Тегін кәсіби білім беру мен жұмысшы мамандықтарын дамыту Алматы мен жалпы ел көлемінде еңбек адамын қолдап, жастарды жұмыспен қамтудағы негізгі құралдың біріне айналды. Техникалық және кәсіптік білім берудің трансформациясы, оның цифрландыру мен жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа рөлі туралы Алматы технологиялық колледжінің директоры Ерулан Қарағұлов Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтып өтті.
Оның айтуынша, бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп отыр. Бұрын ТжКБ көбіне қолөнерді, қол еңбегін үйретсе, XXI ғасырда бұл шекара іс жүзінде жойылды. Қазіргі заманғы жұмысшы маман орындаушы ғана емес, сонымен қатар білімнің, технология мен инновациялық ойдың да иесі болуы керек.
"Біз жұмысшы мамандығын "қара жұмыс істейтін адам" деген ескі түсініктен арылтып жатырмыз бірте-біте. Қазір аспаз да, электрик те, технолог та цифрлық құралдарды меңгеріп, автоматтандыру барысын түсініп, өз бетімен шешім қабылдай алуы керек. Қазіргі колледж өткеннің шеберханасы емес, болашақ маманның ойлау жүйесі қалыптасатын үлкен кеңістік ол", - дейді Ерулан Қарағұлов.
Цифрландыру, автоматтандыру мен жасанды интеллект бүкіл әлемде еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқандықтан, кәсіптік білім беру жүйесі Төртінші өнеркәсіптік революцияның сын-қатерлеріне бейімделуге мәжбүр. Оқу процесіне онлайн-платформалар, виртуалды симуляторлар, VR-тренажерлер мен нақты өндірістік жағдайларды модельдеуге мүмкіндік беретін цифрлық модульдер енгізіліп жатыр. Ұзақ әрі қатаң бекітілген бағдарламалардың орнына білім беретін икемді траекториялар, микроквалификациялар мен қысқа мерзімді курстар пайда болды. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды жылдам меңгеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әмбебап құзыреттерді - сыни ойлау, креативтілік, коммуникация, командада жұмыс істеу қабілеті мен экологиялық жауапкершілікті дамыту да маңызды бола түсті. Мұның бәрі кәсіби білім берудің жаңа философиясын қалыптастырады, онда колледж түлегі өмір бойы оқып, өзгерістерге бейімделуге дайын болуы тиіс.
"Бүгінгі міндетіміз - тар шеңбердегі маманды емес, мамандығымен бірге дами алатын тұлғаны даярлау. Технология жылдам өзгереді, сондықтан колледждер студенттерге кәсіпті ғана емес, жаңаны жылдам меңгеріп, инновациямен жұмыс істеп, болашақты көре білу қабілетін үйретуі керек", - деп атап өтті колледж директоры.
Қазір елде 772 колледж жұмыс істейді, онда 550 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Мемлекет ТжКБ жүйесін өнеркәсіптік өсім мен экономиканы технологиялық жаңғыртудың стратегиялық ресурсы ретінде қарастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жастар мен мамандығы жоқ азаматтар үшін техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша тегін оқытуды қамтитын кәсіптік білім беруді жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыстар іске асырыла бастады.
Колледждердің тартымдылығы айтарлықтай артты: соңғы жылдары студенттердің шәкіртақысы 2020 жылмен салыстырғанда жалпы алғанда 100%-ға өсті. Колледж оқытушыларының жалақысы екі есе ұлғайды, біліктілікті арттыру бағдарламалары мен шетелдік тағылымдамалар дамып келеді, WorldSkills стандарттары енгізіліп жатыр.
Инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды кезеңі - "Жас маман" жобасы болды. Оның аясында еліміздегі 180 колледж 100 ең сұранысқа ие мамандық бойынша заманадық жабдықпен қамтамасыз етілді. Бұлар іс жүзінде өңірлік құзырет орталықтары мен инновациялық зертханаға айналып барады.
"“Жас маман” жобасы ТжКБ жүйесі үшін нағыз серпіліс болды. Біз әлемдік деңгейдегі жабдыққа қол жеткіздік, студенттерді нақты технологиялар негізінде оқытуға және оларда инженерлік әрі жобалық ойлауды қалыптастыруға мүмкіндік туды", - деді Ерулан Қарағұлов.
ТжКБ трансформациясының жарқын мысалы - қонақжайлылық индустриясы. Бүгінде туризм мен мейрамхана бизнесі дағдыны, технологияны, креативті ойлауды ұштастыруды талап етеді. "Жас маман" жобасы аясында Алматы технологиялық колледжі тағам технологиялары бойынша Құзырет орталығына айналып, WorldSkills стандартына сай жабдықтармен - индукциялық плиталардан бастап тағамдық 3D-принтерлерге дейін толықтырылды. Студенттер цифрлық симуляторлар, VR-тренажер мен арнаулы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы білім алады.
Сонымен қатар колледждердің жанынан оқу-өндірістік алаңдар, шағын кәсіпорындар, оқу кафелері, цехтар мен шеберханалар құрылып жатыр. Мұнда студенттер тапсырыс берушілермен нақты жұмыс істеп, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Осылайша колледждер біртіндеп қолданбалы инновациялардың инкубаторына айнала бастады.
Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің трансформациясы бүгінде адами капитал мен болашақ экономикасына салынған стратегиялық инвестиция ретінде қарастырылады.