5 Қазан – Мұғалімдер күні: ұлы миссия

5 Қазан – Мұғалімдер күні: ұлы миссия depositphotos.com

Қоғамның әлеуметтік, мәдени және рухани дамуы ең алдымен білім беру жүйесінің сапасына тәуелді екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, ұстаз тұлғасы – білім беру процесінің негізгі субъектісі әрі болашақ ұрпақтың интеллектуалдық, моральдық және рухани қалыптасуына ықпал ететін шешуші фактор. Ұстаздық қызмет тек ақпарат берумен немесе кәсіби білімді меңгертумен шектелмейді, ол – тұлғаның дүниетанымын, құндылық бағдарларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырумен тікелей байланысты күрделі әлеуметтік-педагогикалық құбылыс. Әрбір адамның өмір жолында бағыт-бағдар беріп, рухани нәр сыйлайтын тұлғалардың бірі – ұстаз.

Ұстаз – шәкірттің жүрегіне ізгілік дәнін себетін, санасына сәуле ұялататын, болашағына жол көрсететін шырақшы. Халық даналығында «Ұстазды қадірлеген елдің ұрпағы өнегелі болады» деген сөз бар. Өйткені, ұстаздық – адам жанын тәрбиелеуде, ой-сананы қалыптастыруда және арман-мақсатқа жетелеуші жолда ең биік әрі ең жауапты мамандық. Сондықтан ұстаз еңбегінің өлшемін санмен не уақытпен бағалау мүмкін емес, ол мәңгілік құндылыққа айналған ұлы миссия болып қала береді.

 

Мұрат Мұсаұлы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты - 

Өте талапшыл әрі білікті педагогтер еді

  Маған өте жақсы, білімді ұстаздардан тәлім алу бақыты бұйырды! Ең алдымен – ол менің Анам, Амантай Серікқызы. Қазақ тілі пәнінен ұстазым болды, өйткені мен орыс мектебінде оқыдым.

       Әліппені алғаш үйреткен ұстазым –Алефтина Андреевна. Ол менің алғашқы мұғалімім, өте талапшыл әрі мықты педагог еді! Сондай-ақ, ол кісі кезінде  Анамның да ұстазы болған. Маған осындай керемет мүмкіндік бұйырды. Алефтина Андреевна біліміме де, өміріме де берік негіз қалап берді. Сонымен қатар, Валентина Александровнаны атап өткім келеді. Ол – жоғарғы сыныптардағы сынып жетекшім, математика, алгебра және геометрия пәндерінің мұғалімі. Мені стратегиялық, кеңістіктік, шығармашылық және сараптамалық тұрғыда ойлануға үйретті. Осындай тамаша педагогтердің арқасында мектепті үздікке (медальмен) аяқтадым. Әрқашан ұстаздарымды мақтан тұтамын және олардың ең үздік әрі кәсіби мамандар болғанына сенімдімін!

   

 

Әлия БӨПЕЖАНОВА,  сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» және Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты -

 

Күні бүгінге дейін жаныма нәр береді

 

      Ұстаз деген сөз мен үшін ерекше қадірлі, қастерлі. Өйткені, Ұстаздар әулетіненмін. Бұл тақырыпта сөз қозғағанда, аздап өмірбаяндық деректерді айтуға тура келеді. Алғашқы ұстаздарым  ата-анам болды. Анам Жұмагүл Жазкенқызы бастауыш сыныпта оқытса, әкем Қаһарман Бөпежанұлы білім саласында басшылық қызметтер атқарды, мектепте сабақ  берді.

      Айнала жұрт анамды «Бибәтима» деп атаушы еді. Заманының білімді, бекзат қыздары Шолпан Ілиясқызы, Шекер Мұстафина, Манат Кәдірова, Хатша Әбілкеліні, Манат Төленді, сондай-ақ бүгінде көрнекті географ-ғалым Әлия Бейсенова, тағы басқалармен жақсы дос-құрбы болған, бастауыш сынып және тарих пәнінен сабақ беріп, сүйікті мұғалім атанған аяулы анам Жұмагүл – өзекті өртеген өкініш сол, ертерек дүние салды. Маған сәби кезімнен кітап оқып беретін, бес жасымда мектеп кітапханасына жаздырған анашымның мейірімге толы үні үнемі құлағымда...

      Әкем Қаһарман қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университетті үздік бітіріп, сонда оқытушылыққа қалдырылғанымен, ағасының халық жауы болып ұсталып кетуіне байланысты елге, Сарысуға оралып, саналы ғұмырын жас ұрпаққа терең білім мен саналы тәрбие беруге арнады. Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім, КСРО білім беру үздігі құрметті атақтарын алды, елге өте қадірлі, жан-жақты тұлға еді. Отбасымызда Кітап культ болды. «Жүз жақсы кітапты жақсылап оқыған адам академиялық білім алады» дейтін әкем балаларымен оқыған кітап туралы ғана емес, әр тақырыпқа емін-еркін сөйлесетін. Ал өзіме нағыз Ұстаз әкеммен үлкен дос, пікірлес, мұраттас болғаным күні бүгінге дейін жаныма нәр береді. 

       Біз он жылдық мектепті бітірдік, талай мұғалім сабақ берді, сынып жетекшісі болды. Әрқайсысының да еңбегі бар. Ал әдебиет пәнінің мұғалімі Ескермес Ескендіров, сынып жетекшім, математик Ұлжан Мұқашева, неміс тілінің мұғалімі Мария Штабель және музыка маманы Даниил Эйбовты ерекше құрмет тұттым. Мектеп қабырғасында жүріп жазуыма өзі де ақын Ескермес ағайдың көп әсері болды (Ескермес ағаның балалары Қанат, Рая, Абай Ескендірлер де шығармашылықта белгілі есімдер). Мақала, әңгімелерім аудандық, республикалық басылымдарда жарияланды.

       Қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Филология факультетіне түсуіме де әдебиетке деген қызығушылығым себеп. Ғылыми-әдеби, имани әлеуеті мықты ортада небір мықты ғалым-ұстаздар болды. Солардың ішінде қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әдебиеттанушы ғалым, сыншы, Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Мәметованың  дәрістерін тыңдадық. Әсіресе, үлкен рухани кеңістіктерге жол көрсеткен хас ғалым, әдебиет теоретигі Зәки Ахметов, көрнекті түркітанушы, руналық жазуларды бізге алғаш үйреткен Алтай Аманжолов, шетел әдебиетінің маманы Клавдия Кочетоваларды терең білімі мен білігі, биік мәдениеті, зиялылығы үшін шын ұстаз тұттым.  Мектепке тым ерте барғандықтан, институтты он тоғыз жасымда аяқтаған мен сол кездегі талап бойынша туған жеріме оралып, мектепте қазақ және орыс тіл-әдебиеттерінің мұғалімі болып қызмет еттім, жақсы тәжірибе алдым. Екі жылдан соң Алматыға оралып, ҚазМУ-дің аспирантурасына түстім. Ғылыми жетекшім көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы Ханғали Сүйіншәлиев болды. «Ұлтқа қызмет – мінезден» демекші, әдебиет тарихын зерттеудегі үлкен еңбегі өз алдына, ҚазМУ-дің Әдебиет кафедрасында ерекшеленіп тұратын бір ғажайып жан; жазуы, іргелі ғылымынан да,  көркем мінезінен де үлгі аларлық тұлға еді. Заманауи әдеби сынға келген сонау 80-жылдары алғашқы бейресми ұстаздарым сыншылар Төлеген Тоқбергенов, Мұрат Әуезов пен Сағат Әшімбаев болды. Ал сәл кейініректе уақыт идеялары тұрғысынан Зейнолла Серікқалиев, нығыз-тығыз жазу, стиль ұштау тұрғысынан, әрине, Асекең, Асқар Сүлейменов.

      Ұстаз болу, шыны керек, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Нағыз ұстаз жан-жүрегімен де, білім-білігімен де айналасын нұрландырып тұрады. Осындай ұстаздарымды еске алсам, оқысам, рухтары пейіште шалқығай! Жаным нұрланады, ойым ұшталады, енді бір есептен, жаңа білімге ұмтылдырады.

       Мен жасампаз білімді, мәдениетті адамдарды жақсы көремін. Білімді адам жаққан шам сияқты. Тәрбиесіз берілген білім қауіпті деген бар. Меніңше, жасампаз білімді адам тәрбиесіз, мәдениетсіз болуы мүмкін емес. Олар өзінің дүниеәуи «мені» үшін көзге ұрар алғы шепте жүрмейді.  Осынысымен де кім-кімнің де орнын анықтап береді.

      Бүгінде өздеріне «ұстаз» деп айдар тағып алғандар қатары көбейді. Ақыретпен қорқытатын, сөзі мен ісі қайшы діншілдер; бүкіл өмірін қалың көпшіліктің талқысына салып, өзінің де, өзгенің де жан-дүниесін жалаңаштап «емдеуді» бизнесіне айналдырған небір психолог-коучтар; қаптаған желілі маркетингтердегі – не сатып, не қойып жүргенін білмейтін бикештер; ақшасын жақсы  төлесе, бәлкім,  қарақшыға да барып ән салып беретін, бір парасы өмір-салттарын сатып, енді бір парасы миға сыймайтын алыпсатарлықпен байып және соны мәртебе көріп жүрген, ұлт мақтанышы Димаш айтқандай, өнерлерін тым асыра бағалаған шоу-бизнес өкілдері, тағы да басқа... Ондайларға қарайламау, әсіресе, жастарға, жеңіл жолға алданбау игі.

      Нағыз ұстаздар балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында алау-жалаусыз-ақ жауапты да, бәлкім, қайтарымы бірден көрінбейтін қызметтерін ақ-адал атқарып жүр. Дәстүрдің озығы мен пайдалы жаңаны үйлестіріп, Жаңа заманға сай білім игерген, заманауи болу талантын меңгерген мұғалімдер, ұстаздар қатары уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқанын көріп-танып қатты сүйсінемін.

      Мереке құтты болсын, Ұстаздар! Білім саласының барлық қызметкерлеріне Ұстаз болу бақытын, ол үшін үнемі ізденіс, жемісті еңбек, мықты денсаулық тілеймін! 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:20

12:12

12:04

11:26

11:13

11:05

11:01

10:52

10:51

10:40

10:25

10:20

10:09

09:38

09:20

09:09

09:00

20:01

19:23

18:33

18:29

18:29

17:55

17:46

17:38