Балалар колониясындағы бір күн
Елімізде қылмыс жасап, бас бостандығынан айырылып, сот шешімімен жазасын өтеп жатқан 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер отырған колония бар. Алматыда орналасқан. Ресми атауы – Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекеме. Бүгінде мұнда сотталған 49 бала бар. Олардың 33-і аса ауыр қылмыс жасаған, 15-і ауыр қылмысқа, ал 1-еуі ғана аса ауыр емес қылмысқа барған. Алматы қаласынан – 1, іргеміздегі Алматы облысынан 4 бозбала жазасын өтеп жатыр.
Колонияның сыртқы табалдырығынан аттағаннан-ақ тәртіптің тым қатал екені байқалады. Қос-қостан орнатылған темір есіктерінің өзі сарт-сұрт етіп ашылып, жабылғанда, кәдуілгідей тіксініп қаласың. Ішке бүкіл затыңды кіреберіске қалдырып, үсті-басыңды мұқият тексеруден өткізген соң ғана кіресің.
Сағат 06.00.
Жазасын өтеп жатқан жастар ұйқыдан тұрды. Олар күнде осы уақытта оянуға тиіс. Үйдегідей еркелеп, керіліп-созылып, өзім білем қашан тұрсам да деп жататын жер емес бұл.
Балалар он бес минуттай бойын сергіту жаттығуларын жасады. Бәрі емес бірақ, бұл тұрғыда міндеттеу жоқ, қаламағандары денені шынықтыру жаттығуларын жасамайды, олар бірден төсектерін жинауға кірісіп, жуынуға кетіп жатыр.
Олар төсектерін жинауға әбден машықтанып алғанға ұқсайды. Төсек жамылғысының салбырап не жиырылып тұрған бір жері байқалмайды, пышақтың қырындай түп-түзу, жып-жинақы. Осы жастардың көбі бостандықта, яғни үйлерінде жүргенде дәл осылай төсектерін келістіріп жинамаған да шығар-ау!
Сағат 07.00.
Олар таңғы асқа келді. Мұнда да тәртіп. Жасақ бастығы және күзет қызметі біреуін де көзден таса етпей, қадағалап тұр. Асханада аспазға жазасын өтеп жатқан балалар арасынан көмекшілер тағайындалады екен. Жасөспірімдерді ол да еңбекке баулуға жатады. Түннен түгел шыққан жазасын өтеушілер бір-бірімен шүйіркелесіп шай ішіп отыр.
Сағат 07.45.
Балалар түзеу мекемесі аумағына, таза ауада серуендеуге шықты. Сонымен қатар, ҚР ҚАК-ның 121-бабына сәйкес, өздері тұрып жатқан колония аумағын тазалау жұмыстарына кірісіп кетті. Бірі тауықтарға, енді бірі аппақ кептерлерге жем шашып жүр.
Түзеу мекемесіне кіріп келгенде, ауласынан көлденең жатқан бір шөпті көрмедік. Байқасақ, осында жазасын өтеп жатқан балалардың өзінен ештеңе артылмайтын сияқты, айналаны таза ұстайтын өздері. Ертең қалың қар түссе де, өздері-ақ күреп тастайтыны сөзсіз.
Анау аппақ кептерлер осы мекемеге, балаларға әбден үйреніп алғанына бірнеше жыл болған көрінеді, ешқайда ұшып кетпейді. Олар – балалардың қанатты досы.
Айтпақшы, түзеу мекемесі ауласында балалар көктем шыға салысымен гүл отырғызуды, қияр мен қызанақ егуді бастап, сосын оларды күзге дейін өздері суарып, күтіп, баптайды. Бұл уақытша бас еркіндігі жоқ жасөспірімдер үшін бір жағынан – алданыш, уақытты тиімді өткізу, екінші жағынан – еңбек терапиясы. Ал алқызыл гүлдердің темірдей тәртіпке құрылған мекемеге өзінің жылуын, сұлулығын, нәзіктігін сыйлап тұратыны анық.
Сағат 08.30.
Қазір жарты сағаттан соң сабақ басталады. Иә-иә, олар да жалпы білім беретін мектептегідей білім алады. Соған дейін «таңғы карточкалық тексеру» басталды. №11 мекемесінің «Дағдылы жағдайда ұстау» жасағының бастығы әділет капитаны Алмас Сейсембеков өзінің қарауындағы барлық баланы мұқият шолып, үсті-бастарына дейін қарап, араларында өзін жайсыз сезініп немесе ауырып тұрған бала жоқ па, оған да жіті мән беріп, тексеріп шықты.
– Бұл балалардың амандығына біз жауаптымыз. Қылмысқа көбі балалықпен, қызбалықпен барғанын, ұрлыққа жоқшылықтан ұрынғанын айтып өкініп жатады. Шыны керек, қазіргі күні көп жеткіншекті әлеуметтік желі, ғаламтор құртып жатыр. Есірткінің қармағына да сол әлеуметтік желі арқылы ілініп кетуде. Әрқайсысына туған әкелеріндей бола алмасақ та, дұрыс жол көрсетуге, бағдаршам болуға міндеттіміз, әрі азаматтық парызымыз деп білемін, – дейді Алмас Сағындықұлы.
Сағат 09.00.
Жазасын өтеп жатқан балалар №11 мекемесінің аумағынан орын тепкен №3 жалпы білім беретін мектепке келді. Бұл мектеп Алматы қаласының Білім басқармасына қарайды. 7 ұстаз түзеу мекемесінде штатта жұмыс істесе, 4-еуі сырттан келіп оқытады.
Осы орайда біз №3 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі және тәрбие жөніндегі орынбасары Айзада Алиеваны сөзге тарттық.
– Мұнда ұстаздық етіп жүргеніме 15 жылға жуықтапты. Осы жылдар ішінде алдымыздан талай бала өтті. Тек жақсы оқиғаларды еске алғанды жақсы көремін. Ал жағымсыз оқиғаларды мүлдем ұмытып кетуге, еске сақтамауға тырысамын. Тараздық бір бала әлі есімде, 7-сыныпта алдымызға келгенде, мүлдем әріп танымайтын. Әке-шешесі бар, бірақ бала қараусыз қалып, жетімдер үйінде өскен. Содан біз сол балаға «Әліппені» үйрете бастадық. Одан ертегі оқып беретінбіз. Әйтеуір баланың жүрегіне адамгершілік, мейірім секілді құндылықтардың дәнін себуге, ата-анасынан ала алмаған жылуды беруге тырыстық. Кейін жазасын өтеп, бостандыққа шығып, арада бірнеше жыл өткенде хабарласып, «сіздерге алғысым шексіз, сіздерден алған жақсы әдет-дағдыларым, кеңестеріңіз алдағы өміріме, кәдеме жарады» дегенде, қуанып қалғанымыз рас. Қазір алдымызда 32 бала білім алып жатыр. Бәрі мектепті бітірген соң мемлекеттік үлгіде аттестат алады, – дейді Айзада Әлиева.
Сағат 14.05.
Мектептегі сабақ бітті. Түскі ас. Таңнан бері біраз уақыт өтті ғой, балалардың қарны ашқаны көрініп тұр, бәрі асхананы асыға бетке алуда. Бүгін тасқа асқа борщ, ал екіншіге қарақұмық берілді. Әрине, үйдің тамағына жете қоймас, бірақ олар мұнда аш емес. Үш мезгіл тамақ беріледі. Тіпті, кешкілік жатар алдында балаларға өз іштерінде жабдықталған «Шайханада» шай қойып ішуіне жағдай жасалған. Олар бір-бірімен әңгімелесіп, бүгін сабақта не өткендерін немесе қандай кітап оқып жатқандарын талқылайтындары да бар.
Балаларға ата-аналарымен кездесуге де арнайы бөлме жабдықталған. Әке-шешесі бауыр еті – баласы үшін бар тәттісін, жылы-жұмсағын көтеріп келетіні анық. Мол әкелетіні соншалық, басқа балалардың да кейін осы шайханада шай ішуіне жетіп жатады. Демек, мұнда үйдің де бір бөлшегі бар деген сөз. Ал бұл жылылық өз кезегінде жасөспірімдердің отбасы жылылығын сезінуіне, жақсы күндерден үміт үзбеуіне мүмкіндік берері сөзсіз.
Сағат 15.00.
Мекеме тәртібі бойынша балалардың ерігіп, бос отыруына жол жоқ. Олар енді мекеме ішінен ашылған, сонау 1973 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіптік мектептің сабағына ден қояды. Қазір бұл мектепте 30 оқушы оқып жатыр. Олар токарь, слесарь, столяр мамандықтары бойынша білім алуда. 5 мұғалім сабақ береді. Олардың айтуынша, жастардың кәсіп игеруге деген ынтасы жоғары. Себебі, олар түзеу мекемесінен шыққан кезде қолында маман иесі деген құжаттың болуы маңызды екенін түсінеді. Иә, оларға мемлекеттік үлгіде сертификат беріледі. Бостандыққа шыққан кезде сол сертификаттары олардың тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашады. Әдетте, түрмеден шыққан адам қоғамға кіріге алмай, ортасын ұзақ уақыт таба алмай, тіпті, кейбірі қайтадан қылмысқа ұрынып, сотталып кетуі мүмкін. №11 мекеме осы жағына мән беріп отыр. Балалар қалайда мамандық игеріп шығуға тиіс. Ал кәсіп игеріп алған жастар бұл уақытта бос жүрмей, түрлі үйірмелерге қатысады.
Мекемеге Олимпиада чемпиондары жиі келіп тұрады. Олармен жанды диалог орнатқан балаларда өмірге құштарлық, жақсы сәттерден шабыт алу сынды қасиеттер байқалатынын айтады жасақ бастықтары.
Сағат 17.00.
Бұл уақытта балаларға өзінің жан қалауын атқаруына мүмкіндік беріледі. Бір бала сурет салуға отырса, екінші жасөспірім қолөнер бұйымдарын жасауға көшеді. Сол арқылы балалар көңілін басқа дүниеге бұрып, ойын сергітеді. Мекеме қабырғасында ұйымдастырылатын түрлі тақырыптық сурет байқауларына, көрмелеріне қатысатын жастар саны да жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Себебі, шығармашылыққа жақын жандар енді жамандық жасамауға ұмытылуы мүмкін.
Мекеме кітапханасына барып, кітап оқитындар да аз емес. Айтпақшы, қаладағы Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұжымы осы түзеу мекемесі басшыларымен меморандумға қол қойған. Кітапхана кызметкерлері түрлі тағылымды кештер өткізіп тұрады. Балаларға көркем шығармалар әкеліп сыйлайды. Тіпті, сол кітапханаға арнайы тапсырыс беріп, кітап жаздырып алып оқитын балалар да бар, бірақ көп емес...
Сағат 18.30.
Кеш те таяп қалды. Енді темір торда жазасын өтеп жатқан жастарды «кешкі карточкалық тексеру» басталады. Олар айнала толған бейнекамера, ала таңнан жасақ бастығының қатаң қадағалауында, жіті бақылауында болғанымен, міндетті түрде тағы тексеріледі. Тіпті денесінде әлдебір із жоқ па, дене қызуы көтеріліп, ауырып тұрған жоқ па, соның бәрі тексеріледі.
Қабағы түсіңкі бала байқалса, дереу жеке әңгіме-дүкен орнатылады. Қажет болған жағдайда психолог-маман шақырылады. Мұнда теолог-мамандар да жиі келіп, түрлі тақырыптарда дәрістер оқып тұрады.
Сағат 19.00.
Кешкі ас уақыты да әдеттегідей, қалыпты өтті. Колонияға кеше ғана түскен анау екі бозбала да айналасына бой үйретіп келе жатқандай.
– Біздің карантин бөлімінде балалар екі апта болады. Олар – колонияға жаңадан түсетін жасөспірімдер. Еркіндіктен келген баланың біздегі темірдей тәртіпке бірден үйренісе алмай қиналуы мүмкін. Сондықтан олардың ортаға, бір-біріне тез бейімделіп кетуіне атсалысамыз, онсыз да аяғын жаза басып, қылмысқа ұрынып, келіп тұрған балаға психологиялық қолдау көрсетеміз. Мекеменің күн тәртібімен таныстырамыз. Жасыратыны жоқ, көбісі толық емес отбасынан шыққан, ұр да жық мінезді, «айналайын» көрмегендер, – дейді Сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмыстары бойынша тәрбиеші, карантин бөлімінің жасақ бастығы Дамир Еркешов.
Сағат 19.45.
Бұл уақытта балаларға өзіне, үсті-басына қарауға мүмкіндік беріледі. Түсіп қалған түймесі болса, қадап алады. Аяқ киімін сүртіп, тазалайды. Мұның бәрі баланы ұқыптылыққа, тазалыққа, қатарластарының алдында дұрыс жүруге, бір-біріне үлгі болуға үндейді.
Сағат 21.00.
Түзеу мекемесіндегі жазасын өтеп жатқан жастар саны тексеріліп, тағы бір қатаң сүзгіден өтеді.
Тістерін тазалап, жуынып, ұйқыға дайындалады.
Сағат 22.00.
Міне, тағы бір күн батып, түн болып, балалар ұйқыға жатады. Ертең тағы да таң атады. Бостандықты аңсап, ата-ана құшағын сағынып жүрген жеткіншектерге тағы бір таңның атуы маңызды. Себебі, әрбір таң оларға темір тордан шығатын күнді жақындатады.
БЕКЖАН, 17 жаста:
– Шымкенттің тумасымын. Мұнда отырғаныма 2 жыл, 3 ай болды. Осында отырып кәсіптік мамандық игердім, токарь, слесарь деген сертификатым бар. Бостандыққа шыққанда далада қалмаспын деп ойлаймын. Енді 1 жыл 9 айым қалды. Иә, ата-анамды уайымға батырып, осында отырғаныма, әрине, өкінемін. Отбасында үш баламыз. Мен кенжесімін. Еркелікке бой алдырдым ба, әлде қызбалық па, білмеймін. Мұнда отырып сабырлы болуды, ашуды ақылға жеңдіруді үйрендім. Иә, әке-шешеммен қауышатын, үйге оралатын күнді асыға санап жүрмін, іштей...
ЕЛНҰР, 18 жаста:
– Істеген ісіме қатты өкінемін. Бұл жағдайдың өзі өміріме үлкен сабақ болды. Болашақта туризм саласының маманы болғым келеді. Өткенмен емес, ертеңмен өмір сүру маңызды мен үшін енді. Балалық па, анамның сөздеріне құлақ аспағаныма, жүре тыңдағаныма өкінемін. Ол кісімен кездесетін, қауышатын күнді асыға күтіп жүрмін, көз алдыма елестетіп те қойдым, бірақ сөзбен өрнектеп жеткізе алмаспын. Өмірімдегі жалғыз жанашыр жанды мұңайтып, уайымға салып қойғаным үшін ұяламын. Ендігі өмірімде алақаныма салып өткім келеді...
P.S. Мұнда жылына бір рет «Ашық есік» күні өтеді. Бұл күні балалар ата-ана, ата-әжесімен, бірге туған бауырларымен кездеседі, екі күн бірге болады. Ал жол алыс болып, келе алмай қалған ата-аналар балаларымен скайп арқылы тілдеседі, бір-бірін онлайн болса да көріп, сағынышын басады.
Балалар мекеме ішіне орнатылған терминалды пайдалана алады. Мәселен, олар бостандыққа мерзімінен бұрын босатуды сұрап, құзырлы органдарға онлайн-өтініш қалдырады. Иә, бұл мекемеде де мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндік бар. Онда да тәртібі дұрыс, мекеме талаптарын бұзбаған, өзін жақсы жағынан көрсете білген сотталған бала кесілген жаза уақытынан бұрын босатылады. Әділет капитаны Алмас Сейсембеков сотталған жастардың 80%-ының мерзімінен бұрын босап шығатынын тілге тиек етті. Бұл – түзеу мекемесіндегі тәрбие жұмыстарының нәтижесі болар.
«Almaty aqshamy» газеті, №147, 09.12.2023.