Әдеби жыл қорытындысы: Өткенді саралау, болашақты бағдарлау

Әдеби жыл қорытындысы: Өткенді саралау, болашақты бағдарлау Суретті түсірген Самат Құсайынов

Қазақстан Жазушылар Одағында кешелі бері әдеби жыл қорытындысына арналған алқалы жиын өтіп жатыр. «Қазақ әдебиетінің бүгінгі көкжиегі» деген тақырыпқа орайластырылған шарада өткен жылы еліміздің әдебиетінде көрініс берген маңызды жетістіктер мен өзекті мәселелер қозғалды.  

Жалпы, әдеби жыл қорытындысы – тек бір жыл көлеміндегі нәтижені саралау ғана емес, қаламгерлік өнердің бүгінгі жағдайын бағалау мен болашағын бағдарлау мақсатындағы басқосу десек артық айтқандық емес. Жиынға алматылық ақын-жазушылармен қатар, еліміздің барлық өңірлерінен, облыс, қалаларынан сөз зергерлері қатысуда.

Биылғы жиынның ерекшелігі – жастарға айрықша көңіл бөлінуі. Яғни аталған шараға оңтүстік астанадағы жоғары оқу орындарының әдебиетке, сөз өнеріне қатысы бар студенттері де арнайы шақырылған. Жазушылар Одағының төраағасы Мереке Құлкеновтің сөзімен айтсақ, бұл – ұлт әдебиетінің болашағына деген қамқорлық. Алғаш жүзеге асырылып отырған бұл игі бастама әдебиеттің алтын арқауын сақтау үшін керек. Бүгінгі ұрпақ әдебиетті танымаса, ертең ұлттық сана тамыры үзіліп қалуы мүмкін. Сондықтан әр буын арасында рухани сабақтастық орнату – басты міндет. Жастардың әдебиетпен байланысы үзілмесе, ұлттың рухани тұғыры да бекем болары сөзсіз.

Алқалы жиын Жазушылар Одағы басқармасының өткен жылы атқарған жұмыстары мен бірқатар жетістіктеріне қысқаша шолу жасаумен басталды. Қатысушылар арнайы бейнежазбадан әдеби процестегі серпілістер мен жаңалықтарға қанықты. Атап айтқанда, Одақтың бүгінгі заман талабына сай ақпараттық кеңістікті игеруге қадам басқаны белгілі болды. Атап айтсақ, жаңа ресми сайт іске қосылған, әлеуметтік желілерде белсенділік артқан, YouTube арнасы ашылған, сөйтіп, әдеби шаралар туралы жедел ақпарат таратуға мүмкіндік туған. Мұның бәрі оқырман мен қаламгер қауым арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған қадам екені анық.

Жиында қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында атқарылып жатқан шаралар, халықаралық әдеби байланыстар да аталмай қалған жоқ. Осы орайда, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы аясында Анкара қаласында өткен іс-шара және қазақ әдебиетінің ЮНЕСКО төрінде ұлықталуы – ұлт руханияты үшін ерекше мәртебе, сондай-ақ бұл қазақ әдебиетінің Азия мен Еуропа арасындағы рухани көпір ретіндегі маңызын паш еткен тарихи қадам екені айтылды. Әсіресе Түркі дүниесімен байланысты нығайту бағытында маңызды істер атқарылып жатқаны байқалды.

Қаламгерлерді жаңа идеяларға, табыстарға ынталандырудың, шабыттандырудың бір жолы – олардың еңбегін бағалау мен лайықты марапаттау десек, бұл жағынан да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Мысалы, әдеби жобаларды қаржыландыру үшін жеке инвесторлармен әріптестік орнатыла бастаған. Бұл – әдебиетті тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның қолдауына сүйенетін өміршең жүйеге айналдыру жолындағы маңызды қадам екені даусыз.

Ұлттық этнографияны жаңғырту, тарихи мұраларды зерттеу, әдебиетке қызығушылықты арттыру мақсатында Жазушылар Одағы тарапынан қолға алынған шараның бірі – өңірлерге экспедициялар. Рухани жаңғыру аясында еліміздің батыс өңірінен басталған бұл сапар Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларын қамтып, әрі қарай шығыс пен солтүстік өңірлерде жалғаспақ.

«Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Алайда біз бұл тақырыпты кейде ескерусіз қалдырып жатамыз. Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтары туралы жазу азайып кетті. Бұрын Ғабиден Мұстафин, Зейнолла Сәнік, Сәтімжан Санбаевтар, Ахат Жақсыбаевтар секілді жазушылар өндіріс тақырыбына арнап тамаша шығармалар жазды. Қарапайым еңбек адамдарының бейнесін көркем сөзбен асқақтатты. Енді біз осы үрдісті қайта жаңғырту үшін арнайы жобалар қолға алудамыз. Жергілікті жазушылар аукцион форматында таңдалады. Сөйтіп, 6-7 айдың ішінде белгілі бір еңбек адамы туралы шығарма – поэма, повесть немесе роман жазады. 12-16 мамыр аралығында Атырауда өтетін пленумның басты ерекшелігі де – осы», – дейді Мереке Құлкенов.

Аталған жиында әдебиеттің әр жанры бойынша есептік баяндамалар тыңдалды. Уақыттың тығыздығына орай барынша ықшамдалып оқылған баяндамалардың толық мәтіні Одақтың ресми сайты мен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланатыны ескертілді.

Әдеби жыл қорытындысына арналған шара бүгін ары қарай жалғасады. Жиын барысында бірқатар қаламгерлерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы, сондай-ақ «Сәуле-Куяш» және Абдумажит Дөләтов атындағы республикалық әдеби сыйлықтар табысталады. Қазақстан Жазушылар Одағына жаңадан қабылданған қаламгерлерге Одақтың мүшелік билеттері тапсырылады, сондай-ақ балалар әдебиетін қолдау мақсатында жаңадан бекітілген «Ертөстік» әдеби сыйлығының ережесі таныстырылады.

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:09

12:01

11:40

11:31

10:40

10:17

10:08

09:34

09:29

19:33

19:23

17:57

17:48

17:35

17:14

17:08

16:56

16:56

16:50

16:40

16:35

16:15

16:02

15:46

15:43