Жуырда Алматы облысының әкімдігі 1 қыркүйекте Ұйғыр ауданында сібір жарасы болуы мүмкін төрт адамды тіркегендерін айтты. Алдын ала ақпарат бойынша, олар ауру малды сойғанда дертті жұқтырған болуы мүмкін. «Шаңырақ» Ұлттық агроқозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаев Taspanews.kz редакциясына сібір жарасының ерекшеліктері мен Қазақстанда оның тез таралуы мүмкіндігінің себебін айтты.
Сібір жарасын жұқтыру қаупі
Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, сібір жарасы – өте қауіпті инфекциялық ауру. Басқа ауыр дерттерден айырмашылығы – жануардан адамға жұғады. Аурулардың барлығы осындай мутацияға ұшырай алмайды.
«Бұл жануардан адамға жұғатын санаулы аурулардың бірі. Қысқаша айтқанда, сібір жарасы – әрдайым бақылауда ұстауды қажет ететін аса қауіпті жұқпалы ауру», – деді Садырбаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі де Taspanews.kz тілшісіне аталмыш ауру туралы қосымша ақпарат берді.
«Сібір жарасы Bacillus anthracis бактериясынан пайда болады. Егер адам ауруды жұқтырып, уақытылы емделмесе, арты өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Ал жануар ауырған жағдайда, көбінесе, өлім тез келеді. Адамда ол негізінен карбункулез түрінде, кейде терілік немесе септикалық түрде болады. Ол интоксикациямен, терінің, лимфа түйіндерінің және ішкі ағзалардың серозды-геморрагиялық қабынуының дамуымен сипатталады. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды», – деді ведомство өкілдері.
Алдын алу
Алмасбек Садырбаев сібір жарасы өршуінің алдын алу үшін карантин жариялап, ауру малдардың көзін жойып, олармен әрекеттескендерді жіті бақылауға алу керектігін айтты.
«Жануарларға вакцинация жасалады, жұқтырған малды союға және жоюға қатаң бақылау жасалады. Анықталған ауру жануарларды оқшаулау керек, ет өңдейтін шаруашылықтар мен кәсіпорындарда ветеринария-санитариялық нормалардың сақталуын бақылау, инфекциямен байланыста болған адамдарға профилактикалық емдеу жүргізу қажет», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.
Ведомство мәліметінше, профилактикалық мақсатта бірқатар шаралар жасалуда:
- Сібір жарасы табылған аумақта топырақ пен жер асты суларынан сынамалар алынып, қоздырғыштың бар-жоғы тексеріліп жатыр, бар болған жағдайда топырақ ошақтары зарарсыздандырылады.
- Мал жиналатын орындар (базарлар, көрмелер және т.б.), жануарлардан алынатын шикізат пен өнімді дайындау, сақтау, өткізу және қайта өңдеу орындарының ветеринариялық-санитариялық жай-күйі қадағалануда.
- Тұрғындардың ветеринариялық-санитариялық білімін күшейту жұмыстары жүргізілуде.
«Адамдар мен жануарларды сібір жарасына қарсы вакцинамен вакцинациялаудың маңызы өте зор», – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Жерлеу орындары
Садырбаев өлген малды міндетті түрде арнайы биотермиялық шұңқырларға жерлеу керектігін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда жануарларға арналған жерлеу орындары өте көп, бірақ олардың сенімділігіне күмән бар. Өйткені ол аумақтық локализация тек шартты деп санайды.
«Сібір жарасы ит, мысық, тышқан сияқты жануарлар арқылы да жұғады. Барлық тірі организм ауру тасымалдаушы болуы мүмкін», – дейді маман.
Оның айтуынша, Қазақстан сібір жарасының өршуі белгілі бір уақыттарда қайталанып тұратын аймаққа жатады. Мұндай аймақтар әрдайым бақылауда болуы керек деп есептейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де сарапшының пікірімен келіседі. Ведомствоның баспасөз қызметі сібір жарасы республиканың барлық өңірлерінде қолайсыз стационарлық дерт болып саналатынын айтты. Оның қоздырғышы жерде ұзақ уақыт сақталуы мүмкін және аурудың қауіптілігін табиғи-географиялық факторлар күшейтеді.
Ал министрлік Қазақстанда сібір жарасы өте сирек кездесетінін, бұл белсенді профилактикалық шаралар мен вакцинацияның арқасында екенін атап өтті.
Биологиялық қауіпсіздік
Алмасбек Садырбаев Қазақстанда сібір жарасы жұқтырған адамдардың бұрын да, қазір де болғанын және болатынын айтты.
«Қазақстанда ветеринария қазіргі уақытта талаптарға сай келмейді», – деп сөзін аяқтады Садырбаев.