ffin.kz

Ұлы күн

Ұлы күн Сурет: Кazgazeta.kz

Біздің Ұлы даламызда ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығы шаңырақ көтергенше 20-дан астам елдер мен ұлыстар ғұмыр кешкен екен.


Кейбіреулері қысқа мерзім ғана өмір сүріп, артында тарыдай мұра қалдыра алмаса, сақтар, ғұндар, байырғы түркілер, Алтын Орда тәрізді алпауыт саяси-этникалық құрылымдар әлем тарихында мәңгі өшпейтін шежірелерін түзді. Қазақ халқы - осылардың тікелей мұрагері әрі өз орнында отырған шырақшысы. Керей мен Жәнібек хандар шаңырағын тіктеген мемлекет қай күні, қай айда дүниеге келгенін біз білмейміз. Білетініміз – сол бір Ұлы күнге жеткенше бабаларымыз құрыштай шыңдалды, дүниенің төрт бұрышымен араласты, ықпалдасты, жасампаздық әлеуеті мен бәсекелік қабілетін арттырған үстіне арттыра түсті. Тарихтың қатал сынағына төтеп бергендерге ғана лайықты сыбаға бұйырады. Осынау қилы тағдырлар мен ғасырлардың мәнін тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында қысқа да нұсқа түйіндей алыпты. «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды», - делінген онда. –Талай жұрт алапат соғыстар мен айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды».


Және қандай ғасырларда десеңізші! Қазақ хандығы дүниеге келген ХV ғасырдан от қаруына қол жеткізген еуропалықтар іргелес елдерді отарлағанды місе тұтпай, мұхиттың арғы жағындағыларды, Америка құрлығын бағындыруға кірісті. Оны тігісін жатқызып, «Ұлы географиялық жаңалықтар» дейтіні бар. Соның ең үлкені 1492 жылы Американы ашу еді. Бүгінде әлемді аузына қаратып отырған АҚШ отарлық қамытынан XVIII ғасырдың ІІ жартысында ғана құтылды. Бұл – біреу білсе, біреу білмейтін ақиқат.


Демек, отарлау қиянаты барынша асқынған ғасырларда жүздеген әлсіз мемлекеттердей Қазақ хандығының біржолата жоғалып кетпегені – бабаларымыздың ұлы ерлігі. Мұнда ханның да, қараның да, батырдың да, бидің де үлесі бар. Тап осы үш жүзжылдықта ұлттық болмыс-бітіміміз – руханиятымыз, менталитетіміз, кодымыз толық қалыптасты. Тамырымыздың тереңге тартқаны соншалықты оны патшалық отарлау да, кеңестік экспериметтер де үзе алмады. Мақалада дөп басып айтылғандай, «Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да,  тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт».


Шексіз бақытқа есік ашқан екінші ұлы күн - 1991 жылғы 16 желтоқсан. Соның алдында ғана еліміз кеңестік атауынан құтылған болатын. Енді, міне, тәуелсіз жас мемлекет - Қазақстан Республикасы дүниеге келді. Жүрегі, санасы, қаны қазақ жанның бөрікті аспанға атпағаны жоқ.


Содан бері 30 жыл өте шықса да, қуаныштың екпіні әлі басылған жоқ. Азаттыққа мейіріміз қанатын емес. «Қорыққан мен қуанған бірдей» деген ғой дана халқымыз. Шынында да, қуаныштан бірдеңені бүлдіріп алуымыз бек мүмкін еді. Мәселен, желтоқсан-86-да көрген қорлық пен қиянаттың есесін қайтарамыз деумен арандап қалуымыз оп-оңай еді-ау. Құдайға шүкір, Ұлы даланың ұлы перзенттері шалалықтың «солшыл» ауруына ұрынған жоқ. Қайта көпұлтты, көпдінді халықты мемлекетқұраушы қазақ халқының төңірегіне топтастыра білді.


Отыз жылдық тарихы бар тәуелсіздік ұлан-ғайыр табыстармен көмкерілді. Ол «Қазақстан жолы» атауымен жаһанға мәшһүр. Жасампаздық пен табыстың бірсыпырасын Елбасымыз қадап-қадап көрсеткен екен.


«Шексіз бақыт» құшағында өмір сүріп жатқанымыз күмән-күдіксіз ақиқат. Тарихшы ретінде соның бастау-бұлағы қайда деген сұрақтың жауабын іздегенде тапқаным мыналар болды:


Біріншіден, ел ішінде, азаматтарымыздың қарым-қатынастарында орныққан татулық пен тыныштық, өзара ынтымақ пен сенім. Бұларсыз бір қадам ілгері баса алмас едік. Кеше ғана ішкені алдында, ішпегені артында деген республикалар, аймақтар сырттан жау келмей-ақ қырық пышақ болып қырқысумен жүдегені, титықтағаны көз алдымызда.


Екіншіден, еліміздің ішкі және сыртқы саясатының айна-қатесіз дұрыс анықталғаны. Бұл орайда Президенттік билік институтының енгізілуінің, 1995 жылы қабылданған екінші Конституцияның маңызы орасан зор. Қазақ елі өз тағдырын бүкіл халық сайлаған Президентіне сеніп тапсырды. Президент «Қазақстан - 2030», «Қазақстан – 2050», «Ұлт жоспары», жаңа Астана, «Еуропаға жол», Экспо-2017 сынды тамаша жобаларымен тәуелсіздіктің жасампаз әлеуетін ашты. Халық та ұлт көшбасшысын төбеге көтерді.


Үшіншіден, тарихтағы тұлғаның рөлі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан жағдайында толық ашылғаны. Тәуелсіздіктен тура бес жыл бұрын Кремль көсемдері Қазақстанда Д.Қонаевтың орнын басатын қазақ жоқтай өңкиген өнерсіз Колбин деген біреуді бірінші басшы орынтағына қонжитып, оңбай қателескен еді. Іле-шала желтоқсан көтерілісі бұрқ етті. Арты Кеңестер Одағының ыдырауына ұласты. Социализмнің астан-кестеңі шығып жатқанда шашасына шаң жұқтырмаған тұлпар тұлға Н.Назарбаев екенін алдымен КСРО мойындады, сонан соң әлем таныды. Жас мемлекетті өрге сүйреу батыл шешімдерді, болашақты дәлме-дәл болжауды, сенімді серіктерін табуды, жаһанданудың жалынан ұстауды, шалқайғанға шалқаюды, еңкейгенге еңкеюді талап етті. Ұлт көшасшысы уақыт артқан міндет пен жүкті мінсіз атқарып, діттеген межесіне жеткізді. Бұл әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Шексіз бақыт.


Өмір жалғасуда. Еліміздің алдында бұрынғыдан да биік әрі жауапты белестер тұр. Тарих көші тоқтамауы керек. Сынақтан сүрінбей өту үшін қандай шарттарды орындау міндетті екенін 23 қараша күні Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысындағы сөзінде Елбасымыз екжей-тегжейлі айтып берді. Бүгінде олар «Елдіктің жеті тұғыры» атауымен жүзеге асырылуда.


Отандастарымызды алда Ұлы күн күтіп тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41