Ол жобаларда 4 су қоймасы, құс фабрикасы, гидроэлектростанция, сүт фермасын салу қарастырылған.
Жаңадан тағайындалған әкімдер тыңдауы түстен кейін де жалғасты. Облыс әкімі Амандық Баталовқа Кербұлақ, Қаратал, Ескелді аудандарының әкімдері алдағы жоспар-жобалары туралы баяндады, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, суғармалы жердің көлемін ұлғайту міндеті - бірінші кезектегі мәселе. Ол үшін ауданда 4 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы 541 млн теңге бөлініп, "Аралтөбе", "Үйеңкөл" су қоймаларына күрделі жөндеу басталды. 2021 жылы аяқтауға 768 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрылыс аяқталғанда өңірде қосымша 3 мың гектар суармалы алқап айналымға енгізіледі.
Кербұлақ аймағында 27 инвестициялық жоба тіркелген. Олардың жалпы құны 613 млрд 512 млн теңге. Солардың қатарында бройлер етін өндіретін «Кәусар Агро» ЖШС құс фабрикасының құрылысы басталады. Құны 25 млрд теңгелік жоба іске қосылғанда 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Көктал өзенінің бойында «Жарық Энерго» ЖШС жалпы қуаттылығы 50 МВт гидроэлектростанциясының 1 каскадының құрылысын бастап, жобадағы 5 каскад 2025 жылға дейін салынып бітеді. «Алацем» ЖШС Сарыөзек темір жол бекетіне дейін 11 шақырым теміржол желісін салуды жоспарлап отыр. Құрылысқа 100 адам тартылады. Сол сияқты тауарлы сүт фермасы, мал бордақылау алаңдары салынады деп межеленген. Ауданға орталық стадион, емхана салуға, көшені жарықтандыру, ішкі жолдарды жөндеу, абаттандыру, 5 елді мекенде тозығы жеткен медпункттердің құрылысына, Талдыбұлақ, Аралтөбе, Қарашоқы ауылдарына ауыз су жүргізуге, зираттарды қоршауға және басқа да маңызды қажеттіліктерге қаржы сұралды.
Облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде қаржыны қажет ететін жобалардың ішінде ең өзекті, кезек күттірмейтіндеріне қаржы биылғы екінші жарты жылдықта бөлінетінін, ал басқасына алдағы 2022 жылдың жоспарлы бюджетінен қаралатынын айтты. Мәселен, зиратты қоршау жұмыстарын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы атқаруға болады. Ал аталған үш ауылдың ауыз суға қатысты жобасы республикалық бюджет арқылы қарастырылуда. Сонымен бірге ғимараты тозған әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға немесе қайта салуға міндетті түрде қолдау көрсетілетіні айтылды. Сол сияқты облыс әкімі «Сарыөзек-Көктал» жолының жөндеу жұмыстарының жай-күйі туралы сұрап, істі тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Арқарлы петроглифтерін қорғау мәселесі де назардан тыс қалмауы керектігі айтылды.
Мұнан кейін Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары жайлы хабарлады.
Соның ішінде ауыл шаруашылығында асыл тұқымды мал басын көбейту, етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту, бордақылау алаңдары, мал азығын дайындау өндірісі бар. Ерлан Исабековтің айтуынша, Қаратал ауданының инвестициялық мүмкіндіктерін паш ететін презентация дайындап тарату да жоспарда бар. Яғни ауданда темір жолдың болуы, өңірдің облыс орталығына жақын орналасуы, Қаратал өзенінің аудан аумағынан ағатыны, басқа да табиғи-географиялық, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері осы презентацияда толық қамтылатын болады.
Ауданның тағы бір ұсынысы – Үштөбе қаласында шағын бизнес үшін бизнес-инкубатор құру. Яғни Жұмыспен қамту орталығының балансындағы жалпы алаңы 1,5 мың шаршы метр болатын 2 қабатты ғимаратқа жөндеу жүргізіп, оның бірінші қабатын микробизнес иелеріне жалға беру жоспарланған. Тігін цехы, сұлулық салоны, шеберхана, оқыту орталығы, массаж кабинеті сияқты шағын бизнес ашқысы келетіндер осында орналаса алады. Сол сияқты бұрынғы әскери-техникалық колледждің қазіргі кезде қолданыссыз жатқан аумағына инженерлік инфрақұрылым жүргізіп, өнеркәсіп секторы үшін бизнес-инкубатор құруға болады. Аудан әкімі Үштөбеде өлкетану музейін ашу туралы да ұсыныс білдірді. Сол сияқты аудандық орталық аурухананы күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға да көмек сұрады.
«Амандық Баталов бизнес-инкубатор құру туралы ұсынысты қолдайтынын, жобаға облыстық кәсіпкерлік басқармасы жан-жақты көмек көрсетуі тиіс екенін айтты. Аудандық аурухананың құрылысына қатысты бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа Үштөбеге арнайы барып, мәселенің жай-жапсарын пысықтауды тапсырды.
Қаратал ауданында сонау Балқашқа дейінгі аймақты дамытудың өзі бір бөлек әңгіме. Күріш өсірудің жайы қалай, елді мекендерде ауыз су сапасына байланысты мәселе бар ма, ол туралы да ештеңе айтылған жоқ. Сүт фермаларын құру керек. Ауданды дамытуды әкім ретінде жан-жақты, барлық саланы тұтас қамти отырып жоспарлау керек. Қаратал өңірін әлі де зерттеп, меңгер, жергілікті тұрғындармен, ақсақалдармен тығыз байланыста жұмыс істе», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Әкімдер тыңдауы жиынын Ескелді ауданы қорытындылады. Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли Қарабұлақ ауылын абаттандыру, соның ішінде тұрғын үй құрылысы, көше шамдарын орнату, ауылішілік жолдарды жөндеу, бейнекамералар орнату, каналдарды тазарту, Жаңалық және Алдабергенов ауылдарына ауыз су жүргізу, ауданға қажетті коммуналдық техника сатып алу сияқты бірқатар мәселелер көтерді.
«Қарабұлақ зауытын іске қосуға дайындық жұмыстары басталғанын білесің. Сондықтан зауытты қайта жүргізуге қатысты мәселелерді түгел зерделеп, біліп жүр. Ауданды тұтас дамытуға күш салу керек. Қарабұлақта тұрғын үй алаңын дайындап, бір үй емес, қатарынан бірнеше көп қабатты үй салып, шағын аудан тұрғызуға болады. Алдымен бас жоспар жасап бекітіп алып, сосын егжей-тегжейлі жоспарға сай құрылыс, абаттандыру жұмыстарын жүргізе беріңдер. Жалпы бағытың дұрыс. Мен жаңадан тағайындалған әкімдерге жан-жақты қолдау көрсетемін, соған сай олардан жаңа идеялар, жаңа бастамалар және нәтижелі жұмыс күтемін және талап ететін боламын», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.