ffin.kz

Алматы облысындағы оқушылар мектептегі орынға таласып оқып жатыр

Алматы облысындағы оқушылар мектептегі орынға таласып оқып жатыр Сурет: Almaty.tv

Мұны жергілікті әкімдік өкілдері де жоққа шығармады


Алматы облысындағы елді мекен мен саяжайда тұратын 2 мыңнан астам бала 500 оқушыға ғана арналған мектептегі орынға таласып оқып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.


Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылындағы білім ордасы 3 ауысыммен оқыса да, мәселе реттелер емес. Мұны жергілікті әкімдік өкілдері де жоққа шығармады. Алайда оқушылардың даурыққан ата-анасы «биліктегілердің шындықты мойындағаны емес, нақты іске кіріскені керек» дейді.


Қарасай ауданындағы 12 мектепте биыл да орын тапшы, сондықтан 3 ауысымда білім беруге мәжбүр. Салдарынан сабақтың басталар уақыты да, аяқталар сәті де өзгерген. Мәселен, Көктоған мен Ақсеңгір ауылындағы жұрт "бір баланы мектепке таңда апарсақ, екіншісін түске таман, ал үшіншісін кешке қарай кезек-кезек аттандырып отырамыз" дейді.



«11 немерем бар. Ішінде 0, 1, 2 сыныптарда оқитындары бар. Таңертең оқиды олар. Түстен кейін оқитын 9 сыныптағы қыздарымыз түстен кейін шығады, кешкі 7-8-дерде келеді», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Мехриза Төлтенова.



Шалғай ауылдағы оқушылардың дені білім ордасына мектеп автобусымен қатынайды. Ата-аналардың сөзінше, мұнда да орын тапшы. "Ауыл балаларын алып кетуге келген көлік бірінші ауылдан шықпай жатып, бір сәтте лық толатын көрінеді. Соның салдарынан оқушылар бір-бірін итеріп, мектепке жеткенше сығылысып барады" - дейді.


«30 бала сиятын автобусқа 60-70 баланы отырғызамыз. Автобус өте кішкентай», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Салтанат Байғабыл.


Көктоғандағы аялдамаға сол маңдағы саяжайда тұратын оқушылар да келеді. Алайда бұл жерге жету үшін олар ең алдымен шаңы бетіне шығып, жаңбырлы күндерде ми батпақ болатын қотыр жолмен жүреді.
Балалары мектептен кеш қайтқандықтан, ата-ана қолдарына шам алып, жолын тосатын көрінеді. Себебі ауылда жарық жоқ, оның үстіне қаңғыған ит те көп дейді. Алайда Көкөзектегі мектеп директоры оқушылар қауіпсіздігі үшін арнайы кезекшіліктің барын айтып ақталды.  



«Негізінде мектебі жоқ елді мекендерден тасымалдау ұйымдастырылған. Арнайы кезекшілер қойылған. Олар шығарып салады және қарсы алады», – деді Көкөзек ауылындағы орта мектеп директоры Жәмилә Манкеева.



Мектеп директорының сөзінше, бүгінде 2 мыңнан астам бала оқитын Көкөзектегі орта мектеп 2000 жылдары салынған. Ал орын тапшылығы осыдан 2 жыл бұрын біліне бастапты. Қарасай аудандық білім бөлімі бұл мәселе бойынша жұмыс қазір қызу жүріп жатыр дейді. Сөзіне сенсек, алдағы 1-2 жылда дәл сол Көкөзек ауылында 1200 орындық білім ордасы бой көтермек.



«Үш ауысымды 12 мектептің 3-еуіне 600 орындық жапсаржай құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа үш мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалған үш мектепке жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін жер телімдері толық қарастырылды. Актісі бар. Қазіргі уақытта жобалық құжаттамалары дайындалуда», – деді Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаева.



Әкімдік өкілі үш ауысымды мектептердің жүктемесін азайту мақсатында жұмыстар жүріп жатқанын айтады. Алайда оған қатынайтын автобустың бағытын ұзарту немесе санын арттыру мәселесі қалай шешілетінін нақты айтпады. Айта кетсек, Қарасай ауданында 78 мыңнан астам оқушы 52 мектепте білім алып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02