Қазақстанда 2024 жылы алғаш рет «Феталдық медицина» жобасы қолға алынды.
Бір жыл ішінде ана мен бала денсаулығына қатысты бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жоқ емес. Алдағы жылдары бағдарламаны кеңейту жоспарлануда, оның ішінде жыл сайын еліміздің жетекші медициналық орталықтарында 150-ге жуық феталдық операция жасалмақ. Қазір мұны тек Алматы балалар кардиохирургиясы орталығының және елордадағы Ана мен бала орталығының мамандары ғана жасайды. Феталды медицина қарапайым адамға түсінікті тілмен айтқанда, ананың құрсағына біткен ұрыққа ота жасауды білдіреді. Осы тақырыпты іздену барысында Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының феталды хирургия бөлімінің жетекшісі, жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау магистрі, Алматы қаласы бойынша пренаталды ультрадыбыстық диагностика жөніндегі штаттан тыс маман, ISUOG (Халықаралық ұрықтық медицина және ультрадыбыстық зерттеу қоғамы) мүшесі Занилова Валентина Сергеевнамен сұхбаттасудың сәті түсті.
- Валентина Сергеевна, феталды медицина деген не және іс жүзінде ол қандай мәселелерді шешеді?
Феталды медицина — бұл, негізінде, сәби дүниеге келмей тұрып оған қамқорлық көрсету. Қазіргі таңда біз құрсақтағы сәбидің қалай дамып жатқанын көріп, түрлі күрделі ақауларды өте ерте кезеңде анықтай аламыз — тіпті анасының жатырында жатқан кезінде-ақ оны емдеу мүмкіндігі бар. Бұл саланың міндеттері оңай емес, бірақ өте маңызды: патологияны дер кезінде анықтап, көмектесу мүмкін бе, жоқ па — соны бағалау және егер қандай да бір үміт оты жылт етсе, асқан сақтықпен әрі кәсіби түрде араласу. Бұл баланың жарық дүниеге келіп, өмір сүруіне мүмкіндік беру үшін жасалады.
- Сіз хирургияның тар шеңберлі саласына қалай келдіңіз?
Шынымды айтсам, бұл салаға алдын ала жоспарлап келген жоқпын. Бірақ өзімнің дәл осы салада шынымен пайдалы бола алатынымды ішкі түйсігіммен сезінген болармын. Бәрі пренатальды диагностиканың мүмкіндіктеріне таңданудан басталды: УДЗ арқылы әлі дүниеге келмеген өмірді көріп, сезуге болатыны мені ерекше әсерге бөледі. Кейіннен осындай операциялық араласу арқасында сәбиге өмір сыйлауға болатын нақты жағдайлармен ұшырастым. Сондай сәттердің бірінде мен өз орнымды тапқанымды анық түсіндім.
- Құрсақтағы ұрыққа жасалатын операциялар кезінде қандай болжамдарға сүйенесіздер? Ол неге байланысты?
Болжам көптеген факторға байланысты — қойылған диагнозға, жүктілік мерзіміне, баланың және ананың жағдайына. Кейде мүмкіндік жоғары болып, біз жақсы нәтиже туралы сеніммен айта аламыз. Ал кейде асқан сақтықты қажет ететін, ең кішкентай үмітке сенім артатын кезде болады. Бірақ ең бастысы — бала сүйгісі келген ата-аналар жағдайды толық түсінуі керек. Мен олармен барынша ашық, шынайы әрі құрметпен сөйлесуге тырысамын — өйткені біз бұл қиын шешімдерді бірге қабылдаймыз.
- Операция қалай өтеді: кезеңдері, әдістері, ерекшеліктері қандай? Оның босану тәсіліне әсері бар ма?
Феталды араласулар көбінесе теріге минималды тесу арқылы жүргізіледі — мысалы, инвазивті пренатальды диагностика кезіндегідей ине арқылы пункция жасалуы мүмкін немесе фетоскопиялық техника қолданылады. Соңғысында аз ғана тесу арқылы ішке камера мен арнайы құралдар енгізіледі. Сондай-ақ амниотикалық сұйықтық көлемі бұзылғанда шунт орнату әдісі қолданылады. Әрбір араласу өте мұқият есептеуді, білікті команданың үйлесімді жұмысын және аса ұқыпты іс-әрекетті талап етеді. Мұндай процедуралардан кейін жүктілік жалғасады, ал босану тәсілі жағдайға қарай жеке анықталады.
- Осы кезге дейін қанша ұрыққа операция жасадыңыз және олардың қайсысы ең маңызды болды?
Бүгінгі күнге дейін біз 45 феталды операция жасадық. Әрбір операция — бір тағдыр, сондықтан әр жағдайға бар назарымызбен, бар күш-жігерімізбен қараймыз. Ең жиі кездесетін мәселе — фето-фетальды трансфузиялық синдром. Мұндай жағдайларда фетоскопиялық лазерлік коагуляция әдісімен қан тамырларына араласу жүргіземіз. Сонымен қатар құрсақта су көп болған жағдайда амниоредукция, ал суы аз жағдайда амниоинфузия жасаймыз. Бұл — аса дәлдікті, команда арасындағы үйлесімді жұмысты және іштей өзіңді жинап, үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі, маңызды оталар. Кейбір отбасылар бізбен кейін де байланыста болады — балалардың суреттерін жіберіп, жылы лебіздерін білдіріп жататындар да болады. Мұндай сәттер бізге зор рухани қолдау береді әрі жасап жатқан ісіміздің шынайы маңызын тағы бір дәлелдейді.
- Ұрық кезінде жасалған операциялардан кейін дүниеге келген балалар бар ма? Олардың жағдайы туралы не белгілі?
Иә, операциялық араласудан кейін туған балалар бар. Бүгінгі таңда 24 сәби өмірге келді. Ұрық хирургиясы біздің тәжірибемізде шамамен бір жыл бойы белсенді дамып келе жатқанына қарамастан, біз алғашқы нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Осылай өмірге келіп жатқан нәрестелер бар, оларды бақылаймыз, дамуына да мән береміз. Әрине, әр жағдай жеке назар аударуды және қолдауды қажет етеді, бірақ бастысы — бұл балалардың мүмкіндігі бар және олар оны пайдаланды. Біздің жұмысымызда бұл ең үлкен қуаныш және бар істеген ісіміздің мәні деуге болады.
- Қазақстанда фетальды медицинаның болашағы қандай деп ойлайсыз?
Қазақстанда фетальды медицинаның болашағына зор үміт артуға болады. Біз Денсаулық сақтау министрлігінің күшті қолдауын сезініп отырмыз, ал Алматы қаласында бұл бағытқа қала әкімдігі мен жергілікті денсаулық сақтау басқармасы да белсенді түрде қолдау көрсетуде. Феталды хирургия жобасының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жүзеге асуына Гүлнара Қазтайқызы үлкен үлес қосты. Оның күш-жігерінің арқасында бұл бағыттың нақты жүзеге асуына қажетті барлық кезеңдерден өттік. «АЯЛА» қорын да ерекше атап өткім келеді: дәл осы қордың қамқорлығы мен қолдауының арқасында бұл саланы дамыту, нақты отбасыларға көмектесу, тұрақты база құру мүмкін болып отыр. Бұл — мемлекеттің, дәрігерлер мен қайырымдылық ұйымдарының бірлескен әрекеті өмірдің ең алғашқы кезеңінде тағдырларды өзгерте алатынының жарқын үлгісі.
- Бүгінгі күні біздің елде немесе біздің қалада ұрық хирургиясы кімге қол жетімді? Осындай операция қажет отбасылар үшін қаржылық, аймақтық немесе басқа шектеулер бар ма?
Бүгінгі таңда ұрықтың араласуына қол жетімділік кеңейіп келеді, әсіресе Алматыда. Мұнда Аяла қорының қолдауы шешуші рөл атқарады-оның арқасында оған мұқтаж адамдар көмек алады. Сонымен бірге белгілі бір қиындықтар да жоқ емес, ол негізінен аймақтық қол жетімділікте байқалады. Бірақ мемлекеттік қолдаудың және бей-жай қарамайтын мамандардың қатысуының арқасында көптеген отбасылар шетелге шықпай-ақ өз елінде емделуге мүмкіндік алып отыр.
Бүгінде Валентина Занилова жетекшілік ететін феталды хирургтер тобында 4 білікті маман жемісті еңбек етіп, ана мен баланың қауышуына кәсіби түрде өз үлестерін қосып жүр.