Алматыда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторантурасы мен магистратурасына құжат қабылдау басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен пресс-конференцияда академияның алматылық бөлімшесінің директоры Айнур Идрисова оқуға түсерде қандай құжат қажет екенін, оның ережесі мен жаңалығы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
2025 жылы оқуға түсетіндерді жаңа талап, жаңарған білім бағдарламалары мен цифрлық мемлекеттік басқаруға байланысты жаңа бағыттар күтіп тұр. Арыз-өтінішті Admission ақпараттық жүйесі арқылы биылғы 25 маусымға дейін онлайн форматта қабылдайды.
«Биыл магистратураға 120, докторантураға 12 мемлекеттік грант бөлінді», - деп хабарлады, Айнур Идрисова.
12 білім беру бағдарламасына іріктеу жүргізіліп жатыр қазір. Оның 9-ы магистрлік («MPA – Мемлекеттік басқару», «MPP – мемлекеттік саясат»; «MIR – Халықаралық қатынас»; «ME – Экономика»; «MRD – Өңірлік даму»; «MHRM – Адам ресурсын басқару»; «MDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару»; «EMPA – Модульдік оқыту арқылы мемлекеттік басқару»; «MRDm – Модульдік оқыту принципі бойынша Өңірлік даму») және 3 докторлық («DPA – Мемлекетік басқару»; «DE – Экономика»; «DIR – Халықаралық қатынас»).
Сонымен бірге, қабылдау комиссиясындағы негізгі өзгерістер де айтылды.
«Ақпараттық қауіпсіздік пен мемлекеттік секторды цифрландыруға атсалысатын сарапшыларды даярлайтын MDPA-ның «Цифрлық мемлекеттік басқару» магистрлік бағдарламасының ашылуы үлкен жаңалық болды. Осы біржылдық бағдарламаға оқуға түсу үшін цифрлық салада бір жыл жұмыс істеген тәжірибесі болуы керек, ал егер осыған байланысты оқу бітірген болса, мемлекеттік қызметте жоқ дегенде үш жылдай жұмыс істеген тәжірибесі болуы тиіс», - деп түсіндірді Айнур Идрисова.
Бұдан бөлек, «MPA – мемлекеттік басқару» (5 жыл) мен «MPP – мемлекеттік саясатты» (4 жыл) қоспағанда, қалған барлық магистрлық бағдарламаларға мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне қойылатын талап та өзгерген (3 жылға дейін).
Ақылы бөлімге түсудің шарты да өзгерген. Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер де, мемлекеттік органдардың мекемесіне қарасты ұйымдарының қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері де ақылы бөлімде оқи алатын болды. Сонымен бірге, іріктеуді жетілдіре түсу үшін білім беру бағдарламаларының әрқайсысына түсетіндерге қойылатын талап та нақтыланып отыр.
Үміткерлер мына құжаттарды ұсынуы керек:
1. Мемлекеттік органның бағыты (тек мемлекетік қызметкерлерге арналған). Мемлекеттік грантқа кандидат, бастығы мен аппараттың басшысы қол қойған жолдама ұсынуға міндетті.
2. Құжаттың электронды көшірмесін, жеке куәлігін.
3. Жоғарғы білімі туралы құжаттың көшірмесін қосымшасымен бірге (магистратураға түсуге) немесе жоғару оқы орнын бітірген соң білім алғаны туралы құжаттың көшірмесін қосымшасымен (докторантураға түсуге).
4. Шетелдіктерді қоспағанда, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен кем білмейтінін дәлелдейтін QAZAQ RESMI TEST-ті не ҚАЗТЕСТ-тің сертификатын. QAZAQ RESMI TEST осы академияның базасында жасалған. Тесті кез келген уақытта, кез келген өңірінде тұрып онлайн тапсыра бересіз.
5. MPA (Мемлекетік басқару), MIR (Халықаралық қатынас) бағдарламасы мен докторантураның бағдарламасына мына (IELTS, TOEFL IBT немесе TOEFL ITP, TOEIC) халықаралық сертификаттардың бірін тапсырады.
6. Мемлекеттік қызметкерлерге – қызметтік жазба, басқа үміткерлерге – еңбек өтілін куәландыратын құжат керек.
7. Докторантураға – бағаланатын Research proposal (зерттеу жұмысының жобасы).
8. Өтініш (ЭЦП).
Іріктеу жұмысы екі кезеңнен тұрады: 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтетін Бірінші кезеңде – онлайн-форматта сараптамалық эссе жазылады. Докторантураға үміткерлер бірінші кезеңде Research proposal бағаланады. Шілденің 8-23 аралығындағы Екінші кезеңде академияда сұқбат өтеді.
Байқаудың аралық қорытындысы 25 шілде күні жарияланады. Қорытынды шыққан соң, талапкерлер 7 тамызға дейін құжат тапсырып үлгеруі керек. Оқу 1 қыркүйекте басталады.
«Академияда оқудың артықшылығын да айта кеткіміз келеді. Бұл жерде оқуды практикамен ұштастырып, кәсіби тұрғыда шыңдалып, қызметі өседі. Қызметтегі адаммен бірдей стипендия алады, шетелге тәжірибе алмасуға барып қайтуы мүмкін, ғылыми зерттеу де жасай алады, жобаны қорғай алады, жас мемлекеттік қызметкерлер Үйінде тұрып, тәжірибелі профессорлар мен эксперттерден тәлім алады», - деп атап өтті Айнур Идрисова.
Оқуға түсудің мән-жайы туралы толық ақпаратты академияның ресми сайты - apa.kz пен әлеуметтік желіден оқи аласыздар. Академияның бөлімшесі мен қабылдау комиссиясында да қосымша тағы түсіндіреді талапкерге.