Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың бұл қызметке келгеніне де үш айдың жүзі болыпты. Жаңа қызмет десек те, Марат Орынбасарұлы медицинаның барлық сатысынан өтіп келе жатқан белді маман. Сондықтан бұл қызмет те оған бөтен емес.
– Марат Орынбасарұлы, алғашқы күніңізді неден бастадыңыз? Алматылықтардың денсаулығы қалай?
– Ең алдымен медициналық ұйымдардың бірінші басшыларымен кездестім. Осы уақыт ішінде мемлекеттік емдеу мекемелерінің басым көпшілігінде болып, олардың инфрақұрылымымен, жұмыс және материалдық-техникалық жағдайымен, кадр құрамымен және стационарлар мен амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық ұйымдардың күнделікті тәжірибесінде ақпараттық жүйелерді пайдалану және т.б. көптеген мәселемен таныстым.
Басқарманың стратегиялық міндеті – пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау және алматылықтарға сапалы медициналық көмек көрсету.
Негізгі басым бағыттар тұрғындардың, әйелдер мен балалардың денсаулығын нығайтуға және сақтауға, әлеуметтік маңызы бар аурулардан өлім-жітімді азайтуға бағытталған.
Иә, біз үшін пациенттерге де, медицина қызметкерлеріне де қолайлы жағдай жасау маңызды. Пациент таза, қолайлы емханаға келуі керек. Өйткені қызметкерлердің қарым-қатынасы ғана емес, сонымен қатар айналадағы тазалық пен жайлылық медициналық ұйымға деген оң көзқарастың қалыптасуына, тіпті ем-домның нәтижелі болуына да дәнекер болады. Әкімшілік, дәрігерлер, орта және кіші қызметкерлер уақытының көп бөлігін жұмыста өткізеді. Жақсы еңбек жағдайы, ыңғайлы жұмыс орны қызметкерлердің ынтасын, еңбек өнімділігін мен тиімділігін де арттырады. Ауруханаларда толық ем алу үшін душ, ыңғайлы дәретханадан бастап, дұрыс тамақтануға дейін барлық жағдай жасалуы керек. Міне, осы мәселелерге баса назар аударудамыз.
– Қала емханалары мен ауруханаларының жабдықталуы халықаралық стандартқа сай ма? Қазір роботтар ота жасап, роботтар дәрі дайындайтын болды, олармен бірге жұмыс істейтін, заманауи технологияның тілін меңгерген мамандар жеткілікті ме?
– Медициналық мекемелердің жағдайы, жабдықталуы әртүрлі. Заманауи ғиамараттар бой көтерген, ескіргені де жоқ емес. Жаңадан салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарына сейсмикалық жағынан мән беріліп, соны үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталып жатқаны қуантады бізді.
Ұлттық аккредитацияның жоғары, бірінші және екінші санатын алған ұйымдар бар. Кейбір медициналық ұйымдардың JCI аккредитациядан өту мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Бұл аккредиттеу медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің ең жоғары халықаралық стандартына сәйкестігін растайды. JCI аккредитациясы клиникаға деген сенімді арттырады және медициналық туризмнің дамуына ықпал етеді.
Алматы онкологиялық диспансерінде бұрын негізінен Еуропа мен АҚШ медициналық мекемелерінде қолданылған «KiroOncology» роботты химиотерапияны дайындау жүйесі енгізілді. Қазақстанда мұндай технология бірінші рет қолданылды. Бұл – онкологиялық тәжірибеде автоматтандыруға және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ, №3 қалалық емхана елімізде алғаш тіркеу орнындағы персоналдың жүктемесін айтарлықтай азайтатын жасанды интеллектімен дауыс беретін роботтар немесе виртуалды көмекші енгізілді.
Қазіргі уақытта емханада тұрғындардың мақсатты топтарын медициналық тексерулер мен скринингтерге шақыру үшін дауыстық роботтар енгізілді. Шақыру процесін автоматтандыру медицина қызметкерлерінің уақытын үнемдейді. Дауыстық бот тәулігіне 300-ден астам адамға қоңырау шала алады, оның оң конверсиясы 40%-дан асады және қарсылықтарды өңдей алады.
Бізде цифрлық медицина кеңінен қолданыла бастағандықтан, робототехника саласындағы мамандарды көптеп тарту қажет. Иә, робот көмекшілері медициналық мақсаттағы бұйымдар мен құралдарды тасымалдауда, пациенттердің өмірлік көрсеткіштерін автоматты түрде өлшеуде, оларға күтім көрсетуде және басқа да қосымша функцияларын орындауда пайдалану үшін жоспарланған.
– Жедел жәрдем мәселесі толық шешілді ме? Кешігіп қалып жүрген жоқ па?
– Бүгінгі күні жедел медициналық жәрдем қызметі қала тұрғындарына тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында І-ІІІ санаттары бойынша көмек көрсетеді. Жылдам әрекет етуді қамтамасыз ету үшін қаланың барлық ауданында орналасқан 12 қосалқы станция бар. 3500-ден астам қызметкері бар 200 бригаданың құрамына реанимация, қарқынды терапия, педиатриялық, дәрігерлік және фельдшерлік бригадалар, сонымен қатар заманауи медициналық технологиялар мен практикалық тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар кіреді.
Жыл қорытындысында жедел жәрдем қызметінің көрсеткіші, атап айтқанда, шақыру жедел жәрдем бригадасына берілген сәттен бастап және жөнелту пунктіне 15 минуттан аспайтын мерзімде жету уақытын сақтау 90%-ға орындалды.
Бүгінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының мобильді бригадалары да тұрғындарға жұқпалы және басқа да аурулар кезінде үй жағдайында қызмет көрсетеді. 4-санаттағы шақыруларды қабылдағаннан кейін Жедел медициналық көмек станциясының диспетчері қоңырауларды жұмыс күндері жұмыс уақытында автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының мобильді топтарына жібереді.
– МӘМС жүйесі Алматы тұрғындары үшін тиімді жұмыс істеп тұр деп ойлайсыз ба?
– МӘМС пакетінің көлемі жыл сайын артып, кеңейіп келеді. Бұл халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттырып отырғаны сөзсіз. МӘМС қаражаты есебінен жоғары технологиялық көмек көрсетіледі. Бұл жоғары технологияларды, көп ресурсты және емдеу мен диагностиканың бірегей әдістерін қажет етеді. Мұның бәріне көп қаражат керек. Осы қажеттілікті МӘМС өтеп беріп отыр дер едім.
Мемлекет басшысы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға түзетулерге қол қойғанын атап өткім келеді. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды кеңейту іс-шаралары енгізілді. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыс және төтенше деңгейлеріне байланысты, азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады. Ресми тіркелген жұмыссыз азаматтардың жарналары да жергілікті бюджет есебінен төленбек.
Қабылданған түзетулерге байланысты онкологиялық скрининг 2026 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне енгізіледі және міндетті медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азамат үшін тегін болады. 8 әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік болған жағдайларда да консультациялық-диагностикалық көмек тегін, ал бұрын 2 ауру (АИТВ, туберкулез) кезінде ғана көрсетілетін.
Келер жылдан бастап базалық міндетті медициналық сақтандыру пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулардың 12 тобына жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.
– Балалар мен жасөспірімдер арасында семіздік ауруы көбейіп барады. Бұл бағытта қандай іс-шаралар қабылдануда?
– Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Алматы қаласын Дамыту бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздік ауруын төмендету. 2024 жылдың қорытындысына сүйенсек, балалар арасындағы семіздік дерті 2023 жылғы 53,2-ден (100 мың балаға шаққанда) 64,9-ға дейін өскен. Халықтың, әсіресе балалар арасында семіздік ауруын азайту үшін салауатты және дұрыс тамақтануды жүкті әйелдерден бастау керек. Мамандар балалар мен жасөспірімдерді, сондай-ақ бала туатын жастағы әйелдерді жүйелі түрде медициналық тексеруден өткізуді қамтитын кешенді жұмыс жүргізуде. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек мамандары мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары жалпы білім беретін мектептердің мамандарымен бірлесіп, дұрыс және салауатты тамақтану бойынша ақпараттық науқан жүргізеді.
Мемлекет басшысы оқушыларды тегін тамақтандырудың сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырғаны да мәлім. Биылдан бастап еліміздің барлық білім беру мекемесі отандық және халықаралық ұсынымдар негізінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім министрлігі бірлесіп әзірлеген жаңа «Мектептегі тамақтану стандартын» іске асыруда.
коллаж: Нұрбосын Өрісұлы
– Медициналық қызмет сапасын бағалау үшін қандай көрсеткіштер қолданылады және оларды жақсарту бағытында не істелуде?
– Денсаулық сақтау жүйесі қызметінің негізгі көрсеткіштері – өмір сүру ұзақтығы, туу, жалпы өлім-жітім, ана мен нәресте өлімі және халықтың медициналық мекемелер көрсететін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі.
Қазіргі уақытта қала әкімдігі мен біздің басқарма Алматы қаласын Дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарының 30 негізгі ұлттық, 35 индикаторына мониторинг жүргізеді. Аталған стратегиялық бағдарламалардың тиімді, сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету үшін басқарма көрсеткіштердің орындалуына мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін бақылау мақсатында басқарманың бұйрығымен ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметінің негізгі көрсеткіштері бекітілді.
– Биыл елімізде тұңғыш рет «Омырау сүтінің жеке банкі» ашылды және ол біздің Алматыдан бастау алды. Алғашқы нәтиже қандай?
– Биыл Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және «Аяла» қайырымдылық қорының қолдауымен «Емшек сүтінің жеке банкі» атты Қазақстандағы бірінші жоба жүзеге асырылуда. Бұл әлеуметтік жоба жаңа туған нәрестелерді, соның ішінде шала туған сәбилерді және табиғи тамақтануды қажет ететін ауыр сырқатқа шалдыққандарды қолдауға бағытталған. Стационар жағдайында нәресте әртүрлі себептермен (мысалы, ауыр босану кезіндегі медициналық себептерге байланысты) анасын еме алмаса, мұндай банк таптырмас ресурсқа айналады. Сондай-ақ, реанимациядағы жаңа туған нәрестелерінен мәжбүрлі түрде бөлінген аналарға қолдау көрсету өте маңызды.
Жоба нәтижелері өте жақсы: некротикалық энтероколиттің дамуының 50%-ға төмендеуі, бұл емшек сүтін пайдаланудың арқасында шала туған нәрестелердегі асқынулардың азайғанын көрсетеді. Сонымен қатар, салмағы 500-999 грамм сәбилердің өмір сүру деңгейі 64,7%-ға дейін өсті, былтырғымен салыстырғанда 2,7%-ға артты. Бұл өте төмен салмақпен туған нәрестелерге күтім жасау дағдыларының жақсарғанын көрсетеді және жаңа туған балаларды күтудің заманауи стандартын енгізудің тиімділігін дәлелдейді.
Ана сүті банкін енгізудің тағы бір артықшылығы – парентеральды тамақтанудан энтеральды тамақтануға өтуге ықпал ететін емшек сүтін пайдалануды кеңейту мүмкіндігі. Бұл жұқпалы аурулар, метаболикалық бұзылулар және бауырдың зақымдануы сияқты парентеральды қоректік заттарды ұзақ уақыт қолданумен байланысты асқынулардың қаупін азайтады.
– Жасыратыны жоқ, халықтың дәрігерлерге көңілі толмай жататын сәттері аз емес. Сіз әріптестеріңізден бірінші кезекте нені талап етесіз?
– Торакальды хирург, кардиологияның инновациялық әдістерінің авторы Николай Амосов: «Медицина ғылымы үнемі өзгеріп отырады және дәрігерлер ең жақсы емдеуді қамтамасыз ету үшін соңғы жетістіктерден хабардар болуы керек. Олар үнемі оқып, үйреніп, дамып, жаңа технологиялар мен емдеу әдістерін және жаңа заманауи жабдықтарды менгеруі тиіс. Әрбір дәрігер жақсы білім алып, оны дұрыс пайдалануы керек», – деген екен. Дәрігер мамандығының ең маңызды қыры – науқастарға бар білімін жұмсай отырып, дер кезінде көмек көрсету. Бұл науқаспен, оның отбасымен және әріптестерімен шынайы адами қарым-қатынассыз мүмкін емес. Дәрігердің болмашы қателік жіберуге де құқығы жоқ. Сондықтан медицина ғылымының барлық қыр-сырын меңгеру өте маңызды.
Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШ.