Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің базасында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қоғам үшін айрықша маңызға ие «Заң мен тәртіп» құндылығын жүзеге асыру мақсатында «Әділ заң – ел тірегі» атты тағылымды кездесу өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Заң мен тәртіп — әділетті қоғамның негізі. Әр азамат заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс. Бұл — тұрақты дамудың басты шарты», — деп атап көрсеткен болатын. Осы ұстаным бүгінгі кездесудің негізгі идеялық өзегіне айналды.

Іс-шара студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, нақты өмірлік мысалдар мен кәсіби тәжірибеге негізделді.
Кездесу барысында колледждің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының м.а. Шолпан Маратқызы да сөз сөйлеп, іс-шараның тәрбиелік маңызына тоқталды. Ол өз пікірінде:
«Бүгінгі кездесудің басты мақсаты — студенттерге заңды тек талап ретінде емес, өмірлік құндылық ретінде түсіндіру. “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында біз жастардың бойына заңға құрмет, тәртіпке жауапкершілік және азаматтық сана қалыптастыруды көздейміз. Өйткені әділ заңды сыйлайтын, тәртіпті сақтайтын жас — ел болашағының берік негізі», — деп атап өтті.
Сондай-ақ ол колледжде тәрбие жұмысы жүйелі және кешенді түрде жүргізіліп жатқанын айтып, құқық қорғау органдарымен бірлескен осындай кездесулердің студенттердің өмірлік ұстанымына оң әсер ететінін ерекше атап өтті.
Кездесуге құқық қорғау саласының білікті өкілдері, соның ішінде Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі т.б құрметті қонақтар арнайы шақырылды.

Іс-шара барысында спикерлер құқық қорғау органдарының қызметі, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық түрлері, олардың алдын алу шаралары, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасап арнайы видеороликтер көрсетті.
Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының орынбасары полиция полковнигі Мәди Құрманжанов өз сөзінде:
«Заң мен тәртіп — тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл — әр азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігі. Жастардың заңды ерте жастан түсініп, оны саналы түрде сақтауы — қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі», — деп атап өтті.
Ал ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілі Ерлан Сатаев ұйымдасқан қылмыстың жастар үшін аса қауіпті екенін атап өтіп:
«Қылмыстық топтар көбіне жас, тәжірибесіз адамдарды өздеріне тартуға тырысады. Сондықтан әрбір студент заңсыз әрекеттің салдары қандай болатынын анық білуі тиіс», — деп ескертті.
Кездесудің қорытынды бөлімінде полиция капитаны Маржан Бейбит кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жайында кеңінен тоқталып:
«Заңды білу — міндет, ал оны сақтау — азаматтық парыз. Әрбір студент өз әрекетінің салдарын түсінсе, көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады», — деп түйіндеді.
Аталған кездесу студенттер үшін үлкен тағылымға айналып, олардың құқықтық танымын кеңейтуге, заңға деген көзқарасын нығайтуға зор ықпал етті. «Әділ заң – ел тірегі» атты бұл бастама колледждегі тәрбие жұмысының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын және адал, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеуге бағытталған нақты қадамдардың бірі екенін көрсетті.