«Дәстүр» деген желеудің арты неге апарды?
Қыз алып қашу — кейбір аймақтарда әлі күнге дейін «қазақтың ескі салты» деген желеумен әлі қалмай келе жатқан құбылыс. Алайда, бүгінгі қоғамда бұл әрекет өз еркінен тыс некеге мәжбүрлеу, зорлық, тіпті адам ұрлау ретінде қарастырылып отыр. Ең қауіптісі – бұл әрекеттің салт ретінде әлі де ақталып келе жатқандығы. Салт – қоғамның тарихи жады болғамен, ол адам құқығын таптауға себеп болмауы тиіс.
сурет: коллаж
Қыз алып қашу: өткені мен бүгіні
Тарихта қыз алып қашу түрлі формада болған: кей жағдайда екі жастың келісімімен, ата-анасы рұқсат етпеген жағдайда отбасы құрудың амалы ретінде қолданылған. Бірақ бүгінгі таңда алып қашудың басым бөлігі қыздың еркінсіз, мәжбүрлі түрде іске асады. Бұл — енді салт емес, қылмыс.
Қалыңдықты алып қашудың «пайдасы» кейбір ер-азаматтар үшін — қалың мал төлемеуде деседі. Алайда мұндай «пайда» әйел тағдырының есебінен келетінін естен шығаруға болмайды.
Қазақстан: Заң күшейді, бірақ сана өзгерді ме?
2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап, Қазақстанда қыз алып қашуға заңмен тыйым салынды. Некеге мәжбүрлеуге қатаң жаза қарастырылды. Бұрын біреуді ұрлап әкетіп, артынша өз еркімен жіберген адамға ешқандай жауапкершілік болмаған. Енді бұл олқылық түзетілді.
Заң не дейді?
Қызды алып қашып, некеге мәжбүрлеу — 2 000 АЕК (шамамен 7,8 млн теңге) айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу/айыру.
Егер әрекет:
- күш қолдану арқылы;
- кәмелетке толмағанға қатысты;
- топпен;
- қызмет бабын асыра пайдалану арқылы жасалса — 3–7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
Егер мәжбүрлеу ауыр зардаптарға әкелсе — 5 жылдан 10 жылға дейін жаза көзделеді.
ІІМ: «Бұрынғы олқылық жойылды»
ІІшкі істер министрлігі Aqshamnews.kz редакциясы жолдаған ресми сауалға берген жауабында былай дейді:
«Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескерту алынып тасталды. Бұған дейін ұрланған адамды ерікті түрде босатқан жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкін болған. Енді бұл мүмкіндік жойылды: жәбірленушіні босатқан күннің өзінде де кінәлі адам заң алдында жауап береді», – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ:
«125-1-бап бойынша жазалар — айыппұлдан бастап қоғамдық жұмыс, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе айыруға дейін қолданылады. Егер әрекет ауыр зардаптарға әкелсе немесе зорлық-зомбылықпен жасалса — 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді», – делінген ведомство жауабында.
Неге істер тоқтап қалады?
Қыз алып қашуға қатысты қылмыстық істердің 90 пайызы «екі жақтың келісімімен» жабылып қалады екен.
Дейтұрғанмен, кейінгі жылдары Қазақстан қоғамының қалыңдықты ұрлау арқылы некеге мәжбүрлеу дәстүріне көзқарасы осы күні теріс сипатқа ие бола бастады. Қазақстан қоғамдық даму институты өткен жылы зерттеу жүргізген. Ұйымның жүргізген сауалнамасына қатысқан респонденттердің 71,1%-ы ер адамдар тарапынан болатын мұндай әрекетті қолдамайтындарын білдірген. Алайда респонденттердің 26,2%-ы осындай жолмен отбасы құрғандар немесе бұған оң көзқарас танытатындардың қатарынан болып шықты.
Қыз келіспесе не болады?
"Алып қашу" құрбаны болған қалыңдықтардың көбі тағдырдың жазғаны деп бір көрген, тіпті, мүлде танымайтын ортаға барып, басына тағылған орамалға көндігіп, "жат жұрттық" атанғаннан бұрын жау қолында қалғандай болады. Себебі көп жағдайда қыз:
- Психологиялық қысым көреді;
- Ата-анасын масқараламау, "жұрт не дейді" сияқты ұғымдармен тұншықтырылады;
- «Босаға аттадың» деген түсінікпен таңдау құқығынан айырылады.
Мәжбүрлеу арқылы босаға аттаған қыздарын өзінің әке-шешесі де қабылдай қоймайды. Қызының тағдырынан бұрын ата-анасы елдің сөзі мен сынынан алдымен өз бастарын арашалауды бірінші орынға қояды. Осылайша, қыз өз болашағын емес, ұят пен ел сөзінен қорқып, еріксіз тұрмысқа шығады.
Сурет: ЖИ
Жаңа заң қалай пайда болды? Бастамашылар кімдер болды?
Қыз алып қашу проблемасына қоғам назарын аударып, заңнамаға нақты өзгеріс енгізу қажеттігін алғаш көтергендердің бірі – заңгер, адвокат, қазіргі Мәжіліс депутаты Абзал Құспан болды. Ол бұған дейін де отбасылық зорлық-зомбылық пен әйел құқығы мәселесін бірнеше рет көтеріп, қыз алып қашу оқиғаларына құқықтық баға беру тетіктерінің әлсіздігін сынға алған еді.
2025 жылғы 28 мамырда Мәжілістегі жалпы отырыс кезінде бұл мәселе Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың тікелей қатысуымен талқылан еді. Сол кезде Мәжіліс спикері Е.Қошанов ресми деректерге сүйене отырып:
«Соңғы 5 жылда елімізде 256 қыз алып қашу фактісі тіркелген. Бірақ соның тек бесеуі ғана сотқа жеткен. Бұл – заңнаманың кемшілігі мен құқық қорғау жүйесіндегі салғырттықтың салдары», – деп атап өтті.
Мәжіліс төрағасы бұл деректерді жай ғана статистика ретінде емес, елдегі құқықтық мәдениеттің дабылы ретінде қарау керек екенін ескертті. Ол сондай-ақ:
- Қазақстанда бұл әрекетке нақты жаза тағайындау уақыт талабы екенін,
- Ал көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан секілді елдерде қыз алып қашу қылмыс ретінде қарастырылатынын,
- Қазақстанның да осы елдердің қатарына қосылып, заңнаманы нақтылауы тиіс екенін баса айтты.
Басқа елдер бұл бағытта не істеп жатыр?
Қырғызстан
- Адам ұрлау (172-бап) – 5–7 жыл, ал бала ұрласа – 7–10 жыл.
- Мәжбүрлеу және неке кедергілері үшін – 3–5 жыл түрме немесе айыппұл.
Өзбекстан
- Қызды мәжбүрлі түрде некеге тұрғызу – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 25 АЕК-ке дейін айыппұл.
Түрікменстан
- Әйелді алып қашу – 2 жылға дейін түрме немесе 30–70 АЕК айыппұл.
Ресей (Солтүстік Кавказда қолданылады)
- Адам ұрлау – максимум 2 жыл темір торға тоғытылады.
Оңтүстік Африка
- Қызды алып қашу – 5 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыру.
Эфиопия
- Қалыңдық ұрлаған адам – 5–15 жылға дейін түрмеге қамалады.
Африка елдерінің өзі бұл мәселеде қатаңдау. Қазақстанның заңнамасы енді күшейді, заңның қалай әрекет ететінін уақыт көрсетеді.
«Салт пен заңды шатастырмау керек» – депутат Абзал Құспан
Заңға енгізілген жаңа түзетулерге бастамашы болған депутат Абзал Құспан қыз алып қашуға толықтай тыйым салынбайтынын, бірақ мәжбүрлі түрде орын алған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын заң күшіне енгенге дейін нақты айтқан еді:
«Дәстүрімізде бар, өзара таныс-біліс, өзара келісіммен алып қашуға бұл заңның қатысы жоқ. Бұл жерде қыздың өз еркінен тыс, мәжбүрлеп, тіпті күш қолданып, алып қашуға қатысты мәселе қозғалып отыр.
Осы орайда, заңның мақсаты — дәстүрлі некені шектеу емес, әйелдердің бостандығы мен еркін таңдау құқығын қорғау екенін ұмытпаған жөн.
Қоғам не дейді?
Кейбір қауым өкілдері қыз алып қашуды әлі де "қазақы мінез", "жігіттің батылдығы" деп қабылдайды. Бірақ бұл — қыз баланың құқығын аяққа таптау, әйелге қарсы зорлықтың заңдастырылған түрі.
Келін боп барған қыздың бағы ашылып, бақытты болып кетті деген мысалдар қазір сирек ұшырасады. Көбіне ондай отбасылар зорлық-зомбылықпен, қысыммен, махаббатсыз өмір сүреді. Оның соңы ажырасу, өзіне қол жұмсау, тіпті өлімге дейін апаратыны туралы мәліметтер аз емес.
Заңнан бұрын сана өзгеруі мүмкін
Қыз алып қашу – дәстүр емес, адам құқығын бұзу. Салтты сақтау деген — әйелді еркінен айыру емес. Қыздың өмірі, денсаулығы, таңдауы – ол мемлекеттің, қоғамның, әр адамның жауапкершілігі.
Жаңа заң – маңызды қадам. Бірақ егер бүкіл ауыл, үлкендер, тіпті қыздың ата-анасы "ұят боладымен" жаба салса, ешқандай заң көмектеспейді.