір жолы 7,9 млн тонна астық тасымалдады, оның ішінде 1,9 млн тонна элеваторлар арасында тасымалданды, 6 млн тонна экспортқа жөнелтілді.
Тамыз-қазан айларында 3 млн тонна астық тасымалданды, оның 2,4 млн тоннасы экспортталды, оның ішінде Азық-түлік корпорациясының шығарғаны – шамамен 320 мың тонна.
Ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру мақсатында келесі жылы 5%-бен жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 200 млрд теңге көзделетін болады.
Сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығы техникасын шығару көлемдерін ұлғайту жоспарланған. Комбайндарды шығару көлемі 34%-ға, тракторларды шығару 43%-ға, тіркеме техникасын шығару 50%-ға ұлғайтылатын болады.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша «КЛААС» әлемдік компаниясының комбайндар шығару көлемін 50%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ фермерлер арасында сұранысқа ие AMAZONE фирмасының техникасын елімізде шығару жоспарда бар.
2025 жылға арналған жоспарда фермерлердің 1,9 млн тонна минералды тыңайтқыштарды сатып алуы көзделген. Бұған отандық зауыттарды аванстық субсидиялаудың қолданыстағы тетігі ықпал ететін болады.
Тыңайтқыштар бойынша импортқа тәуелділікті төмендету барысында биыл ҚазАзот кәсіпорнында аммоний сульфатын өндіру іске қосылды.
«Бағаның сақталуы мен тыңайтқыштарды тұрақты жеткізу мақсатында отандық өндірушілермен жаңа меморандумдар жасалатын болады. Бұрын қолданыста болған меморандумдар өз тиімділіктерін көрсетті. Қазіргі уақытта әр әкімдікпен нақты көлемдерді көрсете отырып, жеткізу кестелері пысықталуда, ол өндіруші зауыттарға бағдар болады», — деді А. Сұлтанов.
Бұған қоса, органикалық тыңайтқыштар өндірісін дамыту үшін 2028 жылдан бастап өнеркәсіпте өндірілетін тыңайтқыштардың құнын субсидиялау нормасы қолданысқа енгізіледі.
Отандық тұқым шаруашылығын дамыту үшін селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, аграрлық ғылым жүйесін зерттеу қызметінің заманауи әдістеріне және жаңартылған білім беру бағдарламаларына көшуді көздейтін кешенді жоспар іске асырылуда. Аталған шараларды орындау 2030 жылға қарай отандық тұқым себілетін егіс алаңдарының үлесін 75-80%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының базасында Жылқы өсіру институты жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта заңды тұлғаны тіркеу рәсімі жүзеге асырылды. Министрлікте қаржыландыру және штатпен қамтамасыз ету мәселелері пысықталып жатыр.
Агроөнеркәсіптік кешенді индустрияландыру ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Осы жоспар аясында өңдеу кәсіпорындарын инвестициялық мақсатта және айналым қаражатын толтыру үшін жеңілдікпен қаржыландыру көзделеді.
Жалпы, Кешенді жоспарда қарастырылған шараларды іске асыру күріш, жүгері, қарақұмық, күнбағыс, ет, сүт сияқты ауыл шаруашылығы тауарларының түрлерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ тамақ өнімдерінің көлемін 2028 жылға қарай 1,4 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі цифрландыру және автоматтандыру аясында бірқатар шаралар қабылданатын болады. Ең алдымен мемлекеттік қолдау шараларын алудың ашықтығын қамтамасыз ету жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында субсидиялау «бір терезе» форматына көшіріледі. Өсімдік шаруашылығында және мал шаруашылығында бақылау жүйесі енгізілуде, оның аясында барлық процестер бақыланатын болады.
«Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындау бойынша нақты ұсыныстар бар, жұмыстар жоспарға сай жүргізілетін болады», — деп түйіндеді сөзін ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.