Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері тұңғыш рет сал ауруына бірегей ота жасады.
Селективті ризотомия деп аталатын ота 18 жастағы жігітке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
ОҚКА баспасөз қызметінің мәліметінше, операцияны Орталық клиникалық аурухана нейрохирургі Марат Алматов, №2 қалалық балалар ауруханасы нейрохирургі Азамат Жайылғанов пен невролог-нейрофизиолог Гүлнұр Қасенова бастаған білікті мамандар жасады.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ота балалық шақта жасалуы қажет. Бұл сал ауруымен ауыратын пациенттің қимыл-қозғалысын жеңілдетіп, жүрісін қалыпқа келтірер еді. Алайда пациент мамандар көмегіне 18 жасқа толғаннан кейін ғана жүгінген.
Селективті дорсалды ризотомия – церебралды сал ауруымен туылған науқастардың құрысқан бұлшық етін жұмсартып, қимыл-қозғалысты реттеуге арналған операция. Ота барысында дәрігер жұлынның төменгі бөлігіндегі сенсорлық қабықшаларды ішінара алып тастайды. Бұл аяқ-қолдың құрысуын азайтып, науқастың жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
«Нейрохирургтен зергерге тән шеберлікті қажет ететін күрделі операция 6 сағатқа созылды. Ота барысында біз микроскоп арқылы нейромониторинг жасап отырдық Нәтижесінде белгілі бір бұлшық еттердің жұмысына жауап беретін жүйке жүйелерінде ақау бары анықталды. Былайша айтқанда, бұлшық еттерді құрсап, пациенттің жүріп-тұруын қиындатқан жүйке талшықтары алынып тасталды», – дейді ОҚКА нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматов.
Осы жасқа дейін қимыл-қозғалыс шектелуінен зардап шегіп келген жас жігіт қазір өз бетінше жүріп-тұрады. Бүгінде ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Кейін пациент реабилитациядан өтуі тиіс. Операция сәтті өткенімен оның нәтижесін күшейту үшін ұзақ уақыт медициналық оңалтудан өту қажет.
Еске сала кетсек, медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының бюджеті едәуір артты. 2022 жылы салаға 243,5 млрд теңге қарастырылған, бұл былтырғы бюджеттен 17,3 процент артық. Оның 136,4 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне, 107,1 млрд теңгесі – МӘМС пакетіне тиесілі. Мәселен, өткен жарты жылда жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операцияларды қаржыландыру деңгейі 5,4 млрд теңгеге артты. Яғни, 2021 жылдың бірінші жартысында аталған операцияларға 16,2 млрд теңге жұмсалған болса, биыл 21,6 млрд теңге бөлінген.