Тәрбие тал бесіктен дариды.
Ертеректе ата-бабаларымыз «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп өнегелі өсиет еткен. Ұлы даланың қарыс қадам жерін білектің күші, найзаның ұшымен қорғап бізге мирас етіп қалдырды. Ендеше қазақтың «Бала белде, әйел жолда» дейтін осы бір сөзінің тамыры тым тереңде ғой деп ойлаймыз. «Отан от басынан басталады» деп бекер айтпаса керек. Жалпы, қазақ өзінің әр баласына сынай қараған. Осының нәтижесінде Тұран даланы ат тұяғымен дүбірлеткен ата-бабаларымыз отбасы тәрбиесіне ерекше ықыласпен көңіл бөлгенін тарихтан білеміз.
Бастауын Ғұн мен Сақтан, Түркі мен Қыпшақтан алатын біздің тарихымыз ерлермен жасалып, құрыштай құйылып, біртұтас ел болып ғұмыр кешкен. Алтын асықтай ерлеріміздің арқасында, Алтайдан Батыс Еуропаға дейін, мына шеті Үнді-Қытай түбегі Мысыр, бәрі де біздің бабаларымыздың жүріп билік еткен жерлері. Біз бір ғана тарихтың бөлігін айта кетуді жөн санадық. Себебі тарихқа бармай, бүгінгіні айту әбестік болар. Қазақ халқы ғасырлар бойы ер-азамат аман болсын, "ер - елдің қорғаны" деп бекер айтпаса керек. Жаугершілік заманда ер-азаматтардың бірінен кейін бірі ұрысқа кетіп, кейбір үйдің түтіні сол күйі тұтанбады. Сондықтан да, болар "он үште отау иесі" деп ер баланы отаудың егесі санаған. Әкесі мен ағалары майданда от пен оқтың ортасынан аман келер, бәлкім, сонда жүріп елі үшін шейіт болар, бірақ артына бас қылып ер баланы қалдырып отырған екен. Қазақтың бала тәрбиелеу ұғымы да ерекше. Үлкенді сыйлау, ер адамның алдын кеспеу, барлығы бұрыннан келе жатқан қазақы тәрбиенің арқасы. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен, үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деп бекер айтпаса керек-ті. Он үш жасында отауға еге болған ұл өсе келе аттың жалында ойнап, тақымы бекіп, жар іздеп, жауға шауып, ел-жұрттан алшақ кетіп, өз бетінше қам қылып, түбі әке-шешенің ақ батасын алып, үлкен өмірге қадам басқан. Дәл осы ізгі жолды өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге етіп үйрете білген. Керек болса, шаршы топта қамықпай додаға кіріп, елді аузына қаратқан шешен-билер, ақын-жыршылар - барлығы да біздің топырақтың түлегі демекпін. Әкені құрмет тұтқан, үлкенді сыйлаған, үлкендері де осы құрметке лайық бола білген. Халқымыз ер адамдарды құрметтеп, қадіріне жеткен. Ер адамның бауырмалдығы туралы айта кетуді жөн санадық.
Бұрынғы өткен заманда бір елдің патшасы мен уәзірі болыпты. Ағасы патша, інісі уәзір болған көрінеді. Екеуі бір-біріне бауырмал, ісі мен сөзі үнемі бір жерден шығып, елі айрандай ұйып отырады. Күндердің күнінде араларында әйелдерінің әсерінен дау шығып, бір-бірімен қатынасын үзеді. Ағасы жиын істесе, інісі қатыспайды, інісі жиналыс қылса, ағасы келмейді. Оқиғаның артын күттірмей, інісі хан ордасына елші жіберіп, кешірім сұрасын деп айтып жібереді. Бұны естіген ағасы ашуланып елшіні қуып жібереді. Екінші мәрте келгенінде: "Енді келер болсаң, сен елшінің басын қамалдың басына іліп қоямын", - деп қайтарады. Бар жайтты інісіне елші баян етеді. Сонда інісі елшінің қолына бір ауыз сөз жазылған хатты беріп: "Үн-түн деместен патшаның қолына ұстат", – дейді. Хатты оқыған хан еріксіз көңілі босап, есік алдында тұрған інісін құшақтап, кешірім сұрайды. Ол хатта: «Кімде-кім бірінші болып кешірім сұраса, соның табаны жұмаққа бірінші тиеді», – деген екен.
Бүгінде қазақ қызының қадірі қаншалықты өз деңгейінде? Бұрынғы аналарымыздың ақ жаулығының қасиетіне жетіп жүрміз бе? Қызды қырық үйден тию, қыз бала - болашақ ана деп әспеттеп, оны оң босағада ұстау, бәрі келешек бір елдің ханымы болады деген ниетпен жасалатын ырым-тиымдар болса керек. Халқымыз, әсіресе, әйел адамды үйдің ұйытқысы есебінде көріп, әр шаңырақтың шайқалмай, мызғымай берік тұруына ықпал болады деп есептеген. Заманына қарай әйелі демекпіз. Жаңа сөз басында бұрынғылар жайлы сөз қозғап үнемі ұйытқы, бірлік сақтаушы оттың егесі, аяулы ана деп әспеттеп, жік-жікке бөліп қарастырдық. Енді, өздеріңіз ойлаңыздаршы, осы күнгілер сол бұрынғылардың ізімен жүріп, ауасын жұтпаса да, сәл кейбір мұсылман халықтары іспетті өз дәстүр-салтын сақтап, ұрпақ ізгілігі жолында барынша жанын салып жүр ме? Иә, қазір бізде мынадай бір жеңіл сылтау шыққан. Барлығын күнделікті күнкөріске жаба саламыз. Ол, әрине, «сананы тұрмыс билейді» деген ұғымның аясындағы ой. Дұрыс-ақ, ақша таппасақ, аш қалатынымыз бар, сонда біз күндіз-түні әжетімізді өтеу үшін жұмыс істейміз бе, әлде қалай? Ол уақытта да жаугершілік заман болған, соғыста шейіт кеткен ер-азаматтарынан айырылып қара жамылса да, отбасының түтінін өшірмей, түзу шығуына, балаларына бас болуға өмір-бақи еңбек жасайтын. Әйел теңдігі дегенді қалай түсініп жүрміз? Еуропадан бастау алып, кешегі Ленин құрған өкіметтің тұсында XX ғасыр әйелдерін барынша көтермеледі. Бірақ, анти-мұсылмандық бағытта болды емес пе? Әйелдерге тең құқық беру - олар, тіптен, ер азаматтан да артық деген жалған, әсіресе, түркі жұртының берекесін қашыру мақсатта жасалған жымысқы саясат еді. Осы қарқын бүгінде өршіп, ер-азаматтан артық дейтін ұстаным лаулап тұр. Біз бұл сөзімізбен көпке топырақ шашқымыз келмейді. Бірақ көзге ұрып тұрған шындық осы. Бәлкім, бір замандар өтіп, бұл да түзелер, түзелгенді көз көрер.
Бала жас шыбық секілді... Қазақ қашанда ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар салып қараған. Бұрынғы билер «Қарағайдың қырық бұтағы болса да, біреуі ғана саптаяқ, қалғаны итаяқ болады» – деп айтқан екен. Һәкім Абай айтпақшы, «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Бүгінде баланы ең әуелі ақыл мен ғылымға, жақсы мен жаманның не екенін үйретіп өсірудеміз бе? Олар ақылды, бәрін өздері біледі, өз-өзіне жағдай жасай алады дейді. "Егер сіз ағаш егіп, оны қараусыз, жан-жағын қопсытпай, түбіне су құймай өсірсеңіз, ол бей-берекет қисық, дым жеміс салмайтын, айналасына арам шөп қаптаған, түбінде мәуелі бәйтерекке айналмасы хақ" деп ұлт зиялылары дабыл қақса да, баяғы жартас сол жартас қалпында. Бүгінде біз балаларымызды барынша ақылды, жұрттан озған білгір етіп өсіруге талпынудамыз. Түрлі физика-математикалық, арифметикалық, компьютерлік техникаға бейім етудеміз. Ағылшын, француз, қисыны қиын қытай, жапон иероглифтеріне де үйретіп жатырмыз. "Бизнеспен айналыс, қаржыны күреп тап, сонда ғана сені бәрі сыйлайтын болады, тек өзің жетіл, тек өзіңнің көптің алдына шығуды көксе" деп қоямыз. Хош! Солай болсын-ақ. Дегенмен де бұрынғы тәрбие бойынша "Балам, ешуақытта біреудің ала жібін аттама, өтірік-өсекке құмартушы болма, оң көзің сол көзіңе қарауыл болсын, үлкенді сыйла, кішіге ізет еткін" дейтін тәрбие қайда қалды? Қыз бала болса, қыздың болашақ ана екенін ескерту, ақ босағаны адал аттау, тіпті бей-берекет, жөн-жосықсыз күлмеу сынды қағидаларды құлағына сіңіріп өсірген. Бойжеткеннің өз үйіне қонақ екенін де ұмыттырмай үнемі есіне салып отырған. Абыройына нұқсан келмес үшін де қыз бала ата-анасының қадірін кетірмеуді ойлаған. Ұлт зиялысы А.Байтұрсынұлы айтқандай, «Балаңды ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы». Бүгінде біз жоғарыда айтқанымыздай отбасы, одан ұлт, бертін келе ел бұзылмасын десеңіз, бұрынғы қазақы тәрбиені қайта балалардың санасына құя берген жөн. Бұрында бір пенде жас күнінде "мен әлемді өзгертемін" депті, одан түк шықпапты, онан кейін "мен қоғамды өзгертемін" дейді, өмірінің соңында өзінің отбасының өзгеріп бара жатқанын байқайды. Соңында ой келіп, "Еее, мен ең әуелі өзімді өзгертуім керек екен ғой" депті. Біз тізгінді осы жерден тарттық. Түпкі ойымыз әркім өз функциясын дұрыс атқарса, бәрі оңды болады демекпіз. Ата-ана өзінің перзентіне адал иманды бол деп тәрбие етсе, бала келешекте тіпті он жерден жетесі нашар деген күннің өзінде ақыры әке-шешенің дұрыс айтқанын түбі ұғар. Әр халықтың өзіне тән менталитеті, тәлім-тәрбиесі бар болса, біздің ұлтымыздың да алтын діңгекті түп-қазығы бар. Заман қазір бөркін анда да, мұнда да лақтырып тұр, дегенмен бұл да өткінші.
Ендеше, өткіншіден өкінішке бой алдырмай аман-есен өту үшін, бізге бала тәрбиесінде ұлттық код керек, ағайын!