Ұлттық қор балаларға жобасының іске қосылғаны сол-ақ екен, Egov жүйесінде кінәрат шықты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.
Бұған дейін порталға жеткіншектердің аты-жөні автоматты түрде көрсетіледі, деп еді. Алайда отбасылардың деректерінде қателік көп. Тіпті бөтен баланың есімі тіркелген жанұя да кездеседі. Әлбетте бұл көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып отыр. IT мамандар болса, ақша бар жерде қашанда қауіп болатынын ескертеді.
Айсұлу 2 баланың анасы. Тұңғышы - 7, кенжесі - 3 жаста. Яғни ұлттық қор балаларға жобасына қатысы бар отбасылардың бірі. Бағдарлама бірінші қаңтардан бастап іске қосылғанын естіген соң, жеткіншектерінің аты-жөнін Egov порталынан тексерген екен.
"Қызығы менің үлкен баламның аты жөні Egov-та жоқ болып шықты. Тек бір баламдікі тұр. Неге олай болғанын өзім де білмеймін. Мұндай қателіктер ақпараттық жүйеде көп кездеседі. Мысалы дамумед қосымшасында менің атыма 2 емес, 3 бала жазылған. Яғни менің қызым бар деп көрсетілген. Ол қыз бала Көкшетау тұрғыны екен. Маған күнделікті оның қандай ем-дом алып жүргені жайлы ақпарат келеді. Ата-анасы тексермей ме деп таңғаламын. Өзім қайда барып шағымдану керектігін білмеймін", - дейді 2 баланың анасы Айсұлу Шахметова.
Деректерде қателіктердің болып жатқанын Электронды үкімет басшылығы да мойындап отыр. Сондықтан Egov қосымшасының жаңа нұсқасын орнатуға кеңес береді.
"Цифрлық құжаттар туралы бөліміне кіріп, ақпаратты тексерулеріңізді сұраймыз. Егер ақпарат жалған немесе болмаған жағдайда туу туралы ақпаратты өзектендіру қызметін пайдалануыңызға болады. Онда қажет мағлұматтарды толтырып, тууды растайтын құжатты бекітуіңіз қажет. Тапсырыс АХАЖ бөлімінің қызметкерлерімен 2-5 күн аралығында өңделетін болады", - дейді Электрондық үкімет департаментінің директоры Әди Оразов.
Жалпы Egov-та мұндай қателіктің болып тұратыны жасырын емес. Мәселен елді дүрліктірген 42 500 теңгені алуға өтініш бергенде де сервердің ақпаратты өңдеуге қауқары жетпеді. Сол кезде Үкімет мұны кибер-шабуылмен байланыстыруға тырысып бақты. Енді Ұлттық қор жобасы қосылды. Бірақ мұнда да кінарат шықты. ІТ мамандар серверді жөндеуге немесе цифрлық жүйенің мінсіз жұмыс істеуіне ешкім мүдделі емес, дейді. Немесе әдейі кедергі келтіретін пайдакүнемдер болуы мүмкін деген де жорамал бар.
"Үлкен ақша бар жерде үлкен қауіп бар. Енді осы ең бастысы ақша ұрламаудың басы 100 пайыз цифравизация. Ал біз қазір 4 жыл болды 5-6 жыл болды әлі күнге дейін көрмей келе жатырмыз. Мысалы сол цифравизацияны 2-3 айдың ішінде екінші деңгейлі банктің көмегімен 100 пайыз орындауға болады. Ертең кім кепілдік береді. Соның ішінде мысалға өлі емес, тірі азаматтар бар ма. Ешкім оны тексере алмайды қазір. Ал оны ертең ешкім тексермесе, сол азаматтардың ЭЦП-сы мен сол ақшаны аударып, ұрлау 100 пайыз гарантия. Өте керемет мүмкіндік", - дейді Халықаралық IT маманы Олжас Әбішев.
Ұлттық қор балаларға төлемнің қосылғаны кеше ғана еді. Әлден олқылық шығып, көпшілікке күдік ұялатты. "Ертең балам 18-ге толғанда Тоқаевтың бастамасымен құрылған қордан ақша алады" деген отбасылардың сеніміне селкеу түсірді. Жауаптылар болса, деректерден қате кетсе де, әр бала өзіне тиесіліні алады деп сендіріп отыр.