Журналистика - қоғамның айнасы

Журналистика - қоғамның айнасы gov.kz

БАҚ - қоғамның айнасы. Ақпарат бұл тұтас - идеология. Ұлт игілігіне қолдансаңыз - өркендетеді. Ал пропагандамен айналыссаңыз құрдымға жібереді. Журналистика – 46 мамандықтың бастауында тұр екен. Дәлірек айтқанда қоғам, әлеумет, саясат, экономика, ғылым, өнер, білім деп бөліне береді. Елге жаңалық жеткізетін, ұлттық идеологияға жұмыс жасайтын бірден бір сала. Халық арасында бейресми – төртінші билік аталатыны тектен тек болмаса керек-ті. Қазір Instagram, Facebook, Tik-Tok, Whatsapp сияқты әлеуметтік желінің, блогерлердің, ЖИ-дің дәурені жүріп тұр. Жаһандану тұсында дәстүрлі журналистиканың тағдыры алаңдатады. Осыған орай білікті мамандардан сауалнама алған едік.

          Ауылда журналист болуды армандайтынбыз. Соның ішінде баспасөзде істеуді қаладық. Бірақ ҰБТ кезі қиын болды. Әртүрлі саланың басын шалдық. Алайда нәтиже төмен. Бір күні сынып жетекшім Сәулет апайдың өтініші бойынша «Өзін өзі тану» пәнінен сабақ беретін Өтепберген ағай өмірлік жөн сілтеді. Содан бастап қазақ тілі мен әдебиетін бейіндік пән ретінде таңдап, журналистикаға бет алдық. Түркістаннан жоғары білім алып шықтық. Қасиетті Ахмет Ясауи универсиетінде Сейдолла Садықов, Қуандық Оразбекұлы, Бекжігіт Сердәлі, Асхат, Ғалымжан, Нақып сияқты ағайларымыз бен Әлия, Гүлнара, Жанар, Әтіргүл апайларымның арқасында білім мен тәрбиені бойымызға мол сіңірдік. Бізді оқытып, үлкен өмірге, мамандыққа дайындаған ұстаздарға мың рахмет!

  Алматы – алып шаһар! Мұнда күн кешу оңай емес. Мегаполисте ешкімді танымаймыз, қала бейтаныс. Құдды бір шетелде жүргендейміз. Сөйтіп, Желтоқсан 175 мекен-жайына бардым. Сонда Қазақ газеттері ұжымы отырады екен. Сөйтіп жүріп алғаш танысқан адам Ақиқат журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім ағамыз. Өзі нағыз жастарға жанашыр жан. Бірден сөзіміз жарасып, кейіннен жиі-жиі мақала апарып тұрдым. Маған ойыңды Абай, Пушкин сияқты ғаламдық тұлғалардың сөзімен тұздықта, сол кезде мейілінше өтімді шығады деп материал әзірлеуге үйретті. Өзінің өмір тарихын, қиыншылық кезеңдерді, қазіргі заманды, болашақты айтып, әңгімелеп отыратын. Өзінен жоғары басшы болған соң, жұмысқа ала алмады. Алайда ағалық қамқорлығын, жылы сөзін аямады. Сонымен қатар Үркер журналына да мақала жазып тұрдым.

Бірде Қазақ радиосының Алматыдағы бөлімінің жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы ағамызбен таныстым. Ол кісі де нағыз жанашыр адам екен. Маған ғылымға баруға жөн сілтеді. Ал ғылымда академик Кенжехан Ісләмжанұлы жетекшілік етіп келеді. Тілін алдым, қор болмадым, тәубе! Өзім ынталанып, ақын Батырхан Сәрсенханнан аудио сұхбат жазып радиоға апардым. Десе де тәжірибем аз болып, дауыс ырғағым келмеді. Оның соңына түсіп қумадым. Мүмкіндік бергеніне рахмет.

Алматыдағы барша БАҚ құралдарын кездім. Ақыры 2-3 жыл бойы қаламақыға жазып жүріп, "Алматы ақшамына" тілшілікке қабылдандым. Әріптес  ағаларымыз дәстүрлі журналистиканың қыр-сырына қанықтырып, еңбекке тартты. Жазуымды күзеп, түзеді. Осылайша ақпарат, ғылым саласына еніп кеттім. Қолдау көрсеткен қамқоршы  асыл жандардың бәріне мыңда бір алғыс!

 

Тақырыпқа орай:

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі:

 

Әмбебап болу – заман талабы

 

   Журналистика – айрықша мамандық. Үнемі ізденіс, әрқашан қарбалас. Қоғамдағы өткір мәселеге араласады. Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Журналист жабық есікті қағуы керек. Әмбебап болу – заман талабы. Өйтпесе күн көру қиын, тұрмыс шыдатпайды. Білгенге ақша деген адамның аяғының астында. Ең бастысы ақылмен теріп алу керек. Тек мамандықты ойлап, отбасын қалтарыста қалдыруға болмайды. Жанұяның жағдайын түзеп, бірнеше істі қатар атқарып, мүмкін болса ғылыми дәреже қорғап алған дұрыс. Кейін тәжірибені жастарға үйретесіз. Ұдайы болашақты ойлап, ақылмен іс қылған жөн.

Журналистке керегі – адамгершілік. Жазған мақалаларыңа қарап-ақ сенің қандай адам екеніңді оқырмандарың шамалап отырады. Келесі  керек қасиет – ізденімпаздық. Журналист өмір бойы әлі ешкім естімеген, ешкім білмейтін жаңалықты тауып, өзі бірінші болып жариялауға ұмтылады. Мықты журналист болмасаң да саған ауадай қажет нәрсе-оперативтілікпен астасып жатқан еңбекқорлық.  Мықты журналист – әділ болады. Қандай жағдай болмасын, әділдіктен аттамауың керек.

 

Сейдулла САДЫҚОВ,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры:

Елін, ұлтын шын сүйетін, бойында ұлттық рухтың ұшқыны бар журналист елінің патриоты болады. Осындай журналистер ұлттық мүддеге қызмет ету ұстанымын берік ұстанады. Кеңестік дәуірде Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, бертін келе Бейсен Құранбек ұлттық мүдде туын асқақтата көтерді. Қазір журналист-ақын, депутат Қазыбек Иса тіл мәселесін тайсалмай көтеріп, шырылдап жүр. 

         Қазағымның көрген құқайы, қордаланып қалған ұлттық проблемалар менің де жанымды жегідей жеп келеді. Кандидаттық диссертацияны 1992 жылы Ломоносов атындағы Мәсеку Мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінде «Аграрные преобразование в Қазахстане и печать», ал докторлық диссертацияны он үш жыл бұрын Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінде «Освещение вопросов национальной идентификации и национальной идентичности в печатной прессе Казахстана» деген тақырыптарда 10.01.10 – журналистика мамандығы бойынша қорғадым. Бұл қазіргі жаһандану дәуірінде әлемде ең өзекті мәселеге айналып отыр. Бір мысал. Менің осы тақырыптағы ағылшын тіліндегі монографиям Германиядағы баспадан шыққан болатын. Артынша баспа алқасының шешімімен 6 тілге – француз, испан, итальян, португал, неміс және орыс тілдеріне аударылып, жарық көрді.  

Ең алдымен жас журналистің өзінің қызмет ауқымын, саласын, тақырыбын таңдай білуі маңызды. Оның туы – Әділеттілік пен Адалдық болуы міндет. Демек, Адам, адам болғанда да Нағыз Адам болуы тиіс.  Мұның жас журналистерге тікелей қатысы бар. ... Жалданбалы журналист дегенді түсінбеймін. Журналист блогер емес.

     Дәстүрлі журналистиканы жаңғыртуымыз керек. Аудандық, қалалық газеттердің мүшкіл жағдайын қалай түзетеміз?журналистердің жалақысы, қаламақысы мәселесі қашан шешіледі? 

Жалпы журналист мамандығына құштарлық сезімі бала кезден бастау алады. Мысалы, мына біз, шағын ауылдың жеткіншектері, төртінші-бесінші сыныптардан бастап, кітап оқудан бас алмаушы едік. Батырлар жыры, ертегілер, Мың бір түн, аңыз әңгімелер... Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары балалар мен жасөспірімдердің көпшілігінің қолынан кітап түспейтін. Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабиден романдарын құныға оқыдық.  Баубек Бұлқышев, Саттар Ерубаев, Мұқан Иманжановтардай болуды армандадық, солардай жазуға талпындық. Бұл бізді тілшілікке, журналистикаға бастады.

Журналистика – жазушылықтың баспалдағы. Сондықтан журналист болуға ниеті бар талапты жастар көп оқу керек.

Қазір әдеби кітаптың бетін ашпаған жастардың журналистика саласында жүруі ойландырады. Білімсіз жастың журналист болуға құқығы болмауы керек. Сондықтан болар Арман Шораев журналист мамандығына бірнеше ай ғана оқыту керек деп жүр. Ой-пиғылы дұрыс. Күйінгендіктен айтады да.

 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

Халықаралық ақпараттандыру

академиясының академигі, композитор:

 

Салалық журналистика –

медианың жаңа бағыты

 

    Өзіміз болашақ журналистерді әзірлейтін салада қызмет ететіндіктен, жыл сайын жастардың медианың қай тармағына да көбірек қызығатынын тамыршыдай бағамдап, мониторинг жасап отырамыз. Медиаға, интернет журналистикаға, мобилографияға қызығатындар қатары, әсіресе, жастар арасында жыл өткен сайын артып келе жатқанымен, өкінішке орай, басым бөлігінің телевизияға көбірек бүйрек бұратыны ойлантады. Газет, радио журналисі болғысы келетіндер өте сирек. Бұл нені білдіреді? Мұны жастардың көгілдір экран арқылы елдің назарында жүрер «тележұлдыз» болуға құмартып, арзан дүние ұсыну арқылы «тик-токер» болып-ап, лайк, хайп қуып, журналистің нағыз абыройлы кәсіп екенін жете түсінбеуінде деп ойлаймын. Сондықтан біз төрт жыл бойы қазіргі медианың жаңа мамандықтары – мобилограф, таргетолог, SMM, PR сияқты кәсіптерге, сонымен қатар, газет пен радиоға қызықтыратын контенттерде білім беруге тырысамыз. Осы мақсатта көбіне медиа саласында қызмет етіп жүрген, былайша айтқанда, журналистиканың қазанында қайнап жатқан тәжірибелі мамандарды көбірек дәріс беруге шақырып, тікелей өндірісте (телеарнада, газет редакциясында) дуальды оқыту арқылы студенттердің тікелей инлустрияға барып білім алуына жағдай жасап, жастардың дәстүрлі журналистикаға қызығушылығын оятуға талпынамыз.      Бүгінгі журналистика, сөз жоқ, жаңа медиа бағытында дамып жатыр. Дата журналистика, мәдени коммуникация, конвергентті журналистика, салалық журналистика медианың жаңа бағыттары. Мұны оқытпасақ, заман көшінен кейін қалып қоямыз. Бір жағынан, ақпараттық журналистикаға толықтай көшеміз деп, жастардың жазу қабілетінен айырылып барамыз.

Қазіргі БАҚ қоғамдағы өзекті мәселе ретінде атыс-шабысты, кісі жоғалуы мен адам өлімін таңдап жүр. Бұлардың жаңалықтар лентасында алғашқы лекке шығып кететіні сол. Ал, шын мәнінде өзекті мәселені салалық журналистикадан іздеу керек. Елімізде экономика, экология, медицина, спорт, мәдениет тақырыбында індетіп жазатын журналистер азайып барады. Іргеміздегі көршілеріміздің ақпараттық кеңістігіне көз салсаңыз, салалық журналистиканы айтпаған күннің өзінде, нақты бір салаларға арналған газет-журналдар, сайттар мен телеарналар жұмыс істейді. Тіпті таза әскери, медициналық бағытта хабар тарататын телеарналар бар. Бұдан басқа, ғылыми-техникалық жаңалықтардан жан-жақты ақпарат тарататын телеарналар да жұмыс істейді. Алдағы уақытта, тұтастай салалық ақпарат кеңістігін құрмасақ та, медицина, ғылым саласын індетіп жазатын журналистер шоғырын қалыптастыру керек. Өзіміз білім беретін оқу орнының оқу жоспарына салалық журналистерді бағыттап әзірлеу үшін «Спорт журналистикасы», «Экожурналистика», «Педагогикалық журналистика», «Құқықтық журналистика», «Медициналық журналистика», «Арт-журналистика», «Жергілікті журналистика» сияқты пәндерді енгізіп, оқытып жатырмыз. Қазірдің өзінде өз тақырыбына қызығып жүрген студенттер Ютубтан арнайы каналдар ашып, салалық журналистикаға біртіндеп бой алдыра бастады. Өзекті мәселені, міне, осы жастар көтеріп жүр.

 

 

 

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:55

10:30

10:19

09:44

18:41

18:33

17:44

17:23

17:20

17:02

16:39

16:34

16:25

15:56

15:45

14:41

13:15

12:45

12:25

11:48

11:41

11:31

11:26

11:06

10:58