немесе электронды төлем картасы туралы бірер сөз
Қазір қалтаңызда цифрлы төлем картасы немесе ұялы телефоныңызда мобильді қосымша болса, Алматы автобустарында, троллейбуста, метрода жүру құны 100 теңге. Ал картаңыз, мобильді қосымшаңыз болмаса, жүргізушіге қолма-қол 200 теңге төлеп, қолыңызға түбіртек-билетіңізді аласыз. Қайсысы тиімді? Әрине, картамен төлейтін 100 теңге тиімді. Ал күніге бірнеше көлікке отыратын болсаңыз, қолма-қол төленетін 200 теңге қалтаңызға әжептәуір салмақ салатыны анық.
АСПАНДА ДА, ЖЕРДЕ ДЕ...
№203 автобуста келе жатырмыз. Кезекті аялдамадан есік ашылғанда, «Саламатсыздар ма, құрметті жолаушылар! «Оңай» карталарыңызды, билеттеріңізді, смс-төлемдеріңізді тексеріске дайындап отырыңыздар!» деген дауыс саңқ ете қалды. «Оңай» деген жазуы бар сары жилет киген жігіт дереу тексеріске көшті. Бәріміз тәртіпті оқушыдай, қалтамызға қарай жүгіріп, біріміз жол жүру картамызды, енді біріміз билетімізді шығара бастадық. Жанымда отырған әйел:
– Қайта-қайта тексере бересіңдер ме?! Қазір ғана тексердіңдер ғой! – деп сөйлеп қалды.
– Апай, бұл – менің жұмысым. Ол тексерістен бері жолай қаншама адам кіріп, қаншама жолаушы шығып жатыр. Тексеруге міндеттіміз, – деп, әлгі бақылаушы жігіт қолындағы аппаратына біздің «Оңай» картамызды тақап, «диң» деген дыбыс шыққан соң ары қарай кете барды.
«Осы бақылаушылардың жұмысы қалай реттеледі екен? Күніге қанша билетті тексергендігі туралы ақпарат әлгі қолындағы аппаратқа жазылып қала ма сонда, есепті сол бойынша беретін болып тұр-ау» деп қоямын іштей журналистік әуестікпен.
Аялдамаға түсе бергенімде, қарсы алдымда әлгіндей сары жилет киген екі тексеруші тұр екен. Сөзге тарттым. Мақпал есімді бақылаушы ақкөңіл әйел салдырлап ала жөнелді.
– Сегіз сағат линияда боламыз. Өзімізге тиесілі автобус маршруттары бар, соған мініп, түсіп, тексеріп отырамыз.
– Жол ақысын төлемегендерді қайтесіздер?
– Түсіріп кетеміз.
– Бәлкім, шын мәнінде ол адам ақшадан қысылып тұрған шығар, жағдайына қарайсыздар ма?
– Қарайтын несі бар, қазір кез келген адамда ұялы телефон бар, туысына, не танысына хабарласа салуына болады. «Каspi Gold» деген тағы бар. Көшелерде терминалдар да толып тұр. «Оңай» картаңызға күндіз бе, түн бе, қарамайсыз, аспанда да, жерде де ақша сала бересіз, – деді қолында электронды тексеру аппараты бар Мәдина.
Иә, рас. Басы-артық айтар уәжіміз жоқ. Міне, цифрландырудың жемісі!
«ОҢАЙМЕН» ОҢАЙ
Жалпы, Алматы қаласының тұрғындары «Оңай» көлік картасы жүйесіне осыдан тура 7 жыл бұрын, 2016 жылы көшкен болатын.
Әлемнің ірі қалаларында осыған ұқсас төлем жүйелері бұрыннан бар. Мәселен, Ресейдің Мәскеу қаласында «Тройка» қоғамдық көлік картасы қолданыста. Лондонда – «Qyster», Стамбулда «IstanbulKart» дейді. Сингапур, Гонконг немесе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дамыған мемлекеттердің барлығы карта арқылы жол ақысын төлеу жүйесіне әлдеқашан көшіп алған.
Алматы – Қазақстандағы электронды карта жүйесіне көшкен алғашқы қала. Ал аталған жүйені енгізудегі басты мақсат – қоғамдық көлікпен тасымалдау саласындағы қаржы айналымын көлеңкелі нарықтан шығарып, сол арқылы қала бюджетіне түсетін қаражат көлемін арттыру болатын. Сол сенім ақталды ма? Ол туралы сәл кейінірек.
КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСТІ «СУ БЕТІНЕ» ШЫҒАРДЫ
Есіңізде ме, осы «Оңай» төлем жүйесі ең алғаш енгізілгенде тұрғындардың басым көпшілігінің наразылық білдіргені? Тіпті, қолма-қол ақшадан қағылған жеке меншік автопарк жүргізушілерінің арасында жолға шықпаймыз деп мінез көрсеткендері де бар. Алғашқыда әр қоғамдық көліктің кондукторы кассалық аппарат арқылы билет кесіп бергенімен, онысын кейде түсіп бара жатқан жолаушыдан қайтарып алып, келесі жолаушыға ұсына қоятынын да көз көрді.
Иә, қала жұрты алғашында жаңа жүйеге тосырқай қарап, сенімсіздік танытты. Бұрынғыдай қолма-қол ақша төлегенді қолайлы көрді. Бірақ қала билігі шегінген жоқ, арнайы рейдтер ұйымдастырып, нәтижесінде жол ақысын төлемеген жолаушылардың әрқайсысына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 4242 теңге айыппұл сала бастады. Сондай-ақ, автобус жүргізушісі көлігінде электронды билет құрылғысы бұзылып қалғанына қарамастан бағытын жалғастырып, жолаушылардан қолма-қол ақша алғаны анықталса, 10 605 теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Айтпақшы, осы жүйені енгізерде сарапшылар қолма-қол төлем кезіндегі түсімнің 30%-ы жекелеген адамдардың қалтасына кетіп жатыр деп болжап келген. Ал «Оңай» енгізілгенде қолма-қол төлемнен түскен пайданың 60%-дан астамы жеке қалтаға кетіп жатқаны әшкере болған.
«Оңай» картасы алғаш қолданысқа енген 10 күн ішінде-ақ қала бюджетіне 67 млн теңгеден астам қаржы түскен екен.
ЖОЛ АҚЫСЫН ЖЕМЕҢІЗ!
«Оңай» төлем жүйесі қыруар қаржыны көлеңкелі экономиканың қалтарысынан шығарып, қаладағы тозығы жетіп салдырлап қалған автобустардың жаңаруына мүмкіндік туғызды. Мәселен, кейінгі 4 жылда қаланың жылжымалы құрамы 95%-ға жаңарды, 2,5 мың автобус сатып алынды. Сөйтіп, халық өз ақшасының қайда жұмсалып жатқанын біледі. Яғни алматылықтар өз қаражатының өздеріне сапалы қызмет ретінде қайтып жатқанын біледі.
Мен Алматы іргесіндегі Талғар ауданында тұрамын. Биылдан бастап аудан орталығы – Талғар мен сол қалаға шектесіп жатқан екі шағын ауыл мен саяжайларға жолаушылар тасымалдайтын автобустар электронды төлем жүйесіне көшті. Сөйтіп, ауыл жұрты да цифрландыру жемісін көріп жатыр. Үлкеннің де, студент, оқушының қолында да электронды карта. Жолақысын қолма-қол төлеп жатқан адамдар бірен-саран ғана кездеседі. Демек, тиімді әдіс бәрімізге жағып тұр.
Осы орайда көкейге келіп қалған бір ойымызды да айта кетсек. Қоғамдық көліктерде жолақысын төлемейтіндер, тек сары жилет киген бақылаушы кіріп келген сәтте ғана «Оңайын» баса қоятын немесе есік-терезеге жапсырылған QR кодқа телефондарының бетін тақай қоятын жолаушылар да бар. Егер сол автобус не троллейбус болмаса, діттеген жерімізге жете алмас едік. Ал жете алмасақ, сол күнге жоспарлаған барлық шаруаңыз аяқсыз қалды деген сөз. Сондықтан жол ақысын жемеген дұрыс-ақ. Әрі қолайлы өмір сүруімізге әрқайсысымыз сол 100 теңге арқылы үлес қосып жатқанымызды да ескеріп жүрейік.
ЖОЛЫҢЫЗ БОЛСЫН!
Тақырыпқа орйы
Бибігүл ТҮНҒАТАР, Алатау ауданындағы «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғыны, көпбалалы ана:
Қоғамдық көлік мәдениетін қалыптастырды
«Оңайдың» жолаушылар үшін өте тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Біріншіден, қоғамдық көлік мәдениетін қалыптастырды десем, артық болмас. Бұрын жүргізушілердің жанында бір-бір кондуктор болатын. Көбісі қыз-келіншектер. Есік көзінде аяғын көтеріп қойып, бір қолымен шемішкесін шағып, екінші қолымен ақша жинап отыратын жап-жас әйелдерге қарап талай қынжылған сәттерім де болған. Қоғамдық көлікте құдды жүргізуші екеуі ғана келе жатқандай айқайлап әңгімелесетіндері де бар- тын. Одан қалды, жолаушылармен дауыс көтеріп балағаттасып жататын. Қазір мұның бірі де жоқ. Жүргізуші өз тізгініне ие. Ал жолаушылар автобусқа міне салып, «Оңайын» сары терминалына тақап, әрі қарай өте береді. Кісі аяғы көп ортада, тар жерде, көлік есігі ашылып, жабылып жатқан қарбалас сәтте сіз қалтаңызды ақтарып тиын- тебен іздеп әуреленбейсіз, осылай төлем жасай қоясыз. Өркениет деген осы ғой!