Көк Туы көкке желбіреген егемен ел болғалы да біршама жыл өтті. Бүгінгі күнге дейін халық игілігі үшін атқарылған істер де аз емес. Десек те, әлі шешімін таппаған күрделі де өзекті мәселелер баршылық. Солардың бірі – халықтың пікірін білу үшін референдум өткізіп, салынайын деп жатқан атом электр станциясының құрылысы. Осы мәселе күн тәртібіне енгелі қоғам екіге бөлініп, бір шешімге келе алмай жатқаны рас.
Жалпы, әлем бойынша салынған АЭС-терге назар аударсақ, АҚШ-та – 94, Францияда – 56, Қытайда – 50, Ресейде – 38, Жапонияда – 34, Оңтүстік Кореяда – 24, Индияда – 22, Канадада – 21, Ұлыбританияда – 15, Украинада – 15, жалпы саны – 369 атом реакторлары бүгінгі күнде жұмыс істеп тұр екен. Бұл Солтүстік мұзды мұхитта жүретін атомдық мұзжарғыштар мен әскери мақсаттағы атомдық сүңгуір қайықтарда жұмыс істеп тұрған реакторларды қоспағанда... Яғни әлем бойынша атом энергетикасын қолдану баяғыдан жолға қойылған және ол сол мемлекеттердің экономикасының дамып, өсіп-өркендеуіне жұмыс істеуде. Біздің ел де осы дамыған мемлекеттердің көшінен қалмауға барынша тырысып-ақ жатыр. Кез келген елдің экономикасының дамуы – электр қуатына тікелей байланысты.
Мәселен, үлкен немесе кішігірім өнеркәсіпті былай қойғанда, салынып жатқан тұрғын үйлер мен сол үйлерде күнделікті тұрмыста пайдаланатын, электр қуатын қажет ететін құрал-жабдықтар мен тұрмыстық заттар күннен-күнге көбеюде. Соның салдарынан соңғы уақыттарда электр қуатының жетіспеушілігі орын алуда. Осыған орай елімізде қуатты, заманауи электр станциясын салу қажеттілігі өзекті мәселе болып отыр. Осы тұста «Бізге АЭС керек пе жоқ па, оның пайдасы көп пе, зияны көп пе?» деген сауал бүгінгі күні әр қазақстандықтың көкейінде тұр.
Бұл әңгіме қозғалғанда, бірден Чернобыль қаласындағы АЭС-та болған апат, оның адамдар мен қоршаған ортаға келтірген зардабы мен еліміздегі Семей ядролық полигонынан болған зардап көз алдымызға келеді. «Сүтке аузы күйген суды үрлеп ішеді» дегендей, «атом» сөзі қолданылатын нәрсеге үрке қарап, шошитынымыз жасырын емес. Мұндай зардаптардың бетін ендігі жерде адам басынан аулақ қылсын!
Дегенмен де, жоғарыдағы тізімде көрсетілген, жерінің көлемі біздің бір облысымыздай-ақ, тіпті одан да кіші мемлекеттерде бірнеше атом реакторларының қаншама жылдар бойы ешбір ақаусыз жұмыс істеп тұрғанына да бір сәт назар аударайықшы. Және де бір емес, екі атом бомбасынан тікелей жапа шеккен жапон мемлекетінің өзі, ешнәрседен қорықпай-ақ, референдум өткізбей-ақ 34 реактордың пайдасын көріп отыр емес пе?! Біреулеріңіз айтуыңыз мүмкін: «Сен де айтады екенсің, Жапония қайда, біз қайда? Салса, дамыған мемлекет есебінде олар озық технологияларды пайдаланып салады» деп. Толығымен келісемін, өйткені АЭС құрылысын қолдайтын азаматтардың да көңілінде жүрген тағы бір түйткүлдің бірі осы мәселе деп айтуға болады. Яғни елімізде АЭС салына қалған жағдайда заманауи жетілдірілген, соңғы үлгідегі технологиямен салына ма, әлде ескірген, қазіргі заман талабына сай емес, арзан бағадағы технология келе ме? Тағы бір мәселе, «Астанадағы ЛРТ құрылысына қаншама қаражат шығын қылып, қанша жыл өтсе де бітіре алмай жатып, АЭС салу біздің не теңіміз?» деген де ой көпшілікті мазалайды. Осы екі мәселеге ертең дауыс беретін халық емес, тікелей үкімет жауапты.
АЭС реакторларындағы ең маңызды мәселе, уран атомдарынан бөлініп шығатын энергияны қатаң бақылауда ұстауда. Осы жердегі айта кететін нәрсе, сол Чернобыль АЭС-ының энергоблогындағы болған апат, бөлініп жатқан энергияны аз ғана уақыт назардан тыс қалдырып, дер кезінде ауыздықтап үлгере алмағандықтан болған. Басқаша айтқанда, АЭС-ның зияны мен зардабы – ол тікелей адами факторға байланысты, бақылаудың дұрыс болмауынан, жауапкершілікті сезінбей салғырт қараудан. Олай болса, бізге ең соңғы үлгідегі заманауи АЭС салынған күнде де, біздің оны сол күйінде сақтап, өз игілігімізге пайдалана алатындай қаншалықты қауқарымыз бар? Сол саланың қанша маманы бар, олардың біліктілігі қандай дәрежеде, әлде оларды сырттан әкелеміз бе? Апат бола қалған жағдайда (әрине, ондайдың бетін аулақ қылсын) оны өз күшімізбен залалсыздандыра аламыз ба, жоқ сырттан келетін көмекке қарап телміріп отырамыз ба? Осы сұрақтарға нақты жауап бар ма?
Жалпы, АЭС-ті қолданудағы ұтатын жеріміз, ол – отын, аз ғана мөлшердегі уран ұзақ уақыт бойы және орасан зор энергия бөліп шығарады. 1 кг ғана уран 20 тн көмірді жаққанда бөлінетін жылуды береді. Біз уран қоры жағынан алдымызға Австралияны ғана жіберіп, әлемдік уран қорының 15%-ын иемденіп, көш басында тұрған елміз. Сөйте тұра, оны тек шикізат ретінде ғана өндіріп, сатудамыз.
Ал пайдасы мен зиянына келсек, пайдасы да, өндіретін электр қуаты да мол. Зияны негізінен, жоғарыда айтылғандай, тек адами факторға байланысты (Фукусимадағы жер сілкінісінен болған жағдайдан басқа). Егер де АЭС айналасының барлығын тек қана радиациямен ластайды дейтін болсақ, жоғарыда келтірілген 369 реактор, мұзжарғыш кемелер мен сүңгуір қайықтардағы реакторлардың әсерінен осы уақытқа дейін бүкіл Жер шары уланып бітетін еді. Бірінші кезекте Кеңес үкіметі кезінде салынған өзіміздің Ақтау қаласындағы атомдық су тұщыландырғыштан қала мен қала маңайының бәрі құрып бітетін еді. Осы жерде «Неге жасыл энергетиканы дамытпаймыз?» деген де сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, «Жасыл энергетиканың» негізгі минустары, тоқтаусыз күндіз-түні энергия өндіре алмайды және қуаты жағынан да әлдеқайда аз.