Шет жерде жүрген қазақ жастары көп. Бірі білім қуып, оқу оқып жүр, екіншісі – тіршілік қамымен күнкөріс іздеп күнелтіп, ақша тауып жүр. Шекара асып бөтен елде жүрген адамның жүрген жерінен сіңірген жақсылы-жаман әдеті, үйренгені, өз елімен салыстырып түйген ойы болары анық.
Түркияның Анкара қаласында орналасқан Хаджеттепе университетінде медициналық құқық саласында докторантура оқып жатқан Сандыбаева Гүлмира Еділқызы білім алуға Түркияны таңдаған себебім басқа елдің білім беру жүйесін көру, жаңа тәжірибе жинау, сонымен қатар шетелдің мәдениеті мен халқын жақынырақ тану дейді.
«Бала күнімізде көбіміздің арманымыз ғарышкер болу еді ғой. Мен де кішкентайымда сол арманға берілгенмін. Бірақ менің балалық шағымның ең ерекше бөлігі – әжемнің қасында өтуі. Әжеммен бірге отырып терме, айтыс тыңдап, әдеби шығармаларды оқып өстім. Сол әже мектебінің тәрбиесі менің ой-өрісіме, дүниетанымыма жақсы жағынан әсер етті.
Бұдан бөлек, бала кезімнен сурет салуға құштар болдым. Кейін өсе келе ол әдетімді сиреткеніммен, шығармашылыққа деген әуестігім әлі де басылмапты. Қазір бос уақытымда сурет салып, әдемі көріністерді суретке немесе видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісуді жақсы көремін. Бұл мен үшін өзімнің шығармашылық қырымды ұштаудың бір жолы десем болады.
Мектепті Ақтау қаласында бітірген соң, Астанадағы КАЗГЮУ (қазіргі МНУ) университетіне түсіп оқыдым, кейін магистратураны да осы шаңырақтан тәмамдадым. Қызыққа толы студенттік шағым осы қалада өтті.»
Мамандық таңдау деген адам өміріндегі маңызды сәтке де кейде біреудің немесе бір жағдайдың ықпалы болып жатады. Гүлмираның медициналық құқықты таңдауына теледидардан көрген жаңалық түрткі болыпты.
«10-сынып оқып жүргенде ұстаздарымыз: «Енді болашақ мамандықтарыңды ойлана бастаңдар, алдарыңда ҰБТ бар, одан кейін үлкен өмірге қадам басасыңдар» деп жиі айтатын. Сол кезеңде жаңалықтан халықтың белгілі бір мәселеге наразылығын көргенім есімде. Кейін ол мәселенің Мәжілісте талқыланып, шешім қабылдануға ұсынылғанын байқадым. Осы сәтте өзіме: «Мен де халықтың жағдайын жақсарту үшін не істей аламын?» деген сұрақ қойдым. Сол ой мені құқық саласына жетеледі. Себебі құқық мамандығы арқылы адамдардың құқығы мен мүддесін қорғауға, қоғамға пайда тигізуге болатынын түсіндім.
Таңдаған мамандығымның маған ұнайтын тұстары көп. Ең әуелі, құқық саласы үнемі ізденісті, жаңашылдықты талап етеді. Бұл өз кезегінде креативті ойлауға, білімді тереңдетуге және үнемі дамуға жетелейді. Сонымен қатар, бұл мамандықтың ең басты құндылығы – адамдарға тигізетін пайдасы мен қоғамға қосатын үлесі. Құқықтық сауатты болу арқылы әділеттілікке жол ашуға, халықтың құқығы мен мүддесін қорғауға, ел дамуына өз үлесіңді қосуға болады.»
Гүлмира медициналық құқық саласында білім алып жүрсе де, Түркия мемлекеті мен еліміздің арасын жалғап, Анкараға келген қазақстандықтарға аудармашы болып қызмет етіп жүр. Бұдан бұрын жазған Анкараға барған сапарымызда TİKA тарапынан бізге бөлінген аудармашы осы жерлесіміз еді.
«Түркияға келген соң ең алдымен түрік тілін меңгеруге көңіл бөлдім. Кейін докторантурамды бастап, оқу процесіне толық кірістім. Түркияның докторантура жүйесінде PhD кандидат атағын алу үшін мемлекеттік емтиханнан өту шарт, мен де оны сәтті тапсырған соң диссертациямның тақырыбын белгілеп, медициналық құқық бойынша зерттеуді бастадым. Диссертацияға қажетті ақпаратты жинау барысында маған Қазақстаннан келген дәрігерлерге көмек көрсету ұсынылды. Олар Анкарадағы бір ауруханаға екі апталық тағылымдамаға келген болатын. Өзімнің диссертацияма қатысты болған соң, сол арқылы жалпы бұл жақтағы халыққа көрсетілетін медициналық қызметті тікелей көру мүмкіндік туды. Бұл мен үшін алғашқы аударма тәжірибесі, сонымен қатар медицина саласында диссертация жазып жатқаныма байланысты өте пайдалы болды. Сол арқылы өзім үшін маңызды ақпаратты меңгеріп қана қоймай, елден келген мамандарға да көмектестім. Кейін де Қазақстаннан келген әріптестеріме диссертацияма қатысты немесе құқық саласындағы басқа да тақырыптарды аударуда қолдау көрсетіп келемін. Бұл маған өз нетворкинг алаңымды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тәжірибе алмасудың және елмен байланыс ұстап тұрудың тиімді жолына айналды. Негізі докторантураға Түркия Бурслары бағдарламасы арқылы келген болатынмын, бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Түркияда оқу барысында тек түрік әлемімен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен де танысуға мүмкіндік алдым. Шетел азаматтарымен араласа отырып, олардың мәдениетін, дәстүрін және тұрмысын жақынырақ таныдым. Қазақстандық студент-докторант ретінде осындай байланыстар орнату мен үшін тек естелік қана емес, болашақта халықаралық ынтымақтастық пен жаңа мүмкіндіктердің қақпасын ашатын көпірге айналды.
Сонымен қатар, оқу барысында түрік дүниесі тақырыптарында мақалалар жазып, халықаралық конференцияларға қатысуға тырыстым. Бұл жолдағы ең қызықты әрі құнды тәжірибелердің бірі – Түркия Бурслары ұсынған тәжірибе алу бағдарламасы болды. Ол маған академиялық білімді тек жинақтап қана қоймай, оны практикада қолдануға, теориялық білімімді нақты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді», - дейді Анкарадағы қазақ қызы.
Бөтен елде жүрген адам ең алдымен барған жерінің дағдыларын меңгереді, жақсысын үйренеді, осы арқылы бейтаныс ортаға сіңе бастайды, сол қоғамға бейімделеді. Кейіпкеріміз Түркияда оқу көзқарасымды кеңейтуге үлкен мүмкіндік мектебі болды дейді.
«Түркиядан, жалпы түрік халқынан үйренгенім көп болды. Меніңше, басқа елдің мәдениетін, тілін, дағдыларын тану әр адамға пайдалы. Себебі әлемді тану арқылы өзіңді де танисың. Бұл елде оқу тек білімімді арттырып қана қоймай, өмірлік сабақ алуыма да мүмкіндік берді. Тілдік дағдыларым да айтарлықтай дамыды. Түрік тілін күнделікті өмірде қолданып, адамдармен қарым-қатынас орнату арқылы бұл елдің мәдениетін тереңірек түсіндім. Түріктердің қонақжайлығы, бір-біріне деген сыйластықтары өте жақсы. Сонымен қатар, бұл жерде жаңа ортаға бейімделу, өз пікірімді ашық айту, адамдармен қарым-қатынас орнату дағдыларымды одан әрі дамыттым. Күтпеген жағдайлардан қалай шығу керегін де үйрендім. Түрік жазушысы Ибрагим Калынның бір кітабында: «Әр мүмкіндік — сынақ, әр сынақ — мүмкіндік» деп жазылған. Осы ой мен үшін Түркияда өзекті болды және өмірлік ұстанымыма айналды. Түркия мен үшін тек білім алу орны ғана емес, өзімді дамыту, жаңа тәжірибе жинау және өмірлік көзқарасымды кеңейту мектебі деп айта аламын.»
Шет жерде жүргенде кез келген жағдайды өз еліңмен салыстыра қарайтының анық, біздің кейіпкеріміз де осы салыстыру арқылы өз қандастарының мейірімділігін бұрынғыдан да жақсы түсініп, бағалай түскен.
«Қаласақ та, қаламасақ та, біздің бойымызда салыстыру қасиеті бар. Әр барған жерде: «Бұл ел несімен ерекшеленеді, халқының көңіл-күйі қалай, өмір сүру деңгейі қандай?» деген сұрақтар туындайды. Әдетте, бұл сұрақтарға жергілікті халықпен сөйлесу арқылы жауап табуға болады. Әрине, екі елдің өзара ұқсастықтары бар, бірақ айырмашылықтары да айқын көрінеді. Мысалы, Қазақстанда отбасылық ынтымақ жақсырақ сақталған, адамдар бір-біріне жылы қарым-қатынас танытады және қонақжайлыққа мән береді. Ал Түркияда адамдар күнделікті өмірде өте ашық, көпшілігі бір-бірімен тікелей сөйлеседі, бірақ отбасылық дәстүрлер кейде әлсіздеу көрінеді. Тағы бір айырмашылық қоғамдық өмірінен анық байқалады: Түркияда көшеде, кафелерде өмір белсенді өрбиді, ал Қазақстандағы кейбір қалаларда тыныштық көзге ұрады. Осындай салыстырулар арқылы мен өз елімнің табиғатының әсемдігін, дәстүрінің байлығын және адамдардың мейірімділігін бұрынғыдан да жақсы түсіндім.
Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, қазақ қызы инабатты, ізеттілігімен көзге түседі, қазіргі бойжеткендерде жауапкершілік те басым көрінеді. Шет жерде білімін жетілдіріп жүрген Гүлмираның да парасаттылығы мен тәрбиелігі байқалады.
«Қазақ қыздары өздерінің өжеттігімен, ақылдылығымен, инабаттылығымен, ізеттілігімен, сұлулығымен ерекшеленеді. Қазіргі қазақ қыздары білімге құштар, өзін-өзі дамытуды қолға алған, сол арқылы олар өздерін жақсы жағынан дамытып, жауапкершілігімен тәуелсіздікке ұмтылады. Өзіме де, сіңлілеріме де айтарым: ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып заманауи бағытта дамуымызды жалғастыруымыз керек. Бұл тек жеке қыздарға ғана емес, қоғамның екінші жартысы – ер азаматтарға да қатысты. Біз өз мәдениетімізді құрметтей отырып, заманауи өмірдің талаптарына сай болуды үйренуіміз қажет. Білімге құштарлық, өзін-өзі дамытуға ұмтылыс, тәуелсіздік пен жауапкершілік қазіргі қазақ жастарына қажет қасиеттердің бастысы деп білемін», деген ойын айтты Гүлмира Еділқызы.
Қазіргі қазақ баласы білімге құштар, реті келсе шетелдік оқу орнын таңдайтындар да жеткілікті. Осы орайда өзге елден білім алуды көздейтін жастарға да қазақ қызының өз айтары бар:
«Шетелде білім алғысы келетін жастарға айтарым, ең бастысы - батыл қадам жасаудан қорықпау. Бакалавр кезеңінде жастар «губка» сияқты кез келген жаңа ақпаратты тез қабылдап, өз қабілеттерін шыңдай алады. Шетелдік білім тек кәсіби біліктілікті ғана емес, сонымен қатар жаңа ортаға бейімделу, басқа мәдениет пен ой-пікірді түсіну сияқты өмірлік дағдыларды береді. Әрине, бұл жолда тілдік кедергілер, жаңа ортаға үйрену, күнделікті тұрмыстық мәселелер сияқты қиындықтар да болады. Бірақ осындай сәттерде шыдамдылық пен белсенділік арқылы оларды жеңуге болады. Сонымен қатар, шетелде жүргенде өз тамырыңды ұмытпау өте маңызды. Білім алу барысында өз елің мен мәдениетіңді есте сақтау және дұрыс таңдау жасау маңызды. Бұл тек кәсіби дамуға ғана емес, жеке тұлға болып қалыптасуға да көмектеседі».
Шетелде білім алған жастың көбі елге қайтқысы келмейтіні де жасырын емес. Мемлекеттік бағдарламамен оқығандар ғана амалсыз елге оралып жатқан жағдайлар да баршылық. Ал Гүлмира болса жинаған тәжірибем мен білімім тек елімнің кәдесіне ассын деген мақсаты бар екенін айтты:
«Мен үшін білім, шығармашылық, тәжірибе және ұлттық құндылықтарды сақтау – өмірімнің басты тірегіне айналды. Түркияда оқу, шетелдік тәжірибе жинау арқылы мен өзімді кәсіби және жеке тұлға ретінде дамытып келемін, және де әртүрлі мәдениеттерді танып, халықаралық байланыстар құруға мүмкіндік алдым. Сол арқылы өз елім мен мәдениетімнің құндылығын тереңірек түсіндім. Алдағы уақытта осы білім мен тәжірибемді еліміздің дамуына, кәсіби жолымды жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағыттау ниетіндемін».
Қазақстан мен Түркияның арасына өз білімімен дәнекер болып жүрген қаршадай қазақ қызына қанатың талмасын, жолың даңғыл болсын деген тілек қостық.