Алматыда күн сайын жөке қандаласынан ағаштар өңделіп жатыр

  • 13:15, 29 маусым 2025
Алматыда  күн сайын жөке қандаласынан ағаштар өңделіп жатыр Алматы әкімдігі
Алматы қаласында жөке (ағаш) қандалаларының жаппай таралуына қарсы жүйелі түрде биологиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар қала Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, күн сайын таңертең және түнгі уақытта адам мен жануарлар үшін қауіпсіз биологиялық құралдарды қолдану арқылы іске асырылуда.
 
Басқарма өкілдері қандалалар санының күрт артуын биылғы жылы ауа райының ерекше құбылыстарымен байланыстырады. Көктемнің салқындығынан кейін температураның күрт 35 градусқа дейін көтерілуі бұл жәндіктердің белсенді көбеюіне қолайлы орта қалыптастырған. Әсіресе санитарлық кесу жүргізілмеген аумақтарда қандалалардың шоғырлануы айқын байқалады. Ал орталық көшелерде алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілгендіктен, мұндай жағдайлар тіркелмеген.
 
Жиенбаев атындағы Қазақ ҒЗИ бөлімінің жетекшісі Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, мұндай жағдай санитарлық кесу шектеулі жүргізілетін аумақтарда жиі кездеседі.
 
— Көктемнің ұзаққа созылған салқындығы мен артынша ауа температурасының күрт 35 градусқа дейін көтерілуі – жөке немесе ағаш қандаласы секілді жәндіктердің көбеюіне өте қолайлы жағдай. Халық арасында оларды “сасық қандала” деп атайды, себебі олармен жанасқанда жағымсыз иіс шығарады. Олар негізінен аула аумақтарында көбейеді, өйткені тұрғындардың санитарлық кесуге келіспеуінен мұндай шаралар сирек өткізіледі. Мұндай жерлерде ошақтар пайда болады. Ал орталық көшелерде карағаштар өссе де, биоөңдеу жүйелі жүргізілетіндіктен мұндай жаппай таралу жоқ, — деді маман.
 
Нұржан Мұхамадиев бұл жәндіктердің адам мен қоршаған ортаға қауіпті емес екенін, бірақ белгілі бір қолайсыздықтар тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
 
— Олар карағаштың тұқымымен қоректенеді, жапырақтар мен бұталарда мекендейді. Олармен күрес үшін эвкалипт майы, торлар, дихлофос сияқты құралдарды қолдануға болады. Аула ішінде құстарды тарту үшін құс ұяларын орнату ұсынылады. Бұл жәндіктермен қоректенетін құстарды көбейтеді. Сонымен қатар, Алматы сияқты ірі қалаларда көгалдандырудың заманауи тәсілдері химиялық құралдарды кеңінен қолдануды шектейді, өйткені бұл пайдалы жәндіктер мен топырақ тепе-теңдігіне зиян келтіруі мүмкін, — деді ол.
 
Басқарманың мәліметінше, 2025 жылы биологиялық өңдеу жұмыстары төрт кезеңде жүргізіледі:
• бірінші кезең — сәуір айында аяқталды;
• екінші кезең — 1–30 маусым аралығы;
• үшінші кезең — 5 шілдеден 5 тамызға дейін;
• соңғы кезең — 15 тамыз бен 20 қыркүйек аралығы.
 
Ағымдағы жылы сәуір айынан бастап жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында тұрғындардан түскен 2 мыңға жуық өтініш қаралды. Бірінші кезеңде қала аумағындағы 2,3 миллионнан астам жасыл желек тексерілді.
 
Қазіргі таңда аула ішіндегі жасыл желектерді тексеру және өңдеу жұмыстары күшейтілуде. Бұл шаралар нәтижесінде тұрғындардан келіп түсетін шағымдар саны азайды.
 
Басқарма өкілдері жөке қандалалары жұқпалы аурулар таратпайтынын, адамды шақпайтынын және аллергия туғызбайтынын еске салады. Аула аумағын таза ұстау, масахана торларын орнату және қажет болған жағдайда табиғи репелленттерді қолдану ұсынылады.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:26

13:15

11:07

18:30

17:04

13:59

12:40

11:58

10:34

19:08

18:13

17:38

17:19

15:53

15:26

14:54

14:43

14:20

14:17

14:09

12:28

12:15

12:02

12:00

11:52