ffin.kz

Апақай

Апақай


Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбайдың анасы Апақай жайлы естелігін тыңдағанда





****


Ана туралы аңыз да, қанатты сөздер де, болған оқиғалар да, әңгімелер де көп. Адамзат баласын нұрлы дүниеге әкелген,  «әлемнің жарығын сыйлаған» (Ғафу Қайырбеков) абзал аналар туралы асыл сөз, жақсы ниет, марапат ешқашан көптік етпесе керек.


«Дүниеге қан тамырдай тараған,


Ана – өмір, ана – бақыт, ана – арман.


Ана – бүкіл тіршіліктің тірегі,


Бәрі анадан қуат алған, нәр алған», – деп жырла­ғанбыз. Мен ғана емес, талай ақын жырына арқау етті.


«О, ана, абзал ана, ардақты ана,


Сабырлы, қорғасындай салмақты ана.


Ұлым деп сан мың батпан бейнет шексең


Бұл дастан  мыңнан бірі – қаңбақ қана.


О, ана, абзал ана, көрікті ана,


Күні-түн жырласам да шабыттана,


Ұлға деген теңіздей көңіліңнің


Бұл дастан  – бетіндегі көбік қана.


Терсем де сөз асылын, сөз шырынын,


Қай сөз бар көзін табар көп сырыңның.


Тербетіп талбесікті таңды атырсаң,


Бұл дастан  – бір минуттық көз шырымың…», – деп тебіренген таланттар да аз болмаған.


Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы – 60 пайызды құрайды екен.


Әйел. Билік. – Қос ұғым,


Айтылып жүр осы күн.


Билесе әйел ел-жұртын,


Несі айып, несі мін?


Аз ба әйел би болған,


Аймағына нұр болған?


Жерін қорғап ерлердей


Ел аузында жыр болған.


Тұмар ханым, Ұлпандар,


Ақжаулықты «сұлтандар».


Ұмай, ана Домалақ,


Елге үлгі дүр жандар…


Ана – қамқор, шырағың,


Шыңда өскен шынарың.


Ана – өмір, тағдырың,


Тіршілігің – бұлағың.


Ұлықтатып есімін,


Тербетеді қос ұлын:


«Бір қолымен – Әлемді,


Бір қолымен – Бесігін!».


Аңыз аналар шүкір, аз дәріптеліп жатқан жоқ. Ал күні кеше ғана өмірден озған, кейбірін көзіміз көрген, кейбірін сырттай білген абзал аналарды елге таныту, өнегесін тарату жасыратыны жоқ, әлі қолға мықтап алынбауда. Қазақ ақын-жазушы­ларының, театр мен кино қызметкерлерінің арасында аңызға айналған аналарымыз баршылық: Олар – Әбіш Кекілбайдың анасы Айсәуле, Асанәлі Әшімовтың  анасы – Тәжіхан, Асқар Сүлейме­новтің анасы Айтоты, Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңылғаным, т.б. балаларының соңына еріп, балапан­дарын қанатының астында өсірген дала құстарындай ғұмыр кешті, сол еңбектерінің нәтижесінде перзенттерін арман асқарына шығарды.


Асанәлінің анасы Тәжіхан 44 жасында Алматыға келіп, 44 жыл осында ұлымен бірге тұрды. Бірге қиналды, бірге қуанды.


«Барлық аналардың тағдыры бірдей, ұқсас көрінеді. Олардың көрген бар ауыртпа­шылығы, жалғыз ұлдың бақыты, нұрлы болашағы үшін басынан өткізген тар жол, тайғақ кешулері сондай ұқсас. Осы жолда қайран біздің шешелеріміздің ең алдымен Арды ойлағанын есіңе аласың. Олардың бар өмірі осы ұғыммен өрнектелді.


Анасы үшін баласы қанша өмір белесінен асса да, қанша атақ-даңққа бөленсе де ол – бала. …Анасы үшін сол бала бейнесінде қалады.


…Кейде бір ой келеді. Қазаққа тұлғалы азаматтар сыйлаған осындай аналардың жиынтық образын жасап, неге зәулім ескерткіш орнатпасқа?!».


Қали Сәрсенбай інімнің «Өнер-өмір» (226-бет) атты кітабындағы осы бір ойы менің әлі күнге есімнен кетпейді.


Кешегі алапат соғыс кезінде ерлерін майданға аттан­дырып, өздері тылда егін еккен, мал баққан, перзенттерін өсіріп-тәрбиелеген. Мұқағали ақын жырлағандай, «Ұйықтамайтын тек қана көз ілетін, көзін ілсе еріне кезігетін» аналардың бір парасы  осы жайсаңдар.


Қазақ жерінің әр түкпірінен келсе де, Алматыдағы зиялы қауымның ортақ анасына, қазына-қариясына айналды. Осы бір жандардың өнегелі істерін, қадірлі қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу «Руха­ни жаңғырудың»  бір маңызды міндетін жүзеге асырғандық болар еді.


Бүгін жоғарыда сөз еткен абзал жан­дардың санатына жататын, бар ғұмырын, қызығын жалғыз ұлының  жолына бағыш­таған, сонымен бірге «студент» болып, «квартирант» болып күн кешкен, 98 жыл өмір сүрген Сәбит Оразбайдың анасы Апақай қария туралы сөз қозғамақпыз.


 


Қаламгер-актердің естелігінен:


«…Жақында бір түс көрдім.Түсімде анамды көрдім.Үстіндегі киімдері ақша бұлттай аппақ, бірақ аяғы жалаңаяқ. Мен сұрақ қояйын десем, қойғызбайды, маған қарап: «Мен Алматыға емес, келесі жылы (осы сөзін көзі тірісінде, бұрынырақта да айтқан болатын) алғашқы қар жауғанда тауға кетемін  дегенмін. Аппақ болуым содан», – деді де, бұрылып кете берді.


Анамның аты – Апақай. Аппақ ай деген сөзден алынған ғой. Бар көргенім осы. Осылайша түн ортасында шырт ұйқым­нан оянып кеттім. Ұйқым ашылып кетті. Света:


– Не болды, терлеп кеттің ғой? – деді.


– Анамды көрдім. Анық көрдім. Аппақ торғындай еді,– дедім де, жүгіріп үстел басына барып, айтқан сөздерін  жазып қойдым. Көп нәрсе есіме түсті. Анашым Алматыға келіп қанша қиындық көрсе де шыдады ғой. «Мен көп қиындық көрген адаммын. Әкең Қоңырбай өмірге құштар, әзілге ұста, сөзге шешен адам еді. Ұжым­шарда бригадир болып еңбек етті. Айтатын сөзін әзілмен, астарлап жеткізетін жарық­тық. Тоғыз құрсақтан қалғаны – қызы Зерхан, ең кенжесі мынау сен едің, балам. Айтпақшы, ағаң Мырзабай – мұғалім еді. Көп оқитын, көп білетін. Әскерден қайтып оралмады», – деп айтып отырушы еді.


Зерхан әпкем  96 жасында дүние салды.  Маған «неменеге жап-жас болып ауыра бересің» деп ылғи ұрсатын.


 


«Әртіс болу оңай емес, балаңның көңілін алаңдатпа…»


Мектепті бітіргенімде ауылдағы ақса­қал­дар малдәрігердің оқуына түсуге ұйғарым жасады. Шынында ауылға малдә­рігер өте қажет еді. Ол оқуға түстім де. Бірақ ары қарай оқуға құлқы-пейілім бол­мады. Оның үстіне өмір де менің ыңғайыма бейімделгендей болды. Өнер өзіне тартты. Ақыры  консерваториядан бір-ақ шықтым. Анама риза болатыным, «өз тағдырыңды өзің шешкін» деп жолыма бөгет болмады. Қариялар «Балаң әртістің оқуына түсіпті. Обал-ай, енді күнің не болмақ. Қызың Зерханның қолына баратын шығарсың» деп мазасын ала берген ғой. Нышанкүл деген абысыны келіп:


– Әй, немене, жарым көңіл  адамның әрқайсысың бір жанына тие бересіңдер. Баласы келеді, мәселені шешеді, – деп бәрін  кері қайтарады. Сосын апама қарап:


– Қапа болма, ел ішінде отырсың ғой. Қиындық болса, шыда. Өзім келіп қолғабысымды жасаймын. Әртіс болу оңай емес, балаңның көңілін алаңдатпа, оқуын дұрыстап оқып, түзу жүріп-тұрсын. Соны құлағына құйып отыр, – дейді.


– Е, мені Құдай алады дейсің бе, жазда келгенінде отын-суымды дайындап берсе болды. Қиындыққа шыдап үйренгенмін, – деп анам өзін-өзі қамшылап қояды екен.


Бірінші курсты бітіргесін демалысқа шықтық. Ауылға бардым. Анам екеуміз көп әңгімелестік.


– Осы демалыста үй-жайды, өзім еккен 40 түп (өздері биік) ақ терек, көк теректе­рім­ді сатамыз да, Алматыға көшеміз, – дедім.


– Қайда барамыз?


– Алматыға барамыз.


– Ол жақта қайда тұрамыз?


– Пәтер жалдаймыз…


– Оған ақшаны қайдан табамыз? Алматыда көмектесетін, қарайласатын не ағайын, не таныс жоқ қой, – деп біраз үнсіз отырды. Менің де жағдайымды ойлады ма, ақыры көнді.


Сонымен не керек, Алматыға көштік. Апам:


– Мына кішігірім қара қазанды ала кетейік, – деп қоярда-қоймай әлгі қазанды қапшыққа салғызды. Қарабұлаққа, одан әрі Сайрамға ауылдың өгіз жеккен арба­сымен жеттік. Ауыл кәдімгідей дүрлігіп, кейбір ағайындар көзіне жас алып, бізді шығарып салды.


– Әй, бұл кім өзі, жылағаны несі жаман­дыққа бастап, Алатаудың баурайын­дағы әсем қалаға бара жатырмыз, жолда­рың түскендерің бізге келіп тұрасыңдар, – деп анам үй-жайы бар адамдай көңілін көтере сөйледі.


Шіркін, жастық-ай десеңші. Батырсың да, батылсың-ау. Шынында түгіміз жоқ. Қайда тұратынымыз да белгісіз.


Политехника институтында оқитын Әділхан, Камо дейтін жігіттер бар еді, соларға көшіп баратынымызды айтып хат жазып жібергенмін. Ол хат жетті ме, жетпе­ді ме, ол жағы белгісіз. Пушкин көшесінде бір бөлмелі пәтерде тұратын. Сонымен, Алматыға жеттік. Әділхандардың пәтеріне келдік. Анама қарап қоямын, көзі мұңды. Мына қызықты қара. Әділхан, Камо, Сейіт ұжымшарға жұмысқа кететін болды да, үйде шешем екеуміз қалдық. Күні бойы сабақ­тамын. Анда-санда тиын-тебен төлей­тін жұмыс кездессе, оны атқарамын. Ондайда көңілденіп қаламыз. Біздің кезімізде сабақтан қалу немесе кешігіп бару деген ойымызда болмайтын. Тәртіп күшті еді. Тоқпанов қаққанда қаныңды, соқ­қанда сөліңді алады. «Болсаң бол, болмасаң бордай тоз! Өнер жолы ауыр жол, он екіде бір гүлдерің ашылмай жатып қиқайып, сықаймаңдар, көкіректеріңді көтермеңдер. Кім болатындарың әлі белгі­сіз» деп бізді кеудемізден басып қоятын.


Сабақта жүргенде  анам не істеп жатыр екен деп ойлаймын. Бірте-бірте Алматыға үйреніп, дүкендерге барып, өзі сияқты қазақ кемпірлерімен сөйлесіп, таныса бастады. Кешке екеуміздің басымыз қосылғанда «Ойпырмай, мына орыстарың тіпті көп екен ғой, қайда барсаң осылар. Жұмыс істейтін қазақтар екен ғой, жазған­дар» деп айтып отыратын.


 


Әңгімені жазып алған — Сәрсенбек Бекмұратұлы.


Жалғасы бар


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43